img 20200525 wa0015

Жеңілдетілген карантин: Орталықтардың онлайн қызметі (+ФОТО)

Жаңалықтар Саясат ФОТОГАЛЕРЕЯ Қоғам

Аtr.kz/25 мамыр, 2020 жыл. Өткен аптадан бастап Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысын жаңа форматта баста­ды. Енді орталыққа кіру үшін электрондық кезекті брондап, онда тек қағаз құжаттамамен байланысты қызметтерді алуға болады. Осы орайда, жеңілдетілген карантин жағдайындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс барысымен таныстып қайттық.

 Міне, Азаттық көшесінің бойында орналасқан орталықтың №3 бөліміне келдік. Ғимараттың алдында шоғырланған адам жоқ. Керісінше, әлеуметтік қашықтық бойынша келушілерге арналған орындықтар қойылған. Мекемедегі санитарлық- эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталатыны бірден байқалады.

img 20200525 wa0013

Кіре берісте бізді Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Жанар Бисенова қарсы алды. Қолымызды анти­септикпен шайғаннан кейін, қызмет көрсету залына беттедік. Келушілер бір-бірінен қауіпсіз қашықтықты сақтап, барлығы бетперде мен қолғап киген.

«Індеттің қаупі әлі сейілген жоқ. Сондықтан электронды үкімет порталында азаматтарға мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамы қолжетімді. Жеке және заңды тұлғаларға электронды цифрлық қолтаңба беру қызметі де онлайн форматта қолжетімді. Мына келген тұтынушылардың дені арнайы әлеуметтік көмек көрсету құжаттарын толты­ру, жер учаскелеріне актілерді дайындау және беру қызметі, мерзімі өтіп кеткен куәліктерді ресімдеу үшін келген. Бұл қызметтер «қағаз» қызметтер тізбесіне жатады» деп түсіндірді тәжірибелі маман.

Жалпы, облыста 13-мамыр­дан бастап қалалық 1, 2 және 3 бөлімдер, сонымен қатар, мамандандырылған ХҚКО, 18-мамырдан бастап көші-қон қызмет көрсету орталығы мен Жылыой аудандық бөлімінен басқа аудандық ХҚКО бөлімдері өз жұмысын бастады.

Енді корпорация арқылы 694 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілсе, соның 97-і орталық арқылы көрсетіледі. Ал, аудан­дар өз жұмысын бұрынғыша жалғастырады.

img 20200525 wa0014

Күту залында мемлекеттік қызмет түрлерін алуға келіп отырған тұтынушыларды әңгімеге тарттық. Өзін Ақылбек Сейітжанұлы деп таныстырған азамат жеке куәлігінің мерзімі өткендіктен электронды кезек алуға мүмкін болмағанын ай­тады.

«Мемлекеттік қызметтерді онлайн алу тиімді. Бұрын мән бермеппін, «Электрондық үкімет» жүйесі көп жағдайды шешеді екен. Тіпті автокөлікті де онлайн сатып алып, он­лайн рәсімдеуге болады екен. Төтенше жағдай кезінде таны­сым «Көлік сатып алдым» деген. Карантин кезінде қайдағы көлік, автоцондар жабық емес пе де­сем, қазір бәрін онлайн жасауға болады екен дейді. Содан мен де «Электрондық үкімет» порталы­мен таныса бастадым. Расында солай, қызметті үйде отырып-ақ алу мүмкіндігіне ризамын…» деген ойымен бөлісті ол.

Айтса айтқандай, каран­тин кезінде барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтары жабық болды. Алайда, адам өмірінде түрлі жағдайлар бо­лады, адамның қайтыс болуы, сәбидің дүниеге келуі және мерзімі өткен жеке куәліктерді ауыстыру секілді. Міне, осы уақытта әр тұрғын қызметтің басым бөлігін онлайн алуға бо­латынын түсінді. Барлығы дерлік egov.kz сайтынан қызмет алуды шұғыл түрде игеруге кірісті.

Қала тұрғыны Айсұлу Иманғалиева да құжат ресімдеуге келген.

«Көптен бері келіп тұрғаным осы. Барлық қызметкерлер жақсы жұмыс істейді, құжаттар да дайын. Залға көп адам жіберілмейді, бұл дұрыс, карантин шара­ларын қатаң сақтау керек!» – деді ол.

Тағы бір келуші де орталықта санитарлық ереже­лер сақталатынына ризашылық білдірді.

Сондай-ақ, зейнеткерлер, көп балалы отбасылар және мүгедектер электрондық қызметтерді ХҚКО-нан ала ала­ды. Әр фронт-офисте олар үшін жеңілдік терезесі жұмыс істейді. Олар да орталыққа баратын уақытын алдын ала брондауы ке­рек. Ол үшін «1414» және https:// egov.kz/services/SR.06/#/ арқылы өтінім беруге болады.

«Бұл азаматтардың ХҚКО-да көптеп жиналуын болдырмайды және вирусты жұқтыру қаупін жояды, осы ретте қызмет алушы­лар да өз уақытын үнемдейді. Ал­дын ала брондаусыз еш қызмет көрсетілмейді» деп нықтап айт­ты жолбасшымыз Жанар Би­сенова.

Статистикаға көз жүгіртсек, облыс бойынша бір күнде бес мыңға жуық қызмет көрсетілсе, оның ішінде 350 құжат аталған қалалық №3 бөлімнің еншісінде екен. Ал, жеңілдетілген ка­рантин жағдайындағы жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма күндері 9:00-17:00, сенбіде 9:00-14:00 уақыт аралығында түскі үзіліссіз қызмет көрсетеді.

img 20200525 wa0011

Мамандардың айтуынша, қызметтердің басым бөлігін «Электрондық үкімет» пор­талынан алу үшін ЭСҚ (электрондық сандық қолтаңба) болса жеткілікті. Ал, электрон­ды цифрлық қолтаңбасы жоқ болған жағдайда үйден шықпай- ақ қызмет алуға болады. ЭСҚ алушыны сәйкестендіріп, аза­матты растау үшін фото түсірілім жасау керек болады және өзінің жеке куәлігін жүктеп, бейне­байланыс арқылы қосылған ХҚКО қызметкерінің бірнеше сұрағына жауап беруі керек. Ал, жақында заңды тұлғаларға да ЭСҚ-ны онлайн алу мүмкіндігі іске қосылды.

Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы үйден шықпай, «Электрондық үкімет» пор­талын пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтерді он­лайн алуға барлық жағдай жасап отыр. Қызметтерді қашықтан алу арқылы біз өзімізді және жақындарымыздың денсаулығын сақтап, ортақ қауіпсіздікке өз үлесімізді қосамыз.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

 Мерзімі өткен жүргізуші және жеке бас куәлігімен шілде айының 10-ына дейін жүруге болады. Ол үшін адамдарға ешқандай айыппұл салынбайды. Егер құжаттың пайдалану мерзімі өтпеген болса, онлайн режимінде «egov. kz» сайты арқылы жаңартуға болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған