Тарихи маңызды саяси оқиға
Конституциялық реформа және республикалық референдум бізге не береді? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуге қатысты ұсынысынан қандай нәтиже күтеміз? Елдің саяси өмірінде маңызы зор демократиялық бастаманың бет алысы, бағыты қалай болмақ?
Қазақстанда Конституциялық реформа жасалады. Қазірдің өзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсыныстары Конституциялық кеңеске түсіп, кеңес 33 бапқа енгізілетін 56 түзетуді қарастыра бастады. Сіздің сауалыңызға орай, осы түзетулердің негізгілеріне тоқталайын.
Біріншіден, Президенттің саяси партияларға мүшелігіне байланысты. Кезінде Франциядағы V Республиканың негізін салушы Шарль де Голль: «Мемлекет басшысы мемлекеттің негізіне жауапты адам болуы керек. Сондай-ақ, ол ешқандай партияға жатпауы керек. Маңызды мәселелерді елмен референдум арқылы шешеді, ал, елге қауіп төнген жағдайда елдің тұтастығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету құқығына ие болуын талап етеді. Президент елдің ең жоғары лауазымды тұлғасы – аралық судья болып табылады және халықтың сотына жүгінуге мүмкіндігі бар» деген болатын. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес енді Қазақстанда Президент, Конституциялық сот төрағалары, Жоғарғы сот, Орталық сайлау комиссияларының мүшелері, әскерилер, Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері саяси партияларға мүше бола алмайды.
Айта кетейік, «Amanat» партиясының таяуда өткен съезінде Президент жетекші партиядан шығатынын мәлімдеген болатын. Бұл нақты шешім болды.
Екінші маңызды өзгеріс, Президенттің туыстары ұлттық компания басшылығы мен өзге де жоғары лауазымдарға тағайындала алмайды деген заң. Осынау талап өзге де министрлер мен ведомство басшыларына қатысты болуы мүмкін. Бұл Қазақстанды жайлаған жемқорлық пен сыбайластыққа қарсы бағытталған нақты қадам болуы керек.
Үшіншіден, Елбасыға қатысты. Конституцияда Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи роліне қатысты «Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деп жазу ұсынылып отыр. Ал, Конституцияның 46-шы бабындағы «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады» деген тармақ алынып тасталады.
Төртіншіден, Президенттің өкілетін азайтып, Парламенттің «қолын ұзарту» сияқты саяси реформалар басты бағыт болмақ. Енді заң қабылдау құқығы Мәжілісте болып, Сенаттың құзырында мақұлдау, не мақұлдамау ғана қалды. Мәжіліс заң қабылдар кезде Сенатпен ақылдасады. Егер Сенат заңды мақұлдамаса екі тарап бірігіп, талқылайды. Бұл жерде екі палатаның да құқығы тең екенін байқауға болады. Осылайша, тиімді шешім қабылдап, дұрыс заң шығаруға мүмкіндік туады.
Жалпы, Парламенттік республикалар демократияға жаңа жол бастаған елдер үшін анағұрлым қолайлы, өйткені Парламенттің ұжымдық мәні биліктің барлық функцияларын бір адамның қолына шоғырландыру мүмкіндігін қиындатады. Ықпалды Парламент – бұл әртүрлі саяси мүдделерді көздейтін партиялар мен топтар арасында өзара түсіністік пен ымыраға келу орны.
Бесіншіден, енді «Конституциялық кеңес» «Конституциялық сот» болып өзгереді. Осы уақытқа дейін азаматтар «кеңеске» тек сот арқылы жүгіне алған. Ал, ол өтініштің «тағдырын» судья шешіп келді. Енді халық нақты проблемасымен «Конституциялық сотқа» жүгіне алады;
Алтыншыдан, Конституцияда өлім жазасы мүлдем алынып тасталады. Қазақстанда қазіргі таңда өлім жазасына мораторий жарияланған. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативті хаттама өлім жазасын алып тастауды көздейді. Бұл құжат 1989 жылы 15 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеяның 44/128 қарарымен қабылданған. Хаттаманы ратификациялаған мемлекеттер өлім жазасын алып тастау адамзаттың құндылықтары мен адам құқықтарының прогрессивті дамуын нығайтуға септігін тигізеді деп санайды.
Жетіншіден, Конституцияның 6-шы баптағы «жер, оның қойнауы, өсімдік, тағы басқа қазба байлықтары мемлекеттің меншігінде» деген жері «халыққа тиесілі» деп өзгертілді.
Қазақстан қазына, қазба байлығы жағынан дүние жүзіндегі ең бай деген он елдің қатарына кіреді. Қаншама, тіпті ондаған миллионнан асатын халықтар өз жерлері болмағандықтан, ұлт есебінде егеменді мемлекеттікке қол жеткізе алмай отыр. Біздің дербес ұлт есебінде тәуелсіз ел болуымыз – осы киелі Қазақ жерінің арқасы. Сондықтан оны барынша қадірлеп, қастерлеп, оған ұлттық мүдде тұрғысынан қарауымыз керек.
Сайполла САПАНОВ,
тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы