Жарнама
Саясат

ЗАМАНАУИ МЕМЛЕКЕТ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

 Еңбегіне  қарай бағаланады

Аталған реформа аясында мемлекеттік қызмет саласы мүлде жаңа бағыттағы жаңалықтармен толығатын болады. Бұдан былай, мемлекеттік қызметкердің әрқайсысы жұмыс сапасына қарай бағаланып, соған сай еңбекақы алады. Келер жылдан бастап салаға енетін өзгерістер жөнінде баяндаған Кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру тобының жетекшісі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Шыңғыс Әлекешов мемлекеттік қызметкерлердің жыл сайын төрт шкала бойынша бағаланатынын айтты. «Өте жоғары» және «жоғары» шкаласымен бағаланған қызметкерлерге жоғары еңбекақы төленетін болады. Ал, «қанағаттанарлық» және «төменгі» деңгейдегі мамандар үшін арнайы жұмыс жоспары жасақталады. Сол негізде кадрмен жұмыс жүргізіледі. Егер маман екі жыл қатарынан төменгі деңгейден көрінсе, лауазымынан босатылады» деді ол. Саладағы түбегейлі жаңалық ретінде шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сектор мамандарын, халықаралық ұйым қызметкерлерін мемлекеттік қызметке тарту мәселесін айтуға болады. Топ жетекшісі Шыңғыс Әлекешовтің пікірінше, мұндай қадам саладағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, кәсібилікті шыңдауға, қызметкерлердің бойындағы лидерлік қабілеттерді дамытуға жол ашады. Тағы бір өзгеріс, бұдан былай кандидат тест тапсырған   соң, конкурс жариялаған мекемеден әңгімелесуден өтумен ғана шектеле алмайды. Енді олар Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті орындарынан да әңгімелесуден өтетін болады. Ондағы мақсат – кадрдың біліктілігімен бірге, адами қасиеттерін бағалау, сол арқылы салаға кәсіби шеберлерді жинақтау екен. 

Жоғары оқу орнының басшылары да есеп береді

Индустрияландыру картасы аясында өңірде 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Құны 1,6 триллион теңгені құрайтын жобалар аясында бес мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл туралы баяндаған Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиева жыл аяғына дейіноблыста бес жобаның іске қосылатынын айтты. «Оптикалық кабель өндіру зауытын, химиялық реагент шығару зауытын іске қосу, сүт және қышқыл сүт өнімдерін шығаратын кешеннің қуаттылығын еселеп, құс фабрикаларын пайдалануға беру нәтижесінде 247 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биыл индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аяқталды. Нәтижесінде облыста 2500 адам тұрақты жұмыспен қамтылды» деген ол кәсіпкерлер үшін мемлекет тарапынан субсидиялау, ішінара кепілдендіру, грант ұсыну тетіктерінің қарастырылғанын атап өтті.

Алдағы уақытта әкімдерден бөлек, әр мемлекеттік орган басшылары, жоғары оқу орындарының жетекшілері де халық алдында есеп беретін болады. Бұл туралы баяндаған Атырау облыстық мәслихатының аппарат басшысы Тамара Амантурлина барлық деңгейдегі басшылардың есеп беру тетіктерін іске қосу, жергілікті өзін-өзі басқару институтын одан әрі жетілдіру арқылы мемлекетті басқаруға халықты тікелей араластыруға мүмкіндік туатынын айтты. «Егер кез келген маңызды шешім халық алдында қабылданып, оның орындалу барысы бұқараның көз алдында бақыланатын деңгейге жетсек, бұл есеп беретін мемлекеттің озық үлгісі болады алады» деді ол. Осы орайда, мәселеге араласқан Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова алға қарай әр азаматтың табыс декларациясын тапсыратынын атап өтті. Сайып келгенде, мұның барлығын жариялы, ашық мемлекет қалыптастыруға жасалып жатқан қадамдар деуге болады.

Ұлт жоспарындағы төртінші бағыт, яғни, біртектілік пен бірлік аясында да еліміздің туристік, мәдени, идеологиялық саласын үлкен өзгерістер күтуде. Осы тақырыпқа тоқталған Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық басшысы Еркін Қадырғалиевтың айтуынша, азаматтық қоғамның тұтастығын қалыптастыру мақсатында «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат бірлігі және көшпелі мәдениеттер», «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту» өңірлік мәдени-туристік кластерлер құрылады. «Ақпараттық Қазақстан – 2050» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. «Яғни, ақпараттық-идеологиялық, мәдени-туристік бағыттағы жұмыстардың барлығы Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы имиджін нығайтуға бағытталады. Халық ортақ мүдде жолында біріге түсетін болады» деп атап өтті ол. 

Кезекке – ұялы телефон арқылы

Келер жылы мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылады. Бұл – мемлекеттік қызметтің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету жолындағы бірегей қадам деген сөз. Осы орайда Халыққа қызмет көрсету орталығының облыстық филиалының №1 Атырау қалалық бөлімінің басшысы Марат Забыхан азаматтардың электронды цифрлық қолтаңба үрдісіне толық көше алмай отырғанын айтты. «Цифрлық қолтаңбасы бар азаматтар өзіне қажетті құжаттарды үйде отырып-ақ ала береді. Сондай-ақ, біз орталықтың қызметіне ұялы телефон арқылы кезекке тұру тетігін іске қостық. Болашақта бәріміз бір мобильді үкіметке айналатын боламыз» деген ол І, ІІ топ мүгедектері үшін 1414 тегін телефон желісінің жұмыс істейтінін хабарлады. Яғни, бұл, желіге қоңырау шалынғаннан кейін орталық өкілі 72 сағаттың ішінде үйге барып қызмет көрсететін болады деген сөз.

Үстіміздегі жылы «ҚР-ның Еңбек туралы кодексінің» қабылданатыны белгілі. Осыған орай, Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Әйіпқали Дәулетяров азаматтарды еңбек құқығын қорғауда белсенді болуға шақырды. «Ұжымдық шарт жұмысшыны қорғайтын негізгі тетік болып табылады. Сондықтан, аталған құжат қабылданған кезде немқұрайлылық танытпай, жалақы, жұмыс уақыты, еңбек демалысы, оның нормаға сай болуы, төлем мәселелерінің шартта толықтай көрініс табуына ықпал ету қажет» деді ол.

Бес институттық реформаны толыққанды жүзеге асырған жағдайда, Қазақстан ең дамыған әлемнің озық отыз елінің қатарына ене алады. Сол үшін де, тұтас қоғамның алдында өз ісінің кәсіби шеберлерін ортақ мүдде жолында біріктіру міндеті тұр.

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button