Тоқаев: Экономикалық өсімнің сенімді көзі –сапалы адами капитал
Экономикалық өсімнің сенімді көзі –сапалы адами капитал мен сындарлы мәдениетаралық диалог. Бұл туралы Санкт-Петербор халықаралық экономикалық форумында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Экономикалық өсімнің сенімді көзі – бұл сапалы адами капитал мен сындарлы мәдениетаралық диалог. БҰҰ жариялаған Халықаралық мәдениеттердің жақындасу он жылдығы аясында біз еліміздің мәдени алуантүрлілігін сақтау және халықаралық деңгейде өркениетаралық диалогты ілгерілету саясатын жалғастырамыз. Осы жылдың қыркүйек айында елордамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезі өтеді. Біз бұл форумның жұмысына Ресейден діни жетекшілердің қатысуын құптаймыз», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің қатысуымен жоғары білім беру жүйесін белсенді түрде қайта форматтау жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының дәстүрлерін нығайту тұрғысынан халықаралық академиялық байланыстарды тереңдету ерекше маңызға ие. Бірқатар бірлескен білім беру және мәдени бастамаларды сәтті жүзеге асыру елдеріміздің прогрессивті экономикалық дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін», — деді ҚР Президенті.