АЛУҒА БОЛАТЫН АСУ

Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен брифингтің кезекті қонағы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы Мақсат Мұқанов болды.
Биылғы Жолдау төңірегінде ой қорытқан институт басшысы оның ерекшеліктеріне маңыз берді. «Алға қойған міндеттердің бірегейі ретінде Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына ілігуін айтуға болады. Бұған қол жеткізуге бізде толық негіз бар. Атап айтқанда, еліміз түрлі салалардағы белестерді бағындырды. Халықаралық сахнада Қазақстан өзін ынтымақтастықтың ұйытқысы ретінде көрсетіп, ашық диалогқа дайын екенін байқатты. Сондықтан, осы жағдайдың барлығы дамыған 30 елдің қатарына қосылу секілді жаһандық міндетті орындауға мүмкіндік береді» деді Мақсат Мұқанов.

Брифингке қатынасушылар Жолдаудың экономикамен қатар, әлеуметтік салаға да негізделгенін, яғни, барлық көрсеткіштер халықтың әлеуметтік әл-ауқатын, еліміздегі өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын сөз етті. Айтуларынша, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсарту мен еліміздегі сапа стандарттарын арттыру үшін барлық жағдай жасалған. Демографиялық жағдайдың тұрақтылығы, халықтың сауаттылығы, қазақстандықтардың білім мен ғылымға құштарлығы – соған дәлел.
– Экономикалық жаңарту әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат етіп отырған Қазақстан үшін негізгі басымдық болмақ. Экономикалық жаңару өндіріс өнімділігінің өсуі, кәсіпкерліктің дамуы, ғылыми қамтымды экономиканың жаңа моделін қалыптастыру үшін инновациялар енгізу сияқты маңызды қағидаттарға негізделеді, – деді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы.
Журналистер брифинг қонақтарына елдің қаржылық жағдайы, алынып жатқан шаралар турасында да сауалдар қойып, толымды жауаптар алды.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз