Жарнама
Саясат

«ЗАҢ АЛДЫНДА ДА, АР АЛДЫНДА ДА ӘДІЛДІК ҚЫМБАТ»

alogo1223333334 — «Табиғатынан нәзік, қайырымды жаратылған әйел затына сот қызметін атқару қол емес» деген пікірді естіп қаламыз. Сіз мұнымен қаншалықты келісесіз? 

— Әрине, қылмысқа әкеп соққан жағдайды жан-жақты қарап, заң негізінде кінәлі тарапқа тәрбиелік әсері болатындай етіп шешім шығару оңай емес. Алайда, заң сезімнің жетегінде кеткенді көтермейді, сол себепті, судья кім екендігіне қарамастан маңызды шешім қабылдағанда принциптен ауытқымау керек деп ойлаймын. 

Заң алдында да, ар алдында да әділдік қымбат. 

— Сіз қалай судья болдыңыз? 

— Бұл менің бала күнімнен бергі арманым болатын. 1998 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітіргеннен кейін юстицияның біліктілік алқасына тест тапсырып, сол жылы Атырау облыстық сотының кадрлар жөніндегі резервіне алындым. 2012 жылдың желтоқсан айында Атырау қаласының №2 сотының судьялығына байқау бойынша өтіп, 2003 жылдың наурыз айында Президент Жарлығымен аталған соттың судьясы болып тағайындалдым. 

— Сіздің ойыңызша, заң саласында гуманизация жүргізу керек пе? Ол қоғамға не бермек? Керісінше, қандай қылмыстар мен құқық бұзушылықтар үшін заң баптарын қатайтқан дұрыс? 

— Иә, гуманизация керек деп ойлаймын. Себебі, жазалау мақсаты кек қайтару емес, аяғын жаза басқан жанды тәрбиелеу болса керек. Темір тордың ар жағында болған кісі ол жақтан қалыпты моральдан алыстап, сана-сезімі өзгеріп, үміті аяқасты болып оралады. Егер адам түзеліп, оң жолға түспесе, оны бас бостандығынан айырғаннан не түспек? Қылмыстық Кодекстің көптеген категориялары бойынша еркіндігінен айырылмайтын жаза түрлерін қолдануға болады, мұның өзі түзеу мекемелерінің жүктемесін азайтып, сотталушыларды ұстауға бөлінетін мемлекеттік шығындарды қысқартуға және оларды қайта тәрбиелеу бағытындағы неғұрлым тиімді құралдарға жұмсауға мүмкіндік бермек. 

Сонымен бір мезгілде кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар үшін жазалау шарасын күшейту керек деп ойлаймын. Мысалы, Қылмыстық Кодекстің 122 бабында топ құрамында жасалған қылмыс үшін біліктілік пен жауапкершілік қарастырылмаған. 

— Өткен жылы гендерлік ұйымдардың бірі ҚР Қылмыстық Кодексіне сексуальдық қырындау жөнінде бап енгізу жөнінде ұсыныспен шыққан болатын. Сіздің осы жөніндегі ойыңызды білгім келеді. 

— Меніңше, ол үшін арнайы бап қабылдаудың қажеті жоқ, өйткені, Қылмыстық Кодекске мұндай жағдайдың құрбаны болғандарға арнап қолданылатын және орын алған дерекке байланысты кінәліні жазалайтын баптар енгізілген. 

— Құрманғазы ауданы бойынша биылғы жыл басынан бері қанша қылмыстық, азаматтық және әкімшілік іс қаралды? Олар бойынша апелляцияға берілгені қанша? Аудан бойынша қылмыстың өсуі байқала ма? 

— 2013 жылдың тоғыз айында аудандық сотқа 95 қылмыстық іс келіп түсті, бұдан басқа, өткен жылдан үш іс қалып отыр. Осылайша, қылмыстық істер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда он беске өскенмен, аяқталған істер санының да көбейіп отырғаны байқалады. 

Сондай-ақ, 38 адамға қатысты үкім шығарылып, оның ішінде, төртеуі бас бостандығынан айырылды. Ақтау үкімі шығарылған жоқ. Атап айтатыны, медиаторлар қызметіне сұраныс көбейіп келеді. Өткен жылы медиаторлар қызметіне жүгінгендер болмаса, биыл 16 іс медиация процедурасын қолданылып жүргізілді. 

Сіздің мамандығыңыз мінезіңізге әсер етті ме? Қаншалықты? 

— Негізі, адамның мінез-құлқы генетикалық тұрғыда қалыптасатын болар, оның көп бөлігін қалап тұрсаң да, өзгерту мүмкін емес. Дегенмен, түрлі жағдайға байланысты кісінің бойында жаңа қасиеттер пайда болуы мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмас. Қанша дегенмен, жұмыс біздің өміріміздің үлкен бөлігін құрайды емес пе?! Тиісінше – бізде де болып жатқан жайларға кәсіби тұрғыда қарайтын әдет қалыптасатын сияқты. Мамандығымыз өзімізге ұнаған сайын біз оның «типтік өкіліне» айнала түсеміз. Өз басым Құрманғазы аудандық сотында жұмыс істеген жылдар ішінде өзіме және ұжымға талапшыл бола түскен сияқтымын. 

— Соттар мен діннің ара қатынасы жөнінде не айтар едіңіз? Менің байқауымша, заң саласы қызметкерлерінің арасында тақуа дейтіндей жандар сирек. Не себепті? 

— Ата Заңымыздың 1 бабында Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет, оның басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқтары мен еркіндігі деп көрсетілген. Сол сияқты, ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті деп белгіленбейді. Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлек және заң алдында бірдей. Мемлекеттік биліктің, басқа да мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының өзінің қызметтік жағдайын қандай да бір дінді қалыптастыру үшін пайдалануға құқы жоқ. 

Судья қызметіне келсек, оны депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми және басқа да шығармашылық әрекеттен бөлек, жалақы төленетін қызметпен, кәсіпкерлікпен қатар алып жүруге, коммерциялық ұйымдардың қадағалау кеңесінің немесе жетекші органының құрамына кіруге тыйым салынған. Сот өзін басқалар оның қызметіне құрметпен қарайтындай етіп ұстауы және тәуелсіздігі мен бейтараптығын сақтауы тиіс. Сондықтан, судья лауазымы мен дінді байланыстырып қараудың өзі орынсыз деп білемін. 

— Сізге шешім қабылдау қиынға соққан сот процесі есіңізде ме? 

— Бұдан бірнеше жыл бұрын ұрлық, тонау, зорлау сияқты алты эпизод бойынша қылмыстық іс қаралған болатын. Істің күрделілігі мынада еді: оқиға 1998 жылы Астрахан қаласында орын алған. Сотталушы Атырауда туып-өскен Қазақстан азаматы 12 жыл бойына іздеуде жүрген. Зардап шеккен Ресей азаматтары сотқа келмеді, оларға қатысты мәжбүрлеу шарасын қолдана алмайтын едік. Сотталушы өз кінәсін әдепкіде де, сот отырысында да мойындаған жоқ. Істі қылмыстық құжаттардағы материалдарда бар дәйектер негізінде қарастырып, аяқтауға тура келді. Айыпты барлық тағылған заң баптары бойынша кінәлі деп табылып, бас бостандығынан айырылды. Оның апелляциялық арызы бойынша істі қараған облыстық соттың апелляциялық алқасы үкімді күшінде қалдырды. 

— Судьялардың сот істерін бөліп қарастыруы олардың мүмкіндігін шектемей ме? Құрманғазы ауданында қанша судья қызмет атқарады? 

— Соттардың мамандануы ең алдымен сот өндірісі мен сотта қаралатын істерді жеделдетуді әрі қарай жетілдіруге арналған, бұдан судьялардың жұмысына шектеу қойылады деп айта алмаймын.  

Қазіргі таңда Құрманғазы ауданы бойынша үш судья қызмет атқарады, қаралатын істер автоматты түрде компьютерлік әдіспен бөлінеді. Судьялар барлық категориядағы, яғни, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарай алады. 

— Бүгінгі сот жүйесі жөнінде не айтасыз? 

— Жоғары және облыстық соттар басшылығы сот өндірісін және істердің сотта жедел қаралуын жетілдіре түсуге бағытталған шараларды тиімді пайдалануда. Сот жүйесінің ашықтығы мен әділдігінің көрінісі ретінде сот процестерінде аудио, бейнетүсірілімдер жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи техикалық құралдар пайдаланылатынын айтуға болады. Статистикалық мәліметтер бойынша, осы жыл ішінде үш, алты айдан астам уақыт және сырттай қаралған бірде-бір іс болған жоқ. Сондай-ақ, қаралмаған істер, қайтарылған арыз-шағымдар саны айтарлықтай азайып отыр.        Азаматтардың электрондық үкімет арқылы көптеп шыға бастағанын оң нышан ретінде бағалауға болады. Жыл сайын қоғамның әділ заңды жүзеге асыру процестеріне назар аудару деңгейі жоғарылап отыр, сол себепті де, сот жүйесі бір орнында тұрып қалмауы тиіс.

 

Құралай ҚУАТОВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button