СПОРТ АРДАГЕРЛЕРІНІҢ ІЗГІЛІК ШАРАСЫ
Ал, ғұмыры ерте үзілген, былғары қолғап баһадүрі, КСРО спорт шебері Бауыржан Кемалханұлы Ресейдің Самара (бұрынғы Куйбышев) қаласында бокс шеберлік мектебінен өтіп, Мәскеу, Ульяновск, Орынбор, Волгоград секілді талай-талай орманды, қорғанды орыс қалаларындағы шаршы алаңдарда шиыршық ата ойнақ салып, он екіде бір гүлі ашылмай кеткен жоқ па?! Құлсарыда өткен халықаралық бокс турниріне Ресейден арнайы келген Б.Ибраевтың бір кездегі бапкері Сергей Кривенцов Бауыржанның шәкірттері қаулап өсіп келе жатқанын көріп, қатты толқыды, тәлім-тәрбие боларлық сөз арнады жастарға.
Бүгінде Жылыойдың қос балуаны, «Еркін күрес тарланы» ордендерінің иегерлері Марат Мәуменов пен Нұрсипат Ғалимов өңірдегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, спорт ардагерлерінің талап-тілегін ескеріп, мұң-мұқтажын да жоқтап қояды.
Ашығын айту керек, аудан басшысы Мақсым Ізбасовтың қолдауымен өңірде «Спорт ардагерлері Одағы» құрылуы бұл сала жұмысының өрге басуына ерекше серпін берді. Енді олар Елбасының өткен жылғы халыққа Жолдауын насихаттау бағытында елеулі шаралар өткізуге жұмылып отыр.
…Міне, енді Жаңа жыл қарсаңында «Кең Жылыой» мәдениет үйінде «Спорт ардагерлері Одағы» ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларға арналған ізгілік шарасын өткізуге мүмкіндік алды. Ата-аналарымен келген балалар да көп жиналған. Олар №1 Құлсары балалар саз мектебінің әдейі дайындаған қайырымдылық концертін ерекше ынта қоя тамашалады. Кездесуді саз мектебінің домбырашылар ансамблі Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашты. Өнер ордасының мұғалімдері мен шәкірттері хормен және жеке дауыста ән салып, би билеп, көпшіліктің көңілдерін бір серпілтіп тастады.
Аудандық ерікті мүгедектер қоғамы басшысы Балия Мұқанова шараны ұйымдастырушыларға қазақтың ұлттық ойындарын дамытуға көңіл бөлінсе екен деген тілегін жеткізіп, спорт ардагерлері ұйымына ескерткіш ретінде алтын асық кәдесыйын тапсырды.
«Спорт ардагерлері Одағы» төрайымы Сәния Ғаббасқызы мұндай балаларды рухани жағынан қолдау, оларға ізгілік, қайырымдылық көмегін жасау шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын айтып, сәтімен жиналып қалған спорт саласының байырғы мамандарын ересен жетістіктеріне орай Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Шара соңында спорт ардагерлері өздері дайындаған жаңажылдық сыйлықтарын жиынға қатысып отырған балалардың барлығына таратып, тосын кәдесыйлар жасады.
Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.