Сенімге селкеу түспесін
Ел Президентінің бастамасымен халқымыз жаңа және әділетті Қазақстанды орнату жолында ортақ мақсатпен жұмыла еңбектенуде. Әрине, осындай зор міндеттерді заманауи түрде жүзеге асыруда қос палаталы Парламенттің де рөлі ерекше. Әсіресе, әрбір талқыланатын заң жобалары халықтың талап-мүдделеріне сай келетіндей саналы әрі өміршең тұрғысында қабылдау саяси маңызға ие екені түсінікті. Бұл жердегі Парламент Сенаты депутаттарының көтерер жүгі мен жауапкершілігі аз емес.
Еліміздің түкпір-түкпірінен сайланатын сенаттықтардың белсенді қызметтері арқылы халыққа танылғандарының есімін қалың бұқара жақсы біледі. Мысалы, өз аймағымыздан сайланып барған марқұм Қайрат Ищанов ағамыз солардың бірі болған еді. Маңызды мәселелерді талдап-зерделеу және халықпен пікірлесу арқылы олардың оңынан шешіліп отыруына біраз еңбек сіңірді. Оның Сенат депутаты болған кезеңдерінде комитет төрағасы, Сенат төрағасының орынбасарына дейінгі сатыға көтеріліп, «Атырау облысының Құрметті азаматы» атануы да ерінбес еңбегі мен міндетті жұмысын атқарудағы тиянақтылығының, білімі мен білігінің жемісі екеніне ешкімнің күмәні жоқ.
Екі шақырылым бойынша сенатор болған Сәрсенбай Еңсегенов жайлы да көп айтуға болады. Ол аймағымыздағы біраз күрделі мәселені Үкімет пен түрлі салалық министрліктерге тікелей шығып, мүмкіндігіне қарай оңтайлы шешілуіне күш салып, мұрындық болды. Бірнеше жыл бойы шешімін таппай жүрген республикалық Атырау–Астрахань тас жолының күрделі жөнделуінің басталуына ерекше үлес қосты. Облысымыздағы балық шаруашылығын дамыту, ірі-ірі экологиялық мәселелерді көтеруде қажырлы қызмет етті.
Иә, жыл басында республикамыздың біраз аймағында жаңадан Сенат депутаттары сайланып, өз жұмыстарына кірісті. Олардың арасында бұған дейін облыстық мәслихаттың хатшысы лауазымын атқарған Әлібек Нәутиев те бар. Ол өндіріс саласында жұмыс жасаған. Облысымызда даму көрсеткіші мен өзіндік потенциалы жоғары үш ауданды басқарды. Облыс әкімінің ауылшаруашылық саласына жетекшілік ететін орынбасары болды. Білікті экономист. Былайша айтқанда, алдағы уақытта облысымыздағы шұғыл шешуді талап ететін негізгі күрмеулі мәселелерден хабары бар адам. Сондықтан Әлібек Ибатоллаұлының сенаторлық жаңа қызметіне де Атырау облысының экономикалық-әлеуметтік және саяси-мәдени жағынан жан-жақты дамуына лайықты үлес қосады деп сенеміз.
Мейірбек БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі