Депутат Әділ Жұбанов: «Атырауды өмір сүруге ыңғайлы, қауіпсіз қалаға айналдыру керекпіз»

11 Саясат

Ел Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар негізгі жүйенің жұмысына айтарлықтай қарқын бере бастады. Былтырғы республикалық референдумнан кейінгі өткізілген сайлаулардың да нәтижесі елдің даму салаларында әжептәуір жақсы нышандарға жетелеп отыр. Әсіресе, Парламент Мәжілісінің жұмысы экономиканың нақты секторына кәдімгідей ықпал еткенін өмірдің өзі дәлелдеді.

Айталық, республикада мол ресурстық базасы бар Атырау өңіріндегі қордаланған мәселелерге бүгінде Мәжіліс депутаттары батыл араласып, тұрғындарды толғандырған проблемалар, бұқараның әлеуметтік жағдайы, тіпті халықтың жан-айқайы да олардың назарынан тыс қалып көрген емес.

Мәселеге бейжай қарамай, оны жоғары мінбелерде өткір көтеріп жүргендердің бірі – республика Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов. Біз облысқа сапары барысында Мәжіліс депутатымен кездесіп, көптің көкейіндегі біраз сауалдар аясында сұхбаттасқан едік.

Даму қарқыны – «орташа»

Әділ Орынбасарұлы, облысқа сапарыңыз республиканың негізгі доноры – Жылыой, Мақат аудандарынан басталды. Бұл өңірлердегі әлеуметтік жағдай туралы пікіріңіз қандай?

– VIII шақырылған республика Парламенті Мәжілісінің бірінші сессиясының жұмысы аяқталып, өзім депутат болып сайланған Атырау облысына келіп, кездесулер өткіздім. Әуелі Жылыой, Мақат аудандарындағы ауылдардың проблемалық мәселелерімен, әлеуметтік нысандардың қазіргі жағдайын аяқтай барып көрдім. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын да алғаш осы аудандардан бастап едім. Өйткені, Мақат – қазақ даласындағы алғашқы мұнай өндірісі басталған аудан болса, Жылыой жері – «қара алтынның» отаны.

Десек те, екі өңірдің де проблемасы жетіп-артылады. Мәжіліс депутаты болып сайланғаннан бастап белсенділерден, жергілікті мәслихат депутаттарынан бірнеше мәрте ауданның өзекті мәселелерін көтеріп, шешуді сұраған хаттар алдым.

Бұл аудандардың даму қарқыны, ауылдағы халықтың әлеуметтік тұрмысы біз ойлағаннан әлдеқайда нашар. Елдегі мұнайға бай аймақтың осындай аянышты халде тұрмыс кешуі – жергілікті атқарушы органдар қызметінің төмендігінен. Аудан орталықтары мен ауылдардың реңі сүреңсіз, сәулет келбеті, тозығы жеткен ғимараттың көптігі, әлеуметтік нысандар құрылысын жандандыру, көгалдандыру жұмыстары жоқ деуге болады. Халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселесі де шешілмеген. «Атырау–Доссор», «Атырау–Құлсары» бағытындағы республикалық маңызы бар автокөлік жолын ІІІ санаттан І санатқа ауыстырып, оны кеңейтіп автобан ету мәселесі де тез шешілуі тиіс.

22

Отыз жыл ішінде екі ауданның аумағындағы «Ембімұнайгаз» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС және «North Caspian Operating Company N.V» компанияларына жергілікті елді мекендерді әлеуметтік қамқорлыққа алып, қажетті жағдайды жасауға міндеттеуге болатын еді. Жеті қат жер астындағы «қара алтынды» қотарып алып, ел экономикасына қосқан үлесті айтпағанда, қыруар залал келтіріп, есепсіз байып отырған компаниялардың жергілікті халыққа заңды өтеуін жасайтын уақыты жетті. Тым болмаса, осы екі ауданның проблемасын толықтай шеше алмауымыз осыған дейінгі қызметтің тиімсіздігін көрсетеді.

