Жарнама
Саясат

ЖҰМЫС ІЗДЕСЕҢ, ЖӘРМЕҢКЕГЕ КЕЛ!

 

Теңіз мұнай-газ кешеніндегі «Ариадна», «Денхолм Жолдас», «Саян», «Сенімді құрылыс», «ЮСС Суппорт Сервисез», «Өмірзақ Сервис» , «Іскер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қатысқан бұл жәрмеңкеде сан алуан мамандық иелерінен 95 жұмыссыздық түйіндемелері қабылданды. Компаниялардың сұраныстары бойынша 34 адам жұмысқа орналастырылды. Олар негізінен – энергетиктер, күзетшілер, қойма әкімшісі, еден жуушылар, кір жуушылар.

— Бұл – жәрмеңкенің алғашқы нәтижесі. Қалған жұмыссыздарды алдағы уақытта мамандықтарына және жұмыс күшінің қажеттіліктеріне қарай тұрақты жұмыспен қамту жоспарлану үстінде, — дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Қайрат Омаров.

Атап айту керек, жұмыссыздық мәселесі мен баспанасынан көп алысқа ұзай алмайтын мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайлары бір-бірімен сабақтасып жатыр. Олар да «Екі қолға – бір күрек» дегендей, пайдалы іспен айналысқысы келеді. Тепсе темір үзетін, қол-аяғы балғадай жігіттерге жұмыс жетпей жатқанда, оларға бұл мәселе көп ретте күрмеулі болып келетіні тағы рас. Демек, қайырымдылық шараларын жиі-жиі өткізіп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына баса мән беріп отыру керек. Бұл бағытта Жылыойда жақсы бастамалар бар. Мәселен,  осы айда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бойынша бірнеше қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Бөлім меңгерушісі А.Қожиеваның айтуынша, кәсіпкерлер жиі белсенділік көрсету үстінде. Айталық, Шоқпартоғай селосындағы «Жомарт» шаруа қожалығынан А.Байжанов 20 жанұяға бір сиыр, 6 қой сойып, таратып берген. Балаларға сыйлық үлестіруді де ұмытпапты. Мұндай ізгілік шараларынан кәсіпкерлер Ж.Бозаева, Ш.Құнанова, А.Халелова да шет қалмапты.

Ал, «Бақай» оқу орталығы (А.Шәкіров), «Ерар Строй» (М.Айтқұлов), «ЭСС-Тенгиз» (М.Балжігітов) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері әлеуметтік жағынан аз қамтылған және өкпе аурулар диспансерінде есепте тұрған жандарға, мүмкіндігі шектеулі балалар мен жалғызбасты қарттарға азық- түлікпен қамқорлық шараларын жасауда өзге әріптестеріне қарағанда алғы шептен көрінгенін айтқан жөн.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button