НАҚТЫ СЫН – БОЛАШАҚҚА БАҒДАР

Қазақта «ауруын жасырғанмен, ажал әшкере етеді» деген нақыл бар. «Тәтті өтіріктен ащы шындық артық» деп те жатамыз. Міне, Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында барлық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдар басшыларына қатаң сын айтып, нақты тапсырма бергенінен кейін тағы да осы нақылдардың байыбына терең бойлағандай болдық.

Сөз жоқ, еліміз тәуелсіздік алған ширек ғасырға да толмайтын аз ғана уақытта өзге кейбір мемлекеттер сан жылдар жетегінде ие бола алмаған толайым табыстарға қол жеткізді. Егемендікке бастап қадам басқан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы халық басына түскен қиыншылықты соны көрген аға және орта буын өкілдері ұмытқан жоқ. Мен Құлсары қаласының қос мәрте әкімі болған кезімде алдыма келіп көмек сұраған талай адамның жанайқайын бүкіл болмысыммен түйсінген едім. Енді соны кейінгі толқын көрмесін деп тілейміз.

Жалпы, қазір біз «о баста неден бастадық, қандай қиындықтар көрдік?» дегеннен гөрі, «бүгін не тындырып жатырмыз, алдағы жоспарымыз қандай?» дейтін сауалдарға жауап іздегеніміз жөн. Президент сонау 2050 жылға дейінгі еліміздің даму бағытын нақты белгілеп берді. Демек, меже айқын, міндет белгілі. Бұл – барлық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдар үшін келешекте атқаратын жұмыс бағдары. Демек, біз де күнделікті қызметімізде соны басшылыққа алуға тиіспіз.
«Шындық шыңға шығарады. Жалғандық жарға жығады» демекші, жоғарыға өтірік ақпар беріп, өзін судан таза, сүттен ақ етіп көрсету – мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын қылық. Қазір, баршаға мәлім, Атырау облысы бойынша да алдыңғы жылдары көптеген жетістік атаулының артық айтылғаны белгілі болып отыр. Қағаз жүзінде ғана жасалдыға саналған жұмыстар шын мәнінде аяқталмаған болып шықты. Соның зардабын қарапайым халық көріп отыр. Мәселен, ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен, табиғи газбен, электр энергиясымен қамту бағытындағы дәйектер шындыққа жанасымсыз болып шықты. Бүгінде облыс басшылығы басқармалар жетекшілеріне ешқандай бұрмалаусыз, нақты мәліметтерді ғана ұсынуды талап етіп отыр. Сонда ғана өңірдің боямасыз көрінісін көруге болады. Сайып келгенде, осындай мәліметтер беру арқылы өзіміздің күшіміз жетпейтін, орталықтың қолдауы қажет етілетін нәрселерді жоғарыдан сұрау мүмкіндігіне ие болмаймыз ба? Ендеше, расында да, жоқ нәрсені неге бар етіп көрсетеміз?
Елбасы өзінің сөзінде «Мен барғанда тұсауы кесіліп, кейін тоқтап қалатын өндірістен қандай пайда бар? Енді, мені мұндай жерге шақырмайтын болыңдар» деп қатаң айтқан-ды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Мемлекет басшысы қол жеткізілген жетістіктерден гөрі, орын алған олқылықтарға көбірек тоқталып, өз міндетін салақ атқарған лауазым иелерінен нақты жауапкершілік сұрады.
Сөз жоқ, ел тәуелсіздігі салтанат құрған жиырма жылдан аса уақытта билік тізгінін қолына ала алатын жастар тобы қалыптасты. Орта буын басшылардың да бүгінгі күн деңгейіне бейімделетін уақыты жетті. Тек бір ғана талап, ол – халық алдындағы міндетін адал атқаруы. Түптеп келгенде, мемлекеттік қызметкер халықтан жиналған салықтан жалақы алады. Ол – халықтың қызметшісі. Елбасы тапсырмасымен барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында мерзімдік есеп беруі де сондықтан.
Қайткенде де, Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сындарлы сөзі, берген нақты тапсырмасы – барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер үшін келешекке жолбасшы, болашаққа бағдаршам. Біз оны осы тұрғыдан түсінеміз. Демек, қызметімізде ешқандай кемшілік жіберуге, жұмысымызда салғырттық танытуға құқымыз жоқ.

Ақылбек БАЙШАХАНОВ,
облыстық энергетика және коммуналдық
шаруашылық
басқармасының басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз