Сенім болса, жұмыс жүреді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің сайлауын 19 наурызда өткізу туралы Жарлыққа қол қоюын үлкен маңызды оқиғаның бастамасы, Президент ұсынған реформалардың заңды жалғасы деп түсінемін.
Өйткені, бұған дейін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сенат пен Мәжілістің қызметі қайта қарастырылды. Елдің дамуы үшін қажетті бірқатар өзекті конституциялық заң қабылданды. Президент сайлауы өтіп, қайта сайлану құқығынан айыру және мерзімін 7 жыл деп белгілеу секілді жаңашылдық енгізілді. Жасыратыны жоқ, бұдан бұрынғы мәслихат сайлауы халықтың көңілінен шықпады. Себебі, депутатты халық емес, партия таңдады. Осының салдарынан депутат пен халық арасы алшақтап кетті. Ендігі жерде қалаулысын халықтың өзі таңдайтындықтан бұл сайлау өзгелерден өзгеше боларына сенеміз. Депутат халықтың жанашыры, жоғын жоқтап, күйін күйттейтін жақыны болып, өз «статусын» қайта қайтаруы тиіс. Сенім бар жерде жұмыс та ілгері жүріп, адамдардың күнкөрісі де жақсара түседі.
Атап айтқанда, сайлауға партиялық тізіммен ғана емес, сонымен қатар, жеке азаматтар бір мандаттық округ арқылы да халық қалаулысы болып сенімге ие болмақ. Бұл саяси додаға аймақтың білім беру мекемелерінде еңбек ететін кәсіподақ мүшелері де белсенді қатысады деген ойдамын. Сайлаудың жаңа ерекшеліктерін пайдалана отырып, депутаттық мінберден халықтың әлауқатын жақсарту жолында шешімді шараларды қабылдауға атсалысу – азаматтық борыш. Сонымен қатар, мемлекет басшысы бастамасымен сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота туралы норма енгізілгені де мәлім. Енді олардың қатарына мүмкіндігі шектеулі жандар қосылмақшы. Осылайша, билік мінберінде өз дауысын естіртуге толық жағдай жасалады. Бұл биылғы сайлаудың нақты әрі маңызды ерекшелігінің бірі дер едім.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы