Жарнама
Саясат

Ұлттық дамудың жолдары

Мемлекет басшысының 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды стратегиялық құжат. Бұл жолдау арқылы Президент келешектегі басым бағыттар мен міндеттерді нақтылап, ұлттық мүдде мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді шараларды ұсынды.

Маңызды оқиға аясында біз Атырау облыстық мәслихатының депутаты Нұрлан Қайреденовпен арнайы сұхбат жүргіздік. Нұрлан Саматұлы Жолдауда көтерілген мәселелер мен ұсыныстарға кәсіби және азаматтық көзқарасын білдіре отырып, олардың Атырау өңірі мен ел дамуына әсері жайында ой бөлісті.

a08dc8cd ecda 48a8 8cd0 9f040f01eb36

– Президент биылғы Жолдауында «Цифрлық мемлекетке» айналу міндетін алдағы үш жыл ішінде жүзеге асыруды тапсырды. Алайда қазір біз әлі де кеңестік кезеңнен қалған ескі деректерге сүйеніп, геология сияқты стратегиялық маңызды салаларда нақты зерттеулерді бастаған жоқпыз. Демек цифрландыру мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін нақты секторда қолдану үшін қандай ғылыми жобалар мен жүйелер қажет және олардың іске асуын кім үйлестіруі тиіс? Мұндай жобалардың аймақтық деңгейде іске асуы үшін не жетіспейді – кадр ма, инфрақұрылым ба, әлде саяси ерік пе?

– Президент «Цифрлық мемлекетке» айналуды басты мақсат ретінде белгіледі. Алдағы үш жылда бұл бағытта ірі жобалар жүзеге асуы тиіс. Цифрландыру мен жасанды интеллект тек қызмет көрсету саласында емес, геологиялық барлау, ауыл шаруашылығы, логистика, су үнемдеу, денсаулық сақтау салаларында да кеңінен қолданылуы керек. Бірақ бұл тапсырмаларды формалды түрде емес, ғылыми негізде, нақты жобалармен жүзеге асыру қажет. Мәселен, геология саласында әлі күнге дейін кеңестік кезеңдегі мәліметтермен жұмыс істеп келеміз.

Сондықтан жасанды интеллект арқылы деректерді өңдеп, нақты қорларды анықтайтын жүйелерді енгізу стратегиялық маңызға ие.

– Жолдауда инвестициялардың негізінен мұнай-газ секторы мен ірі қалаларға шоғырлануы аймақтар арасындағы теңсіздікті күшейтіп, урбанизацияны арттырып отырғаны айтылды. Осыған байланысты өңірлерде, әсіресе аудан орталықтарында өндіріс ошақтарын ашудың маңызы қандай?

– Инвестиция мәселесі – Жолдаудағы басты экономикалық бағыттардың бірі. Бірақ бүгінде инвестицияның дені мұнай-газ секторы мен ірі қалалар төңірегінде шоғырланған. Шынында да бұл аймақтар арасындағы теңсіздікті күшейтіп отыр. Президент Жолдауын ескере отырып, енді инвестицияны өңірлерге бағыттап, аудан орталықтарында өндіріс ошақтарын ашу керек.

Мысалы, Атырау облысының төрт ауданында мұнай-газ инфрақұрылымы бар. Бірақ өндіріс нысандары ауданда тіркелмегендіктен, жергілікті бюджетке салық түсімі де жоқтың қасы. Егер жаңа өндіріс ошағы ауданда іске қосылса, олардың экономикалық әлеуеті артып, халық жұмыспен қамтылар еді. Урбанизация деңгейі де төмендеп, инфрақұрылым жаңарады.

– Екінші деңгейдегі банктердің ролі тек қаржы операторы болып қалмауы тиіс деген ұсыныс бар. Олар нақты секторға қаржы салып, Ұлттық банк және Үкіметпен бірігіп, инвестиция тартудың тиімді жолдарын ұсынуы тиіс. Сіздіңше, банктердің өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және инновациялық жобаларға қаржыны бағыттауы елдің экономикалық өсуіне қалай әсер етеді және бұл бағытта қандай шаралар қажет?

– Екінші деңгейдегі банктердің ролі тек қаржы операторы болудан әлдеқайда жоғары болуы тиіс. Олар нақты секторға қаржы салып, Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп экономикаға инвестиция тартудың тиімді жолдарын ұсынуы шарт.

Банктердің қаржыны өңдеу өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына және инновациялық жобаларға бағыттауы экономикалық өсімді қамтамасыз етеді.

– Ауыл шаруашылығына тартылған қаржыға қарамастан, агрохабтар, логистика орталықтары мен ветеринария-фитосанитария салаларында кемшіліктер баршылық. Оны шешу үшін қандай нақты шаралар қабылдау қажет деп ойлайсыз?

– Ауыл шаруашылығына соңғы жылдары 2 миллиард доллар қаржы тартылғаны анық. Бұл – саланы дамытуға бағытталған маңызды қадам. Алайда мұның өзі жеткіліксіз, ол нақты тиімді құрылымдар мен жүйелерге жұмсалуы тиіс.

Қазір агрохабтар мен логистика орталықтарын дамытып, ветеринария мен фитосанитария салаларын жетілдіру аса өзекті. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығында бұл бағыттар – әлі де шешілмеген мәселелердің бірі. Мысалы, мал шаруашылығында ветеринарлық қызметтің деңгейі төмен, шаруа қожалықтарында төрт түліктің денсаулығын қадағалайтын нақты жүйе жоқ. Малдың ауруы көбейіп, кейде жаппай қырылу фактілері жиі кездеседі. Бірақ мұндай кезде жауапты мекемелерге немесе үкіметке ғана шағымдану жеткіліксіз. Себебі, мал иелерінің өздері малды ветеринариялық тексеруден өткізуге, жүйелі мониторинг жүргізіп, қайталанатын аурудың алдын алуға қажетті шараларды ұстанбай отыр. Ветеринарлық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі де өз деңгейінде емес. Бұл саланың өнімділігіне кесірін тигізіп, экономикалық шығынға соқтырады.

Сонымен қатар, егін шаруашылығында фитосанитариялық жағдайға көңіл бөлу керек. Өсімдік аурулары мен зиянкестерге қарсы жүйелі бақылау мен алдын алу шаралары жеткіліксіз. Бұл да өнім көлемінің азаюына және сапасының төмендеуіне себеп болады.

Осы мәселелерді шешу үшін орталық және жергілікті атқарушы орган тарапынан кешенді шаралар қажет. Біріншіден, агрохабтар мен логистика орталықтарының жұмысын тиімді ұйымдастырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сақталып, өңделуін жақсартқан жөн. Екіншіден, ветеринариялық қызметті жақсартып, барлық шаруа қожалығы үшін қолжетімді ету тиімді. Ол үшін арнайы мониторинг жүйесін енгізу арқылы малды жүйелі түрде тексеріп, аурудың алдын алатын профилактикалық шараларды дамыту қажет.

Фитосанитария саласында да заманға сай технологияларды пайдаланып, өсімдіктердің денсаулығын бақылау мен қорғау ісін күшейту керек. Бұл бағытта цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану арқылы аурулар мен зиянкестерді ерте анықтап, тиімді шаралар қабылдауға болады.

Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығын дамытудағы қаржы тарту – жақсы бастама. Бірақ оның дұрыс әрі мақсатты жұмсалуы, қажетті инфрақұрылымның дамуы және кәсіби бақылау жүйесінің орнатылуы маңызды. Сонда ғана ауыл шаруашылығы тұрақты әрі тиімді дамып, елдің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

– Қазақстанның жер ресурстарын тиімді пайдалану және транзиттік әлеуетін арттыру мәселелері туралы не ойлайсыз? Жер беру тәртібін өзгертіп, спутниктік мониторингті енгізу және көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту арқылы елдің экономикалық дамуына қалай ықпал етуге болады?

– Жерді стратегиялық ресурс ретінде қарастыруға тоқталсақ, Президент кешегі Жолдауында айтып өткеніндей, 13,5 миллион гектар жер қайтарылыпты. Алайда оның тек жартысы ғана тұрақты айналымға енгізілген. Осы орайда, ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәртібін түбегейлі өзгерту қажет деп ойлаймын. Бұл – дұрыс шешім. Электрондық жүйені енгізумен қатар, жерді беру ғана емес, оны игеру мен жауапкершілік мәселелерін де қамту керек. Сол мақсатта жерге спутниктік мониторинг орнату да қолға алынуда.

Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары, біз Еуразияның кіндігінде орналасқан елміз деп мақтанамыз. Алайда, қазір бұл әлеуетті толық пайдалана алмай отырмыз. Сондықтан көлік және логистика саласын дамыту аса маңызды. Бұл сала экономиканың драйверіне айналуы тиіс және Президент бұл мәселені де қамтыды. Мысалы, былтыр жүк тасымалдау көлемі бір миллиард тоннадан асты, бірақ бұл көрсеткіш Қазақстан үшін жеткіліксіз. Мұндағы себеп – инфрақұрылымды жаңғырту және транзиттік жолдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігі.

Еуропа мен Қытайға бағытталған қысқа әрі ыңғайлы жолдарды салу өте маңызды. Себебі, көршілес Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы арқылы жаңа балама дәліздер ашылып жатыр, ал біз бұл мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз. Сондықтан транзиттік бәсекеге қабілетті болуға ерекше көңіл бөлу қажет. Жолдарды салуда елді мекендердің дамуын да назарға алу керек. Тағы бір маңызды мәселе – кедергісіз тасымалдау жүйесін құру. Бұл жүйе электрондық форматта жүзеге аспақшы. Смарт карго жүйесін енгізу де осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі.

– Мемлекет басшысы Жолдауында судың тапшылығы – біздің басты сынағымыздың бірі. Каналдар желісін жаңғыртып, заманға лайықты технологияларды енгізбейінше, су ресурстарын тиімді пайдалану мүмкін еместігін айтқан еді. Олай болса, суды үнемдеу және каналдарды модернизациялау бойынша қандай нақты шараларды жүзеге асыру қажет?

– Ең басты назар аударатын мәселе – су тапшылығы. Бұл көптен бері айтылып келе жатқан, әрі болашақта ең өзекті проблемаға айналуы мүмкін тақырыптардың бірі. Су ресурстарын үнемдеудің маңызы артқан сайын, каналдар желісін салуда жаңа технологияларды енгізу қажеттігі айқын көрініп отыр.

Қазір судың жоғалмауы тек халықтың үнемділігіне ғана емес, каналдар жүйесінің тиімділігіне де тікелей байланысты. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін каналдарды дәстүрлі, ескі әдістермен қазып келеміз, бұл судың шамамен 20%-ының ысырап болуына әкеліп соқтырады. Каналдарды толтырып, ұстап тұру да күрделі әрі шығынды процесс.

Сондықтан, оларды жобалау және жаңғырту кезінде қазіргі заман жабдықтарын, қатқыл табанды каналдар жүйесін, су сақтау қоймалары мен көктемгі қар суын жинақтау қоймаларын пайдалану керек. Мұндай шаралар үшін техникалық-экономикалық негіздемелерді мұқият жасап, тиімді жоспарлау қажет. Бұл тәсіл суды сақтап, ауыл шаруашылығы мен басқа салалардың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді деп сенемін.

Су – өмірдің қайнар көзі, сондықтан оған деген қамқорлықты арттыру  біз үшін ортақ міндет.

– Жолдауда фармацевтикалық өндірісті дамытуға ерекше назар аударылды. Сіздің ойыңызша, бұл саланы дамыту мен ғылыми зерттеуді қаржыландыруда қандай нақты шаралар қабылдау қажет?

– Мемлекет басшысы 8 қыркүйектегі Жолдауында фармацевтикалық өндірісті дамытуға, әсіресе жұқпалы аурулармен күресуге және онкологиялық сияқты күрделі ауруларға қарсы дәрілер шығару мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл – елдің денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық міндеттердің бірі ретінде аталып өтті. COVID-19 пандемиясы еліміздің дәрі-дәрмекке тәуелділігін көрсетіп берді. Бұл жағдай бізге өзіміздің фармацевтикалық өндірісті дамыту қажеттігін біржола ұғындырды. Сондықтан болашақта бұл саланы жетілдіруге ерекше көңіл бөлу керек.

Жұқпалы аурулармен күресу, онкологиялық және басқа да ауыр дерттерге қарсы тиімді дәрілер шығару – еліміздің денсаулығын қорғаудағы стратегиялық мақсат. Бұл бағытта тек дәрі-дәрмек өндірісін кеңейтіп қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыруға, инновациялық технологияларды енгізуге де баса назар аудару қажет. Сонымен қатар, фармацевтикалық комбинаттар салу – тек өндірісті арттыру ғана емес, сапалы дәрілерді қолжетімді етуге бағытталған маңызды қадам. Мемлекет пен бизнес бірге ғылыми әлеуетті пайдалана отырып, ұлттық дәріхана желісін нығайту керек. Бұл – елдің медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басты міндеттердің бірі.

Жалпы алғанда, пандемиядан алған сабақ – отандық фармацевтика өндірісін қалыптастырып, сыртқа тәуелділікті азайту. Бұл бағытта нақты әрі жүйелі шаралар қабылдау – болашақтағы денсаулық қауіпсіздігіміздің кепілі.

– Ұлттық мәдениетті сақтау мен дамыту мәселесі Президент Жолдауында қарастырылды, бұл бағытта жаңа жобалар мен бастамалар жоспарлануда. Бұқаралық спортты дамыту арқылы жастардың рухани және денсаулық жағдайын жақсарту үшін қандай нақты қадамдар атқарылмақ?

– Расында ұлттық мәдениетті сақтау мен дамыту мәселесі мемлекет басшысының назарынан қалған емес. Елдің рухани тұтастығы мен болашағының кепілі – ұлттық мәдениеттің маңыздылығы аталып өтті. Қазіргі заманда жастар түрлі ақпараттық кеңістіктегі діни ағымдар мен идеологиялық бағыттардың ықпалына түсіп жатқаны да айтылды.

Сондықтан, мәдениет үйлері мен саз мектептерінің қызметін кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды барынша насихаттау қажеттігі ерекше көрсетілді. Бұқаралық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау да Жолдаудың маңызды бағыттарының бірі. Бұл тек денсаулықты нығайтуға ғана емес, жастар арасында патриоттық рухты көтеруге, ұлттың бірлігі мен татулығын нығайтуға бағытталған шара ретінде қарастырылды. Мемлекет спорт инфрақұрылымын дамытып, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балаларға арналған дене шынықтыру орталықтары мен ойын алаңдарын көбейтуді қолдайды.

Жолдауда ұлттық мәдениет, өнер мен спортты дамыту арқылы елдің рухани және физикалық әлеуетін арттыру – тұрақты даму мен біртұтастықтың маңызды факторы. Осы бағыттағы іс-шаралар жастардың санасын тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға және қоғамдағы оң өзгерістерге ықпал етеді деп күтілуде.

– Кешегі стратегиялық құжатта 2027 жылы саяси жүйені жетілдіру аясында қос палаталы парламенттен бір палаталы парламентке көшу туралы ұсыныс айтылды. Бұл реформа қандай мақсаттарды көздейді және оның елдің саяси тұрақтылығы мен даму перспективасына әсері қандай болады?

– Иә, Президент қыркүйектегі Жолдауында саяси жүйені жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, 2027 жылы Қазақстан қос палаталы парламенттен бір палаталы парламентке көшуі мүмкін. Бұл маңызды өзгеріс халықтың пікірі негізінде референдум арқылы шешілмекші. Мұндай реформа саяси жүйені оңтайландыруға, заң шығарушы биліктің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен бірге, жаңа парламенттің тек партиялық тізім бойынша сайлануы жоспарланып отыр, бұл партиялардың қызметін жандандырып, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Оппозициялық партиялардың да белсенділігі күшейіп, олардың саяси процестерге қатысуы қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Мұның бәрі саяси тұрақтылықты нығайтып, елдің дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын.

Осы реформалар арқылы мемлекет саяси жүйесін ашық әрі демократиялық деңгейге көтеруге ұмтылуда. Жолдауда бұл бағыттағы нақты шаралар мен келешектегі жоспарлар да қамтылды, ол Қазақстанның саяси дамуы үшін маңызды қадам деп бағаланады.

Қазақстанның даму стратегиясы кешенді әрі ауқымды. Цифрлық технологиялар, инвестиция тарту, экономиканың әртараптануы, әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешу – ел болашағын айқындайтын маңызды бағыттар. Әділ билік, білікті азаматтар, белсенді еңбекқор халық пен мемлекетшіл рух – Қазақстанның табысты дамуының негізгі кілті. Ел даму жолында нақты қадамдар жасап, реформаларды сапалы жүзеге асыру арқылы жаһандық көштен қалмай, өз орнын нығайта түседі.

– Президент Жолдауының ізін суытпай, сұхбат беріп, ой-пікіріңізбен ашық бөліскеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button