ТАЛАП ТА, ТАЛҒАМ ДА КЕРЕК
БАСТЫ ӨЛШЕМ – ЖҰМЫС САПАСЫ
ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар ағымдағы жылдың 26 наурызында күшіне енді. Айқын болған жай, бұған дейін өңірде 95 саяси қызметші болса, енді оның 7-уі қалды. «А» корпусына 14 адам кіреді, қалғандарының бәрі – «Б» корпусының құзырында. Жаңа жылдан бастап мемлекеттік органдарда әр персоналға баға беру басталады. Ал аудандар қандай критерийлермен бағаланады? Семинарда қозғалған мәселелердің өзегі осы болды.
Мемлекеттік органның персоналын басқаруды бағалау бес бағытта мынадай өлшемдер бойынша іске асырылатыны белгілі болды: персоналды іріктеу тәртібі; адам ресурстарын пайдалану тиімділігі; мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру деңгейі; мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықтың белең алу деңгейі; мемлекеттік қызметшілерді уәждеу деңгейі. Мемлекеттік қызмет персоналын бағалау жөнінде баяндаған Атырау облысы әкімі аппаратының кадр бөлімінің басшысы Жұмабай Ербол Ермұқанұлы сөзін осылай бастап, одан әрі қарайғы тұжырымдарын ауданның көрсеткіштерімен сабақтастырды.
— Аталмыш өлшемдердің қорытынды бағасымен 2012 жылдың есепті кезеңінде Жылыой ауданы облыс бойынша бірінші орынды иеленді. Осы кезеңде 44 әкімдік қызметкерлері біліктілікті арттыру семинарларынан, 23 мемлекеттік қызметші аттестациядан өткен. Кадрлар резервіне мемлекеттік органдардың өздері ұсынған үміткерлер қатарынан 7 (25, 9 %) қызметкер қабылданды. 12 мемлекеттік қызметші немесе есеп беру кезеңінде қабылданған адамдардың жалпы санының 44,4 пайызы бос лауазымдарға конкурстық негізде түсті. Бос лауазымдарға ауысу тәртібімен тағайындалғандар 29,6 пайыз құрайды, оның төртеуі жоғары лауазымды. 2011 жылмен салыстырғанда бұл өлшем бойынша көрсеткіш екі есеге артып отыр. Осылайша әкімдікте конкурстық негізде персоналды іріктеу жоғары деңгейде, одан кейінгі орындарда – ауысу тәртібі мен кадр резервінен іріктеу.
Аталмыш кезеңде тек бір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Бөлім басшысы аудандық әкімдіктің назарын бос тұрған лауазымдардың санын азайту, кадрларды тұрақтандыру және уәждеу, кадрлардың мансаптық өсу деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын ұйымдастыруға аударды.
ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕННІҢ ҰТАРЫ КӨП
Мемлекеттік органдармен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы баяндаған Атырау облысы әкімі аппаратының ішкі бақылау, мемлекеттік қызметтер және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Ізбасова Тұраргүл Абзалқызы заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді Жылыой ауданының көрсеткіштерін мысалға келтіре отырып, өз тұжырымдарын ұтымды сабақтастырды.
— Қазіргі уақытта облыс бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 қыркүйектегі №983 қаулысымен жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізілімі жаңадан бекітілуіне байланысты Жылыой ауданы бойынша 71 мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі, оның ішінде 33 мемлекеттік қызмет халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсету жоспарлану үстінде, — деді ол. – Жылыой ауданы бойынша 2013 жылдың тоғыз айында 13 177 мемлекеттік қызмет көрсетілді, осы кезеңде ауданға халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асқан мемлекеттік қызметтер бойынша арыз-шағымдар тіркелмеген.
Десек те оң істермен қатар орайы келмеген тұстар да бар екенін айтқан жөн. Айталық, ағымдағы жылдың тоғыз айында аудан бойынша жер саласында қағаз түрінде 12 құжат (2012 – 218 құжат), білім беру саласында «Е-әкімдік» ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде 30 құжат мерзімінен кешіктірілген.
Бөлім басшысының айтуынша, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Көлік және коммуникация министрінің бірлескен бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бағалау әдістемесіне сәйкес 2012 жылы бағалау 8 өлшем бойынша жүргізілген. Жылыой ауданы рейтинг нәтижесі бойынша – 8 орында. Бұл, әрине, тәуір көрсеткіш емес.
2012 жылы «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін орталықтар арқылы мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімдері бұзылуының 234 дерегі тіркелген. Аталған өлшем бойынша бағалау нәтижелерінің жалпы ұпайы 15 мүмкіндігінен 13,2 балл.
Облыс әкімі аппаратының ішкі бақылау, мемлекеттік қызметтер және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Т.Ізбасова аудандық әкімдікке бағалау шеңберінде есептік мәліметтерді нақты және толық, сапалық деңгейде уақытында беру, мемлекеттік қызметтер бойынша келіп түскен шағымдардың себебіне талдау жасау және оның нәтижелеріне сәйкес шаралар алу, электронды қызметтерді пайдаланушыларға арналған нұсқаулықтарды әкімдіктің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз ету, «Электронды үкімет» порталы және «Е-әкімдік» ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша келіп түскен өтініштерді уақытында өңдеу бойынша ұсыныстар берді.
ӨМІР ӨЗІ ТУЫНДАТҚАН ӨЗГЕРІСТЕР
ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларына түсінік берген Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің инспекция және бақылау бөлімінің меңгерушісі Қариев Мәлік Сағидоллаұлы маңызды құжаттағы жаңарулар ретінде мыналарды атады:
Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінен ұйымдық жағынан дербес болады, жауапты хатшыға немесе аппарат басшысына, ал олар мемлекеттік органның басшысына тікелей бағынады. «Б» корпусының бос және уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты мемлекеттік орган өткізеді. Тестілеуден өту кезінде уәкілетті орган белгілейтін шекті мәннен төмен емес баға алған азаматтардың конкурсқа қатысуға құқығы бар.
Мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының ұсынымы бойынша «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған конкурсқа қатысушы бір жыл ішінде, біліктілік талаптарына сай келген жағдайда, «Б» корпусының тиісті мемлекеттік әкімшілік лауазымына қосымша конкурстан өтпестен орналасуға құқылы.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне мемлекеттік органның ішінде және басқа мемлекеттік органдардан ауысу тәртібімен «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға рұқсат етіледі. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері аттестаттауға дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда тәртіптік жауаптылыққа тартылады. Егер мүдделер қақтығысы бар болса, мемлекеттік қызметшінің лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыруына тыйым салынады.
Семинарға аудан әкімі Мақсым Ізбасов қатысып, жүргізіп отырды.
Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы М.Ізбанов қойылған сұрақтарға жауап беріп, жиынды қорытындылады.
Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.