«Nur Otan» партиясы: Ұлт саулығы – маңызды мәселе

img 20201222 wa0081 Жаңалықтар

Денсаулық сапасын арттыру және қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін «Nur Otan» партиясы алдағы бес жылда нақты бекітілген іс-шаралар легін жүзеге асырмақ.

Мәселен, бекітілген бағдарламаға сүйенсек, біліктілікті арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында облыс бойынша 25 дәрігерді 2021-2025 жылдары шет елдегі алдыңғы қатардағы озық медициналық клиникаларына жолдау, дәрі-дәрмек қорын тұрақты қамтамасыз ету, 2025 жылға дейін 10 медициналық нысанның құрылысын аяқтау, 2025 жылға дейін жедел жәрдемге қажетті 53 автокөлікпен қамтамасыз ету көзделуде.
Облыстық мәслихатқа үміткерлер Айман Өтегенова мен Асылбек Жәкиевтің денсаулық саласы қызметкерлерімен өткен кездесуі барысында аталған тақырыптар кеңінен талқыланды. Облыстық ауруханада ұйымдастырылған басқосу барысында кандидаттар «Nur Otan» партиясының бесжылдық бағдарламасын таныстыра келе, атқарылатын ауқымды істерді атады.
«Бекітілген бағдарламада денсаулық саласына қатысты бірнеше маңызды мәселе көрініс тапқан. Барлық емдеу-сауықтыру мекемелерінің қызметкерлерін қажетті қорғаныс құралдарының тұрақты қорымен қамтамасыз етуді қатаң бақылауда ұстау, еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан интерндер мен резиденттерін жұмысқа орналастыру, 800-ден астам медициналық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көзделіп отыр» деген Айман Бағытжанқызы – медицина саласында бірнеше жылдық өтілі бар тәжірибелі маман, қаладағы №3 емхананың директоры.
Әріптестерімен жүздесу барысында негізгі басымдықтарды атаған ол қойылған сауалдарға да жауап берді. Қатысушылар тарапынан «Медицина мамандарын оқыту шараларында орта буын қызметкерлері ескерілмей қалады» деген мәселеге орай, нақты түсіндірген ол: «Облыс бойынша 25 дәрігер, соның ішінде акушер-гинеколог, неонатолог, балалар хирургі, травматолог, анестезиолог-реаниматолог, нейрохирург, онколог, жалпы тәжірибелік дәрігерлерді Ресей, Беларусь, Литва, Оңтүстік Корея, Түркия, Германия елдеріндегі озық медициналық клиникаларға жолдау жоспарлануда. Сіздің айтуыңыз орынды. Орта буын медицина қызметкерлерін де қамту мәселесін партия назарына ұсынамын» деді ол.
Кездесуге келген кандидат Асылбек Жәкиев 8 жылдан бері кәсіпкерлерді қолдау саласында табысты еңбек етуде. Партиялық бағдарламада денсаулық саласына басымдық берілгенін айрықша атаған ол «2021-2025 жылдар аралығында медицина мамандарының жалақысын екі есе жоғарылату көзделуде. Оған қоса, облыс көлемінде 10 медициналық нысан салып, ескі ғимараттарды жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Жедел-жәрдем көліктерінің қатары толығатыны да саланың дамуына септесетіні сөзсіз» деді.
Кандидаттар қатысушылардың бұдан басқа да сауалдарына жауап беріп, 10 қаңтарға белгіленген сайлауда белсенді болуға, «Nur Otan» партиясын қолдауға шақырды.

«Nur Otan» партиясының Атырау облысының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз