ҒЫЛЫМ ЕНДІ ӨНДІРІСКЕ БЕТ БҰРАДЫ
Әлемнің дамыған 30 елдерінің қатарына кіру – Қазақстанның болашақтағы басты мақсатының бірі. Ол үшін ғылымның дамуына қолдау жасалуы, оны өндіріске бұруға маңыз берілуі қажет. Нұралы Бектұрғанов бұл орайда алдымен «дүние жүзінің ең мықты мемлекеттерінің ғылымға қаржыны қалай құятынын саралап алғанымыз жөн» дейді. Баяндауынша, Финляндияда ішкі жалпы өнімнің 4,3 пайызын, Оңтүстік Кореяда 3,7 пайызын бөледі. Көшбасшы елдердің барлығы да ғылымға ішкі жалпы өнімнің үш пайызынан кем емес қаражат қарастырады. Ал, республикамызда осы мақсатта жұмсалатын ақшаның көлемі осы күнге дейін тым аз болып келген еді. Дегенмен, Елбасының кешегі Жолдауынан соң жағдай түбегейлі өзгермекші. Мұны брифинг қонағы айрықша айтып берді.
— Қазақстан алдында ғылымды өндіріске бұру мақсаты тұр. Ғылым өздігімен дамымауы тиіс, экономика үшін қызмет етуі шарт. Өз кезегінде экономика да ғылымсыз өркендей алмайды. Бұл мәселе Жолдауда нақты айтылды, — деді Қазақстанның Жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының бірінші вице-президенті.
Ақиқатында, елімізде ғылым саласы назардан мүлдем тыс қалды деуге болмайды. Осыдан бес жыл бұрын «Парасат» деп аталатын холдингтің құрылуы – соның көрінісі. Мемлекет басшысының бастамасымен дүниеге келген құрылым аз уақыттың өзінде-ақ біраз шаруа жасап үлгеріпті. Яғни, Қазақстанның Жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының және «Парасат» холдингінің ғалымдары бүгінде жекеменшік сектормен бірлесіп, тәжірибелік-өнеркәсіптік учаскелерін құруды қолға алған. Мәселен, Орал қаласында жабық жағдайда бекіре балықтарын өсіретін тәжірибелік учаске ашылыпты. Ол не үшін қажет болды?
Қазір Батыста қара уылдырықтың бағасы шарықтап тұр. Бір грамм уылдырықтың бағасы 4 еуроны құрайды. Бұл дегеніңіз – көл-көсір пайда, мол табыс. Бағалы балықтың саны азайып, қармағымызға ештеңе ілінбеген тұста су маржанын қолдан көбейтудің мүмкіндігін неге пайдаланбасқа? Қарағанды қаласындағы өсімдік шикізатынан дәрілік фитопрепараттар жасау және металлургиялық кремний өндіру, Өскемендегі биологиялық белсенді «Тагансорбент» қоспаларын шығаратын тәжірибе учаскелері, сонымен қатар, Астанадағы топырақты биологиялық азотпен байытуға және бұршақ дақылдарының шығымдылығын арттыруға арналған «Ризовит-АКС» биопрепаратын өндіретін және жарық-диодты жарықтандыру жүйесін шығаратын тәжірибелік-өнеркәсіптік учаскелері хақында да соны айтуға болады. Яғни, ғылымды өндіріске бұру, оның орасан зор мүмкіндігін пайдалану өмірдің қажеттілігі болып тұр.
Брифингте ғылымды коммерцияландыру мәселесі де көбірек айтылды. «Соңғы бес жылда «Парасат» холдингі Қазақстанның Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясымен бірге осы жұмысты атқарып келеді. Қазіргі уақытта ғылым коммерцияландыру жолына түсу үшін қолда бар заңдарды өзгертуге бағытталған тетіктер мен ұсыныстар Парламентте қаралуда» деді Н.Бектұрғанов.
Азамат БАЗАРБАЕВ.