Тоқаев: Еліміздің туристік әлеуетін пайдалану керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында еліміздің туристік әлеуетіне тоқталып, бұл салада жұмыс ақсап тұрғанын сынға алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
«Туризм серпінді жобалар қатарында болуға тиіс» деген Президент осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатқанын, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келе жатқанын сынға алды.
Мемлекет басшысы кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындауды тапсырды.
«Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн екенін атап өтті.