Жарнама
Саясат

Ауыл әкімін сайлау саяси жаңғыруға қадам бастайды

Облыста 10 желтоқсанда бірқатар ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтеді. Бұл жолғы науқан – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі саяси реформаларына сәйкес, өкілеттігі аяқталатын әкімдерге қатысты. Аймақтағы сайлау додасы Құрманғазы ауданының Бөкейхан, Нұржау, Азғыр, Кудряшов ауылдық округтері мен Жылыойдың Қосшағыл ауылдық округінде ұйымдастырылады.

– Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұрады. Ал ауыл әкімін сайлау – ауыл тұрғындарының мүддесі үшін қолға алынған саяси реформаның бірі. Мемлекет басшысы айтқандай, әкімдерді сайлау елдің саяси даму жүйесіне тың серпін береді. Өйткені, әкімдер – мемлекеттік басқарудың әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жергілікті тұрғындар олардың күнделікті қызметіне қарап, мемлекеттік басқару жүйесіне баға береді. Сонымен қатар, бұл әдіс тұрғындардың саяси сауаттылығын да арттырып, олардың мемлекетті басқару және шешім қабылдау үдерісіне жол ашады, — деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумов.

Расында да мемлекет басшысы айтқандай, басты бағытты саяси реформаларға бұрып, әуелі мемлекеттік басқаруды реттеп алмай, елдегі өзге тыныс-тіршілікті түзету қиын. Сондықтан, ауыл әкімдерін сайлаудың маңызы өте зор. Өкілеттігі аяқталуға жақын әкімдердің лауазымдары міндетті түрде есепке алынып отырады.

Құрманғазы ауданындағы Бөкейхан және Нұржау ауылдық округтері әкімдерінің өкілеттіктері биыл 27 желтоқсанда аяқталса, қалған үш ауылдың әкімдері қазан айында мерзімінен бұрын өкілеттіктерін тоқтатқан.

2021 жылдан бері Құрманғазы ауданы бойынша барлығы 11 ауылдық округтің әкімдері тікелей сайланды. Халық арасынан сайланған әкім ел-жұрттың жауапкершілігі мен сенімін арқалай жүріп, ауыл-аймақтың шын жанашыры ретінде артылған үмітті ақтауға қызмет етіп келеді. Ал алдағы саяси науқанда ауданда 4 ауылдық округтің әкімі сайланады.

– Округ әкімдеріне барлығы 13 кандидат ұсынылды. Оның үшеуі «АMANAT» партиясының атынан, 10-ы өзін-өзі ұсыну тәртібімен тіркелді. Аудан бойынша сайлау өтетін 8 учаскелік сайлау комиссиясы саяси додаға қатысты барлық жұмысты ұйымдастырып жатыр. Учаскелік комиссиялар 6 мектептің және 2 мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан. Сайлау учаскелері бойынша 5483 адам сайлаушылар тізіміне енгізілген, оның 35-і мүмкіндігі шектеулі азамат, алғаш дауыс беретін 107 жас сайлаушы бар, — деді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Болат Бірәлиев.

Сайлаудың ашық әрі әділ өтуі және үгіт-насихат қызметінің құқықтық реттелуі, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, байқаушылардың, үміткерлердің сенім білдірілген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуы да тиісті заңдылықтар негізінде жүзеге асады.

– Сайлау жүйесі мажоритарлық болғандықтан ең көп дауысқа ие болған үміткер ауыл әкімі болып сайланады. Тұрғындардың өздері таңдаған үміткер әкім болып, ауылды басқарса, билікке деген сенім де күшейеді. Халықтың сеніміне ие болған азамат өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен арқалайтыны анық. Сондықтан бұл сайлау – ауыл халқының өз аумағындағы көшбасшыны дұрыс таңдауына, ауыл берекесін арттыруға ерік беретін саяси талпыныс деп ұққан абзал, — деді Б.Бірәлиев.

Ал Жылыой ауданындағы Қосшағыл ауылдық округі әкімдігіне барлығы 3 кандидат ұсынылып, тіркелген. Екі кандидат өзін-өзі ұсыну тәртібінде тіркелсе, 1 үміткер «АМАNАТ» саяси партиясынан ұсынылды.

– 2021 жылдан бері Қосшағыл, Қара арна, Ақкиізтоғай, Майкөмген ауылдық округтері, Жаңа Қаратон кенті және Құлсары қаласы әкімдерінің сайлауы өтті. Биылдың өзінде ауданда үш ауылдың әкімі сайланды. Ең көп дауыс жинап, додадан оза шыққан әкімдер қазір өз қызметтерін абыройлы атқарып жатыр. Ауыл әкімін халықтың өзі таңдап сайлауы жаңа Қазақстанға бет бұруда қолға алынған өте ұтымды реформалардың бірі. Жалпы, әкім сайлау біздің халыққа бейтаныс рәсім емес. Өйткені, бұрын да ата-бабамыз болыс, би, ханды да сайлады. Ұлы даланың өзіндік қалыптасқан сайлауы да, басқару жүйесі де болды. Осы үдерістің жаңа Қазақстан құруда қайта жаңғырып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады, — деді Жылыой аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Зәуре Тұхпатоллақызы.

Қазір мансап үшін таласпай, ел мүддесі үшін ғана аянбай тер төгетін кезең. Бұл – демократиялық жариялылыққа қадам басудың нәтижесі. Президенттің қолға алған бүгінгі реформаларының түпкі мәні де осы. Сондықтан әр өңірде алдағы ауыл әкімдерінің сайлауы ашық әрі сәтті өтуі тиіс. Бір ғана шарт – халық таңдау жасарда сөздің емес, істің ғана адамына сенім артқаны жөн. Сонда ғана елдегі ауыл-аймақ өркендеп, биікке қанат қағары сөзсіз.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button