УАҚЫТ НАЙҚАЛУДЫ КӨТЕРМЕЙДІ
— Аймақ басшылары мен министрлер Елбасы жүктеген тапсырмалардың орындалысына жеткілікті көңіл бөлмей отырғандығын жасырмаймын,-деді Үкімет басшысы мәжілісті ашардағы кіріспе сөзінде. — Премьер-министр ретінде бұған бірінші кезекте өзім де басыммен жауаптымын. Ал, Президент тапсырмаларының орындалуы біздің әрқайсымыздан тиімді де нәтижелі жұмысты күтеді.
11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы барлық салада да атқарылып жатқан істердің барын баяндап, бағалай келе, кемшін қалған тұстардың да аз еместігін алға тартты. Оларды жолға қойып, жөнге келтіру мақсатында көптеген міндеттерді де жүктеді. Олардың жүзеге асырылу барысы нешік, не орындалды, нені орындауымыз қажет? Кезекті мәжілісте осы жағына баса назар аударылды. Күн тәртібіндегі мәселенің мән-жайын Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев баяндады.
Мәлімделгеніндей, Президенттің алға қойған міндеттерін орындау жөнінде республика бойынша 70 іс-шарадан тұратын ауқымды жоспар жасалынған. Соның 46-ын үстіміздегі жылдың соңына дейін іске асыру көзделген, ал 22-сі келер жылдың еншісіне қалдырылған. Соның өзінде екеуін бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша Заң жобасы қабылданғаннан кейінгі екі ай мерзімде орындау межеленген.
Таратып айтқанда, бекітілген іс-шаралар жоспарында төмендегідей төрт бірдей нормативтік-құқықтық актіні дайындау қарастырылған. Олар: бірінші, «Мемлекеттік органдарда сатып алуларды өткізу жөніндегі конкурстық комиссиялардың төрағалығына сол құрылымдардың бірінші басшыларының тағайындалуын қамтамасыз ету туралы» (2013 жылдың желтоқсан айы); екінші, «Қолданыстағы заңдылықтың мемлекеттік сатып алулардың қорытындыларына келіспеушілік білдіру немесе теріске шығару процедураларын жетілдіру бөліміне өзгертулер енгізу туралы» (2014 жылдың мамыр айы); үшінші, «Бюджеттің орындалуы мен оған кассалық қызмет көрсету Ережелеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы»; төртінші, «Артық бюджеттік процедуралар мен келісімдерді қысқарту туралы» (екеуі де бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша ҚР Заңы қабылданған соң екі ай мерзім ішінде).
Келесі кезекте мемлекет бюджеті қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды дайындау, сараптамадан өткізу және жобалық-сметалық құжаттамасын бекіту тәртібін жетілдіру; 2013-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономикаға қарсы әрекеттің кешенді жоспарының орындалуы (әр жылдың ақпан айында); алкогольді өнімдердің айналымына бақылауды күшейту жөніндегі заң жобасы (2013 жылдың желтоқсан айы); салық базасының өсіміне мүдделілігін қамтамасыз ету мақсатында шағын бизнестен алынатын салықтар, жинақтаулар мен өзге де міндетті төлемдерді жергілікті деңгейге беру туралы ұсыныс (2013 жылдың желтоқсан айы); ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын арттыру және оларды отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар туралы (2014 жылдың 1 шілдесіне дейін); Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру туралы (әр жылдың ақпан, тамыз айлары) баяндамаларды дайындап, Мемлекет басшысының назарына ұсыну ұйғарылған.
Тұтастай алғанда, Президент тапсырмасы бойынша әзірленген жоспарға енгізілген іс-шаралардың жартысынан көбі (70-тің 42-сі) төрт мемлекеттік органға, атап айтқанда, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Өңірлік даму, Қаржы, сондай-ақ Индустрия және жаңа технологиялар министрліктеріне бекітілген.
Бұдан бөлек, үстіміздегі жылдың желтоқсан айына дейін мемлекеттік және салалық бағдарламаларды қаржыландыру мен оңтайландырудың басымдық бағыттарын белгілеу, өңірлерді дамыту мәселелері бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау және Өңірлік даму министрліктері арасындағы өкілеттіктердің аражігін анық ажырату жөніндегі ұсыныстарды Үкіметтің қарауына енгізу міндеттелген.
Министрлер кабинетінің мүшелері мен мәжіліске қатысушыларды осы жайлардан егжей-тегжейлі хабардар еткен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев сонымен қатар еліміздің Бас прокуратурасына, басқа да салалық министрліктер мен ведомостволардың тарапына да біраз нақты тапсырмалардың берілгендігін қаперледі. Соның ішінде өзінің басшылығындағы министрлікке жергілікті атқарушы органдардың есептілігі мен жұмыс көрсеткіштерінің санын оңтайландыру, Өңірлік даму министрлігіне мемлекет қазынасынан қаржыландырылатын жобаларды дайындау, сараптама жасау және жобалық-сметалық құжаттамасын бекіту тәртібін жетілдіру жолдарын айқындау, ал Көлік және коммуникация министрлігіне жолдар құрылысын жүргізу барысында жаңа технологиялар мен материалдарды пайдаланудың есебінен күрделі шығындарды арзандату механизмдерін ойластыру және де оны 2014 жылдан бастап өндіріске енгізу міндеті жүктелгендігін мәлімдеді.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселе төңірегінде өзге де жауапты лауазым иелерінің өз салалары бойынша хабарламалары тыңдалынып, қаперге алынды.
Мәжілісті қорытындылаған Премьер-министр Серік Ахметов жоғарыда келтірілген Президент тапсырмаларының әрқайсысының нақты орындалу мерзімінің барлығын, оларды көрсетілген уақытынды сапалы әрі тиянақты түрде орындау, бюджет қаражатының тиімді де мерзімді игерілуіне атсалысып, үлес қосу парыз болып табылатынын, сол үшін де үлкен жауапкершіліктің талап етілетінін меңзеді.
Селекторлық мәжілісте айтылған мәселелерді мұқият тыңдап, таразылаған аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов те қостап, қолдайтындығын білдірді. Осы орайдағы облыста атқарылатын істерді тиісті ұйымдар басшыларына қадағалай тапсырды.
Дәулетқали АРУЕВ,