Жарнама
Саясат

ШАРАЛАР КӨП, НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаеваның баяндауынша, биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 43 тақырып бойынша іс-шаралар жүзеге асып, оған облыстық бюджеттен 50 млн. теңге қаржы бөлініпті. Бұл жобалар Елбасының Қазақстан халқына арналған Жолдауын, Ұлт бірлігі Доктринасын түсіндіруге және насихаттауға, ұлттық маңызы бар, салт-дәстүрді сақтауға, сондай-ақ, діни теріс ағымдардың алдын алуға бағытталған шараларды қамтиды. Өткен айларда VІ Азаматтық форум аясында ұйымдастырылған әлеуметтік маңызды жобалар байқауына қатысқан үкіметтік емес ұйымдар арасынан «Хиуаз» қоғамдық бірлестігі «Ең ерекше жоба», «Тарлан-Атырау» қоғамдық бірлестігі «Нәтижелі жоба», «Глобус» қоғамдық бірлестігі «Ең әлеуметтік жоба» номинацияларын иеленді.
Осы аталған және басқа да шаралар үкіметтік емес ұйымдардың көптеген бастаманы қолға алып, үлкен жұмыс атқарып отырғанын көрсетеді. Олардың қаншалықты нәтижелі болып, қоғамның алға басуына көмегін тигізіп отырғаны жөнінде қосымша талдаулар жасалып отыр. Атап айтсақ, өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды, ұлтаралық және дінаралық қатынастарды, облыс өңіріндегі проблемалық мәселелерді зерделеу, облыс тұрғындарының жергілікті БАҚ өнімдеріне сұраныс деңгейін анықтау мақсатындағы мониторингтер облыста тиісінше талдау жасайтын құрылымның болмауы себепті Астана қаласындағы «Қоғамдық пікір» зерттеу институты мен Ақтөбедегі «Сана» талдау орталығы арқылы жүргізілген.
Ал, мемлекеттік тапсырыс алған үкіметтік емес ұйымдар жұмысының тиімділігін саралаумен «Атырау облысының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі айналысады. Бірлестіктің атқарушы директоры Динара Қожасованың айтуынша, аталмыш сараптау бірнеше индикаторлар бойынша жүзеге асады. Оған сәйкес, шараның өткізілу деңгейі, қамтитын аумағынан бастап, қатысушылары, спикерлер мен әдістемелік құралдардың болуы, тұрақтылығы, қаржылық тиімділігі, кері байланыс орната білуі, тағы басқа да талапқа сәйкестігі анықталады. Мониторинг нәтижесінде бірлестіктердің жаңа жобалардың ұзақ мерзімдік әсерін бақылау жағына келгенде ақсайтыны белгілі болып, сын ретінде айтылды.
Көтерілген тақырыпқа байланысты пікір білдірген облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы Алтынбек Нысанғалиев облыс және қала көлеміндегі тиімділігі төмен, ұсақ-түйек шараларды азайтып, соған жұмсалған қаржыны қажетті, өзекті деген бір үлкен шараны өткізуге жұмсасақ деген ойын жеткізді. Яғни, саннан гөрі сапаға көшсек, ұтарымыз мол болмақ. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан Мырзағалиев кәсіптік білім саласына бағытталған кейбір шаралардың тиімділігі аса байқалмағанын айта келіп, мониторинг жүргізуде негізге алынатын индикаторларды нақтылай түсуді ұсынса, «Оралман-Жайық» бірлестігінің жетекшісі Құдабай Қаржауов шаралардың қай-қайсысы да пайдалы, көпке берері бар, мүмкін, бұл жерде үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибесі жетпей жатқан болар дегенге тоқтады.
Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан әлеуметтік тапсырыс бойынша үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырған жұмыстардың тиімділігін анықтау мониторингі бойынша жекелеген сын-ескертпелер айтып, кеңестің алдағы жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.

Құралай ҚУАТОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button