
Татарстанмен әріптестік нығайтылды
Облыс әкімі Серік Шәпкенов бастаған атыраулық делегация Татарстан Республикасы Раисының шақыруымен Қазан қаласына жұмыс сапарымен барды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндағы негізгі мақсат — Ресей мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайтып, аймақаралық әріптестікті кеңейту.
Делегация құрамында мемлекеттік органдар, мәслихат және бизнес өкілдері болды.
Сапар мұнай-химия кәсіпорындарын аралаудан бастау алып, қазақстандық меймандарға өндірістегі, шикізат өңдеудегі озат технологиялар көрсетілді.

Ұйымдастырушылар Инвестициялық даму агенттігінде стратегиялық, энергетикалық және өнеркәсіптік бағыттағы ынтымақтастықтың инвестициялық мүмкіндіктері мен перспективасына баса назар аудара отырып, аймақтың экономикалық және өнеркәсіптік әлеуеті жайында жан-жақты баян етті.
Бұдан бөлек, сауда-өнеркәсіптік палатасында бизнес-форум ұйымдастырылып, Атырау облысымен серіктестіктің болашағы, оның экономикалық әлеуеті мен инвестициялық басымдықтары талқыланды. Бұл тиімді әріптестікті дамытуға ықпал ететін тың идеялардың пайда болуына мүмкіндік туғызды.

–Біздің тарихымыз аймақтағы қоғамдық келісім мен экономикалық дамуда айтарлықтай үлесі бар бауырлас татар халқымен тығыз байланысты.
Қазақстан мен Татарстан – ортақ мәдени дәстүрлер біріктіретін рухани туыстас республикалар, бұл біздің берік әріптестігіміздің, бекем байланысымыздың негізі болмақ.
Біз Татарстанның мұнай саласындағы, мұнай-химия секторындағы жетістіктерін мақтанышпен атай келе, оны тәжірибе алмасудың, өзара дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деп сенеміз, — деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.

Форум аясында «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ мен Татарстан Республикасының Өнеркәсіптік кластерімен арада ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ басқарма төрағасы Данияр Таханов пен Татарстан Республикасының Өнеркәсіптік кластерінің басқарма төрағасы Сергей Майоров қол қойды.
Делегация білім, бизнес-инкубаторлар мен инновациялық жобаларды біріктіретін көп функциялы экожүйе — Башир Рамеев атындағы ИТ-паркте де болды. 2022 жылы пайдалануға беріліп, ІТ мамандары мен кәсіпкерлердің негізгі алаңына айналған паркте заманауи коворкингтер, мәжіліс залдары, дата-орталық, киберспорт аренасы, дронпарк бар.