
Сайлау – саяси өзгерістердің көрінісі
Баршаға мәлім, 2019 жылы өзінің сайлауалды бағдарламасында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елде саяси-қоғамдық ахуалды жаңарту жолын ұсынды. Осыдан кейін 2019-2024 жылдар аралығында Қазақстанда саяси мемлекеттік басқару жүйесінде реформалар, өзгерістер орын алды. Жалпыхалықтық референдумда қолдау тапқан мемлекет басшысының ұсынысы – конституциялық реформаны іске асыру мақсатында Ата Заңға тікелей байланысты «Сайлау туралы» Заңға маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның нәтижесінде халық сайлайтын Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі жеті жылға және осы жоғары саяси лауазымға Қазақстан Республикасының азаматы бір рет сайланатын болып бекітілді.

Қалың бұқараның қоғамдағы белсенділігін арттырып, шешім қабылдау деңгейіне жол ашу мақсатында партиялық тізімдерге әйелдер мен жастардың 30 пайыздық квотасы енгізілді. Саяси партияларды тіркеу және олардың республика Парламенті Мәжілісіне өтуі үшін шекті мәні 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді, ауыл әкімдерін тұрғындардың тікелей сайлау әдісі қолданысқа енді. Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлауда аралас сайлау жүйесі қайтарылды, яғни отандастарымыз саяси партиялар ұсынған тізімдермен қатар бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша саяси партия арқылы немесе өзін-өзі ұсыну тәртібімен бәсең сайлау құқығын іске асыруға мүмкіндік алды.
Мысалы, Атырау облысындағы барлық деңгейдегі мәслихаттарда жалпы саны 140 депутаттық мандат болса,
олардың 15-і партиялық тізім арқылы сайланады және бәрі де облыстық мәслихатқа тиесілі. Қалған 125 депутаттың 15-і – облыстық мәслихатқа, 25-і – қалалық, 85-і – аудандық мәслихаттарға бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланады. Парламент Мәжілісіне мандат бөлу кезінде партиялық тізімдердегі әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін, ал облыстық мәслихатта әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді.
Әкімді халық сайлайды
Облыс аумағында 2021-2024 жылдар аралығында 68 ауыл, кент, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкімдерінің 97 пайызын жергілікті тұрғындардың өздері тікелей дауыс беріп сайлады. Сайлау туралы заңнамаға енгізілген талаптарға сәйкес бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған депутаттарды кері шақырып алу тәртібі де енгізілген. Яғни өз сайлаушыларының сенімін жоғалтқан, соның ішінде сайлау алдындағы бағдарламасын орындамаған депутатты сайлаушылар тиісті аумақтық сайлау комиссиясына өтініш беріп, кері шақырып алуына мүмкіндік берілді. Бұл жағдайда ескеретін мәселе – кері шақырып алу құқығы Мәжіліс немесе мәслихат депутатын сайлаған бір мандатты сайлау округінің сайлаушыларына тиесілі.
«Сайлау туралы» Заңға енгізілген тың өзгерістің бірі – байқау жүргізетін қоғамдық бірлестіктерге қатысты. Бүгінде саяси науқан кезінде байқау жүргізу құқығы тек арнайы аккредиттеуден өткен қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарға берілген.
Елде жүргізілген саяси процестерге қатысты өзгерістер жергілікті жерде сайлауды ұйымдастырып, өткізуге жауапты сайлау органдарының жұмысына да тиесілі болды. 2019 жылдан бастап аумақтық сайлау комиссиялары жұмыстарын қәсіби, яғни тұрақты негізде атқарады. Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынысымен маслихаттар сайлап берген сайлау комиссияларының өкілеттігі – бес жыл.
2024 жылы Атырау облысында сайлау комиссияларының 233 мүшесінің өкілеттігі тоқтатылып, құрамы жаңартылды. Жыл ішінде сайлаушылар санының артуына байланысты Атырау қаласында жаңадан 7 сайлау учаскесі ашылды. Облыс аумағында 39 учаскенің шекарасы өзгертіліп, Қызылқоға ауданында 2 сайлау учаскесі жабылды. Биыл 1 қаңтардағы мәлімет бойынша облыста 2472 мүшесі бар 370 сайлау комиссиясы қызметін жалғастырып жатыр.
Былтыр облыс аумағында ауыл әкімдерінің сайлауы 17 рет өтті. Олардың басым көпшілігі немесе 71 %-ы әкімдердің төрт жылдық өкілеттіктерінің аяқталуына байланысты болса, 5 әкім сайлауына өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуы себеп болды. Ол шаралардағы кандидаттарды ұсыну кезеңінде бір орынға орташа бәсекелестік деңгейі – 3,7 адам. Ұсынылған 63 кандидаттың 57-і – өзін-өзі ұсынғандар, 6 адамды саяси партия ұсынды. Тиісті аумақтық сайлау комиссиялары 48 кандидатты тіркеп, 17-і әкім болып сайланды. Олардың 9-ы бұл лауазымға алғаш рет сайланған, яғни сайланған 17 әкімнің 53 пайызы – жаңадан келгендер. Сайланған әкімдердің орташа жасы – 47, жұмысқа кіріскен ең жас әкім – 34 жаста. Әкімдер сайлауында байқаушылардың белсенділігі де анықталды. Сайлау өткізілген 37 учаскедегі дауыс беру күнінде барлығы 127 байқаушы жұмыс істеді.
Өткен жылы облыс аумағында бір мандатты сайлау округтері бойынша шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына екі рет сайлау өткізілді. Сайлау туралы заңнамаға сәйкес шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау жылына екі кезеңде – наурыз айының соңғы жексенбісі мен қазан айының соңғы жексенбісінде өткізіледі. Сондықтан былтыр бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша шығып қалған депутаттардың орнына сайлау 31 наурызда және Орталық сайлау комиссиясының келісімімен 8 желтоқсанда өтті. Наурыз айында Исатай және Құрманғазы аудандық мәслихаттарының шығып қалған депутаттарының орнына үш округте, желтоқсан айында Атырау қалалық, Жылыой және Қызылқоға аудандық мәслихаттарының шығып қалған депутаттарының орнына – барлығы 6 депутатты сайлау өтті. Сайлаушылардың орташа белсенділігі – 52 пайыз.
Референдумға түгел қатысты
Былтыр елдің саяси өміріндегі ерекшеліктің бірі – 6 қазанда өткен республикалық референдум. Оған дайындық барысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Атырау өңіріне арнайы іссапармен келіп, тасқын судан зардап шеккен Жылыой ауданының тұрғындары және жастармен кездесіп, аудандағы ахуалмен танысты.
Референдумда өз таңдауын жасаған жерлестеріміздің басым көпшілігі Қазақстан аумағында атом электр станциясын салуды қолдады. Саяси науқанды құрамында 2037 мүшесі бар 9 аумақтық, 274 референдум комиссиясы өткізді. 1632 байқаушы жұмыс істеген референдум күні дауыс беру құқығы бар атыраулықтардың
63 пайызы учаскеге келіп, таңдау жасады
Жалпы сайлау – халықтың саясат пен мемлекеттік басқаруға атсалысуының нышаны. Сондықтан сайлау органдарының басты мақсаты – қалың бұқараның сайлау құқықтарын іске асыру үшін заңдылық талабына сәйкес барлық жағдайды жасау. Тиісті талаптың негізінде мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын іске асыру мәселесі де реттелген. Былтыр Атырау облысының аумағында құрылған сайлау учаскелерінің 96 пайызында мүгедектігі бар сайлаушылар тіркелген. 3000-нан астам мүгедектігі бар сайлаушының 17 пайызы кресло-арбаларды пайдаланады, әрбір екіншісі зағип, ал 29 пайызы – құлағында мүкісі бар азаматтар. Оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында облыс аумағындағы барлық сайлау учаскесі ғимараттардың бірінші қабатында орналасқан. Әрбір учаске мүгедектігі бар сайлаушылар үшін арнайы дауыс беру кабинасы, бейімделген форматтағы ақпаратпен қамтылған арнайы мониторлы компьютер, құлақаспаптар, Брайль қарпінде орындалған сайлау туралы ақпараттар, қосымша жарықтандыру, ұлғайтқыштар тәрізді қажетті құралдармен жабдықталған. Дауыс беру күні сондай санаттағы сайлаушылардың сұранысына сәйкес инватакси қызметін ұйымдастыру, сурдоаудармашы мамандарын жұмылдыру да жолға қойылды.
Әрине әр сайлаудың өз ерекшелігі бар. Сонымен қатар сайлау процесінде кездейсоқ жағдайлар да болып тұрады. Бірақ қандай жағдай болса да сайлау органдарының басты міндеті – өз міндетін қалтқысыз іске асыру. Былтыр көктемде өткен әкімдер сайлауында облыс аумағындағы су тасқынына байланысты сайлау учаскесіне бюллетендерді қайықпен жеткізуге тура келді. Мысалы, Махамбет ауданының Алға және Жалғансай ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өткен 14 сәуірде дауыс беру төтенше жағдаймен тұспа-тұс келді. Бірақ аумақтық сайлау комиссияларының ұйымдастыруы және тиісті органдардың қолдауымен сайлау учаскелерімен байланыс үзіліссіз қамтамасыз етілді.
Облыстағы ерекшеліктің бірі – өңірдегі инвесторлардың көптігі. Сондықтан ірі кәсіпорындар, әсіресе шетелдік инвесторлар қатысы бар жобаларға Қазақстанның басқа облыстарының тұрғындары сайлаушы ретінде қатысады. Саяси науқан кезінде сайлау органдары осы азаматтардың да сайлау құқығын іске асыру үшін жағдай жасауға міндетті. Мәселен, былтыр қазан айында өткен республикалық референдумда NCOC компаниясына қарасты Каспий теңізіндегі жасанды аралдарда вахталық әдіспен жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарға өз таңдауын жасауға мүмкіндік берілді. Әрине бұл алдын ала жүргізілген ауқымды түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асты. Дауыс беру күні жасанды аралдардағы отандастардың тізімі анықталып, олар сайлау заңдылығына сәйкес сайлаушылар тізіміне енгізілді. Арнайы дауыс беру орыны дайындалды. 6 қазанда Атырау қаласындағы учаскелік сайлау комиссиясының екі мүшесі тасымалданатын жәшіктерді арнайы тікұшақпен апарып, жасанды аралдағы жергілікті азаматтардың дауыс беру бюллетендерін учаскеге жеткізді.
Референдум күні заңды некеге отырған Бауыржан мен Дилназ есімді жас отау иелері Исатай ауданының Зинеден ауылындағы №136 референдум учаскесінде өз таңдауын жасап, отбасылық өмірінің алғашқы парағын осындай тарихи оқиғамен бастады.
Біліктіліктерін арттырып отыр
Әрбір сайлау науқаны алдын ала мұқият дайындықты талап етеді. Сол үшін сайлау органдары саяси процеске қатысушылардың біліктілігін арттыру мақсатында оқыту жұмыстарын үнемі жүргізеді. Былтыр Атырау облысында әкімдердің сайлауын ұйымдастыру барысында республикалық референдумды өткізуге дайындық кезеңінде сайлау, референдум комиссияларының мүшелері, БАҚ өкілдері мен байқаушылар үшін арнайы семинарлар өткізілді. Әкімдердің сайлауына қатысты барлығы 197 оқу семинары ұйымдастырылып, оған 2357 адам қамтылды. Ал, референдумға дайындық барысында өткізілген 348 семинарда 2470 адам біліктілігін көтерді.
Сайлау жүйесінің дамуы қоғамдағы өзгерістермен тікелей байланысты. Оны ұйымдастырушылардың басты мақсаты – қоғам санасында демократияландыру процесін бекіту, сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға бейімділікті қалыптастыру және сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігін арттыру.
Әсия ҚЫСТАУБАЕВА,
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА