
ШЫҰ шеңберіндегі экономикалық интеграцияның жаңа кезеңі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық қаржы орталығы «Астана» базасында ШЫҰ-ның перспективалы инвестициялық жобаларын сүйемелдеу жөніндегі офисін құру туралы ұсынысы ұйымның экономикалық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын айқын көрсетеді.
Бүгінде ШЫҰ елдерінің жаһандық ЖІӨ-дегі үлесі 30%-ға жетіп, ал ұйым ішіндегі өзара сауда көлемі 650 миллиард доллардан асты. Мұндай жағдайда инвестициялық ағымдарды жүйелеуге және елдердің күш-жігерін шоғырландыруға қауқарлы институционалдық құрылымдардың қажеттілігі туындайды.
Бұл орайда АХҚО-ны алаң ретінде таңдау кездейсоқ емес. Өз жұмыс істеген жылдары орталық өзін айқын ережелерге, тәуелсіз сот жүйесіне және консалтингтік әрі заңгерлік қызметтердің дамыған экожүйесіне негізделген бірегей қаржы юрисдикциясы ретінде көрсете білді. АХҚО аясында ШЫҰ офисін орналастыру Астананың өңірлік қаржы хабы ретіндегі орнын күшейтіп, көлік, энергетика және цифрландыру салаларындағы шекаралық жобаларды кешенді түрде сүйемелдейтін платформа қалыптастырады.
Аталған бастама ШЫҰ Даму банкі жобасымен ұштаса отырып, ерекше мәнге ие болмақ. Бұл екі құрылым бірігіп, жобаларды әзірлеуден бастап қаржыландыруға дейінгі бірыңғай инвестициялық контурды қалыптастыра алады. Мұндай тәсіл ШЫҰ елдерінің өзара іс-қимылын практикалық интеграция деңгейіне шығарып, әрбір бастамаға нақты институционалдық қолдау мен капиталға қолжетімділік қамтамасыз етеді.
Әлемдік тұрақсыздық пен протекционизм үдей түскен жағдайда, АХҚО жанынан ШЫҰ офисін құру – инвесторлардың сенімін нығайтатын, қаржыландыру көздерін әртараптандыратын және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды қадам. Осылайша Қазақстан ШЫҰ экономикалық күн тәртібінің институционалдық сәулетшісі және Шығыс пен Батыс арасындағы стратегиялық дәнекер ретіндегі рөлін нақтылап отыр.
Жадыра ӘСЕТҚЫЗЫ,
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ Азия зерттеулері бөлімінің аға сарапшысы