Атырау облысына сапар барысында осы компаниялардың басшыларымен кездесіп, аталған аумақтарды әлеуметтік қамқорлыққа алып, мәселелерін шешуге белсенді атсалысуға ұсыныс бердім. Келешекте бұл ұсыныстардың орындалуына тиісті деңгейде күш-жігерімді жұмсаймын.

– Жүз жиырма жылдан астам уақыт мұнай өндіріп келе жатқан  облыстың даму қарқынына қандай баға бересіз?

– Бұған қояр бағам – «орташа». Бұл – менің жеке пікірім. Себебі, мұнай теңізінің үстінде отырған Атыраудың қазіргі жағдайы көңіл қынжылтарлықтай. Ауыз судың сапасы, облыстағы ауылішілік, ауданаралық, қалаішілік жолдардың сапасы, әбден тозығы жеткен инженерлік инфрақұрылым желілері, заманауи әлеуметтік нысандардың, оның ішінде мектеп, балабақша, спорт нысандары, мәдениет ошақтарының жетіспеушілігі, баспанаға мұқтаж азаматтарға берілетін тұрғын үй құрылысының жоқтығы, экологиялық ахуал – барлығы да кезек күттірмей шешуді қажет етеді.

Әрине, бұл олқылықтар – облыс бюджетінің жылдар бойғы тапшылығынан туындаған мәселе, ал кейбір жағдайда жергілікті жерде жұмыстың тиімсіз жоспарланатынын жоққа шығаруға болмайды.

Экологиялық коэффициент – күрделі проблема

– Атыраудағы экологиялық ахуал – республикалық деңгейдегі проблема. Өзіңіз депутаттық сауал ретінде көтерген өңірді «экологиялық апат аймағы» ретінде танып, тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі шешімін таба ма?

– Мәжіліс қабырғасында ең алғаш көтерген мәселем – облыстағы экологиялық жағдай. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жария депутаттық сауал жолдап, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменовамен кездесуде өңір экологиясын жақсарту бағытында бірқатар өзекті мәселелерді талқыладық. Салалық министрлікке бірнеше мәрте хат та жолданды.

Әрине, Үкімет пен министрліктен келген жауаптар көңіл көншітпейді. Дейтұрғанмен, жасалып жатқан жұмыс та жоқ емес, бірақ жасалуы тиіс жүйелі әрі кешенді жұмыстар да жетерлік. Жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешу де біраз жұмыстануды қажет етеді.

Облыстағы төтенше ахуалға байланысты Атырау облысын «экологиялық апат аймағы» деп танып, арнайы коэффициент енгізу – бір күндік немесе бір жылдық жұмыс емес. Ол апат аймағының аумағын зерделеу мақсатында құрылатын комиссияның жұмысына тікелей байланысты. Бұған Атырау облысының әкімдігі мүдделі болуы тиіс.

Сонымен қатар, облысқа мұндай санат берілуі – өңірдегі қоршаған ортаға тікелей зиянын тигізіп отырған өндіріс орындарының жұмысын тоқтатуы мүмкін. Оның ел экономикасына тигізетін зардабын айтпағанда, сол компанияларда жұмыс істейтін жергілікті халықтың тұрмысына да тікелей әсер етпек.

Атыраудан сайланған Мәжіліс депутаттары, облыс әкімдігі жанынан құрылған қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі комиссия, облыстық мәслихаттың экология, табиғат пайдалану және аграрлық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясымен бірлескен жұмыстар жасап, экологияны жақсартқанға дейін айтып та, жазып та, сұрай да беруіміз керек. Ол экологиялық коэффициент немесе облыстық коэффициент бола ма – барлығы уақыттың еншісінде. Тек басталып, аяқсыз қалған көп жұмыстың бірі болмағаны дұрыс.

Каспийдің тартылуы мен Жайықтың тайыздануы – атыраулықтарды алаңдатқан ең маңызды мәселе. Теңіз тамағынан бастап, өзеннің түбін тереңдету жұмыстары мәселені шеше ала ма?..

– Бүгінде бүкіл Каспий аймағы жалпы су деңгейінің шамадан тыс төмендеуі мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Бұл теңіз бен өзен экологиясына да кері әсер етеді. Сондықтан, су алабындағы режимді тұрақтандыру, балықтың кедергісіз өтуі, оның қорын сақтау, оңтайлы мекендеу жағдайын жасау және табиғи өсімін молайту мақсатында өзен түбін тереңдету қажет.

2017 жылдан бері Жайық, Қиғаш өзендерінің түп тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік бюджеттен шамамен 30 миллиард теңге бөлінді. Атырау облысының әкімдігі 2017-2021 жылдары қос өзенде жалпы ұзындығы 169 шақырым, 2022 жылы 50 шақырым тереңдету жұмыстарын жүргізді. Оны ұйымдастыру үшін жыл сайын жобалау-сметалық құжаттама жасалады, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіледі, мердігерлер айқындалады. Осы процедураларға дайындық әрі ұйымдастыру барысы жұмыстың басталуын кешіктіреді және бұрын жүргізілген тереңдету жұмыстарының тиімділігін төмендетеді.

Сайлауалды бағдарламамда көрсеткендей, Каспийдің тартылып, Жайықтың тайыздауына байланысты Жайық-Каспий каналында түп тереңдету жұмыстарын жүйелі әрі тұрақты, үздіксіз негізде жүргізу үшін коммуналдық мемлекеттік мекеме құру қажет. Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Атырау облысының әкімдігіне мамандандырылған машина-мелиорациялық станция (ММС) құруды ұсынып едім. Өйткені, Жайық-Каспий каналында 2023-2025 жылдарға арналған түп тереңдету жұмыстары үшін республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялар тізіміне сәйкес, 11,241 млрд. теңге қарастырылған. Оны жіліктеп көрсек, 2023 жылға – 3 млрд., 2024 жылға – 3 млрд., 2025 жылға – 5,2 млрд. теңге тиесілі.

Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жайық-Каспий арнасында 2,2 млн. текше метр көлемінде тереңдету жұмыстарын жүргізуді көздейтін 2024-2026 жылдарға арналған бюджеттік өтінім әзірлеуде.

Атырауда жайлы климат қалыптастыру үшін «жасыл белдеудің» маңызы зор. Сол үшін мұнай-газ компанияларына арнайы жер телімі бөлініп, тал-терек егіліп жатыр. Компаниялар белгіленген мерзім өткен соң аумақты жергілікті әкімдікке тапсырады. Бұдан кейін ағаш егілген аумақтарды күтіп ұстап, суаруға әкімдіктің қауқары жетпеуі мүмкін. Осы мәселені алдын ала қалай реттеген жөн?

– Атырау облысының әкімдігі ірі мұнай-газ кәсіпорындарының қоршаған ортаға залалын өтеу мақсатында, оларды жасыл желек отырғызу жұмыстарына  тартып, Меморандум жасақталған. Осының негізінде «Теңізшевройл»  – 1722,1 га, NCOC – 1373,5 га, Атырау мұнай өңдеу зауыты – 1420,9 га, «Ембімұнайгаз» – 243,2 га жер телімін көгалдандыруы қажет. Бұл жұмыс 4 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге жоспарланған.

Қазір меморандум бойынша жұмыстар өте баяу. Өйткені, бұл бағыттағы жұмыстар тікелей қала, аудан әкімдіктерінің бақылауында болғаны жөн. Ірі компаниялар еккен «жасыл белдеуді» әрі қарай күтіп-баптау, суару желілерін дұрыс жолға қою мәселесі қазірден қолға алынуы тиіс. Әйтпесе, басы тәп-тәуір басталып, кейін күтімсіз қалған «Ретро саябақ» сияқты болмауы керек.

Өзіңіз өскен орта – Махамбет ауданы Сарытоғай ауылындағы алма бағының қазіргі жағдайы жанды ауыртады. Өңірлерді дамытуда осы бақты қайта қалпына келтіру мүмкін бе?

– Сарытоғай ауылындағы 30 жылға жуық уақыт қараусыз қалған алма бағын қайта қалпына келтіру қиын жұмыс емес. Бірақ, бұл жұмыстарға ниетті кәсіпкерлер қажет.

Алма – жаратылысында айрықша күтімді қажет ететін жеміс. Жерге шаншыған көшет 3-12 жыл аралығында жеміс береді. Шығыны тым үлкен болғандықтан, көпшілігі содан қашады. Тіпті, минералды тыңайтқыш пен дәрі-дәрмегін де өз талабына сай бермесеңіз, өлтіріп алуыңыз мүмкін. Оның үстіне, арнайы өмірлік тәжірибесі бар бағбан – қазір жоқтың қасы. Барының өзі егде тартып қалғандар.

Алма шырынынан тәтті сусындар дайындап, жеміс консервілейтін, кептіретін цех ашу – бүгінгі заманның талабы. Бұл бағытта қазір ауыл шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар жеткілікті. Өйткені, Үкімет мұндай бастамаға зор маңыз беріп, қыруар қаражат бөліп отыр. Тек өңір кәсіпкерлері  тарапынан жақсы жобалар болып, жергілікті органдар қолдау танытса болғаны.

Статусқа сәйкестік қажет

– Атырау қаласын «мұнайлы астана» мәртебесіне сәйкестендіру сіздің сайлауалды бағдарламаңыздың негізгі тетігі болатын. Инженерлік инфрақұрылымды заман талабына сай жасақтауда қазір қандай ұсыныс, жобалар қолға алынуда?

– Қазір сіз бен біздің басты мақсатымыз – Атырау қаласын халыққа өмір сүруге ыңғайлы, тартымды, таза, қауіпсіз қалаға айналдыру. Осындай мол игілігі бар шаһардың бүгінгі сәулеті де қайта жаңғыртуға сұранып тұр. Астана, Алматы, Түркістан, Шымкент, қала берді Ақтөбе, Орал, Ақтау қалаларының жыл өткен сайын келбеті танымастай өзгеріп, көз тартарлық әсем ғимараттар мен сәулеті жарасқан кешендермен толыға түскенін көріп отырмыз. Соңғы жылдары өзге де облыстарда көз тартарлық әсем ғимараттар мен сәулеті келіскен әлеуметтік нысандардың, көп қабатты үйлер мен өнеркәсіптік кешендердің көптеп салына бастағанына куә болып жүрміз.

Ал, біздегі жағдай мүлде басқаша. Облыста халықаралық талапқа сай әуежай, теміржол вокзалы, концерт залдары, спорт ареналары, заманауи кітапханалар мен жастар орталықтары, жайлы мектептер, қала ішінде және қалаға қарасты ауылдық округтерде орталықтандырылған кәріз жүйесі, тіпті, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны да жоқ. Атырау қаласы, басқа да елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары жаппай жүргізіліп, халықтың демалуына ыңғайлы саябақтар, скверлер, субұрқақтар, кіші сәулеттік мүсіндер көбейсе, қаланың да тартымдылығы артады.

333

Қазақстан жобалаушылары-ның республикалық Одағының төрағасы, Қазақстанның Құрметті сәулетшісі Шымыр Қармановпен бірге Атырау қаласының архитектуралық келбетін жаңғырту, қаланың тозығы жеткен, ескі шағынаудан-дарының орнына жаңа әлеуметтік нысандар салу, инженерлік инфрақұрылымдарды заман талабына сәйкестендіру бағытында өз ұсыныстары-мызды жасақтап, жуырда Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлы Шәпкеновке таныстырдық.

Сондай-ақ, сәуірде Қазақстан Республикасының Құрметті сәулетшісі Жексен Айнабековты Мақат, Доссор кенттерінің сәулет келбетін жаңғырту, көгалдандыру бағытында арнайы ұсыныстар дайындап, жоба жасақтау үшін облысқа шақырдық. Қазір дайындалған ұсыныстар негізінде арнайы жобалық-сметалық құжаттама жасақтап, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жобаларды іске асыру тетіктерін қарастырамыз.

Электр желілерінің тозығы жетті

Облыста электр желісінің тозуы – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Соның кесірінен жаз басталғалы жарық жиі өшіп қалады. Бұл мәселелер қалай шешімін табуы тиіс?

– Облыс бойынша электр желілерінің тозығы жетіп, электр қуатына деген қажеттілікті өтей алмай отыр. Құрманғазы ауданының Азғыр, Қошалақ, Балқұдық, Сүйіндік, Асан ауылдары электр қуатын көршілес Ресей мемлекетінің Астрахан облысынан алады. Осындай проблема облыстағы әр ауданда бар. Облыстың электр энергиясы жүйесіне түгел жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай «Батыс аймағын еліміздің негізгі энергетика жүйесіне қосу» жұмыстарын жеделдету қажет деп есептеймін.

Санитарлық және экологиялық талаптарға сай орталықтандырылған магистральді кәріз жүйесін салу да күрделі мәселеге айналған…

– Соңғы ширек ғасырда Атырау қаласы халқының саны екі есе өсті. Қала аумағында жекеменшік тұрғын үй секторлары орналасқан шағынаудандарда орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ. Санитарлық және экологиялық талаптарға сай, орталықтандырылған магистральді кәріз жүйесін салу мәселесін шешу қалалық әкімдіктің басты міндеті деп есептеймін. Себебі, бұл – заман талабы.

Қазір қаладағы «Жұлдыз» шағынауданының тұрғындары орталықтандырылған кәріз жүйесінің және дренаждың болмауы салдарынан жерасты суының деңгейі көтеріліп, үйлерінің лас су үстінде тұрғанын айтып шағымдануда. Егер бұл жұмыстар қазір жасалмаса, қаланың жайлылығы туралы айтудың өзі бекер.

Бюджет қаржысының уақытында игерілмеуі жөніндегі проблема жиі көтеріліп жүр. Бұған не себеп? Мәселенің алдын алу үшін қайтпек керек?

– Бүгінде облыста мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру арқылы жүзеге асырылып жатқан бірнеше бағдарлама бар. Оған жергілікті немесе республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі де айтарлықтай. Белгіленген қаражатты игеру үшін мердігер компания немесе ұжым конкурстық негізде, яғни тендер өткізу нәтижесі бойынша анықталатыны белгілі.

Көбінесе тендер қорытындысында жеңімпаз мекемелер Атырау облысынан тыс аймақтардан болып жүр. Бюджет қаржысының уақытында игерілуіне, құрылыс объектілерінің жоспарға сай пайдалануға берілуіне бұл тікелей әсер етеді. Мысалы, облыс бойынша 2021 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарына жалпы сомасы 91,7 миллиард теңге болатын 88 конкурс өткізілген. Жеңімпаз деп танылған өзге өңірлердің жеткізушілерінің үлес салмағы – 88,9%, жергілікті жеткізушілердің үлес салмағы – небары 11,1%. Былтыр құрылыс-монтаж жұмыстарына сомасы 98,4 млрд. теңге болатын 96 конкурс өткізілсе, оларға өзге өңірлерден жеңімпаз болған жеткізушілердің үлесі – 81%, жергілікті жеткізушілердің үлес салмағы – 19%.

Тек биылғы бес айда ғана жалпы құны 51,4 млрд. теңге болатын құрылыс-монтаж жұмыстарына 54 конкурс өтсе, ондағы жергілікті жеткізушілердің үлес салмағы 31,8%-ды құрап отыр. Мұның алдын алу үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының жобасына өз ұсыныстарымды бердім.

Меніңше, мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде барлық материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген, логистикалық шығындарды көтермейтін және өз аймағының дамуына үлес қосатын жергілікті компанияларға басымдық берілуі керек. Бұл – бюджет қаражатының мерзімінде игеріліп, құрылыс жұмыстарының жүйелі аяқталуына тікелей әсер ететін бірден-бір фактор.

– Шынайы сұхбатыңыз үшін бек рахмет!

– Көп рахмет, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін. Оқырмандарыңыз көп болсын!

Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз