Саясат

«Референдумға қатысу – халқымызға жүктелген зор жауапкершілік»

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін жарияланған референдум қазақстандықтардың көкейінде жүрген саяси реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Бұл туралы Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте Референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі өңірлік штаб жетекшісі Гүлзада Шакуликова айтты.

– Азаттықтың басты құндылығы – Ата Заң, — деді ол. – Әлемдік кеңістікте өз орнын айшықтаған тәуелсіз мемлекетіміздің алға қарай да өркендеуі үшін бұрынғы құқықтық жүйенің заман талабына сай жаңаруы – өте маңызды. Осы орайда, Мемлекет басшысы еліміздің саяси өміріндегі ең маңызды шешімді қабылдап, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жоспарлады және референдум жарияланды. Бұл жаңа саяси реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен басқа да жоғары оқу орындарын мысалға алсақ,  бізде Тәуелсіз Қазақстанда туылған жастар білім алып жатыр. Олар студенттік басқармалар, волонтерлік қызмет, басқа да маңызды іс-шаралар арқылы еліміздің дамуына атсалысып, зор жауапкершілік жүгін сезініп, елімізді жаңа жеңістерге жетелегісі келетінін аңғаруға болады

Сондай-ақ, спикер белгілі бір өкілеттіктерді Парламентке, Үкіметке және жергілікті жерлерге беру бастамасын қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл қоғамға өзін-өзі басқару  арқылы өз тағдырына жауапкершілік алуға мүмкіндік бермек. Ендеше, бұл ел үшін маңызды қадам және оны Конституцияда атап көрсету керек.

– Мажориталды сайлау жүйесі Парламенттің төменгі палатасында округтердің тікелей өкілдерінің рөлін және партияда жоқ кандидаттардың қатысуын белсендірек етеді. Білім беру ұйымдары студенттерінің бойында өзін-өзі басқару дағдыларын дамытуға, сындарлы дебаттар мен студенттік басқару  арқылы жаңаша ойлауды қалыптастыруға көңіл бөлуі керек. Референдумға қатысу – қоғамның демократиялық моделін енгізуге қаншалықты дайын екенімізді көрсетпек, — дейді Г.Тәңірбергенқызы.

Аталған штаб жетекшісі мұнайлы мекен тұрғындарын Президент бастамасын жүзеге асыруға шақырды. Оның ойынша, Қасым-Жомарт Кемелұлының суперпрезиденттік басқару моделінен Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейген саяси жүйеге көшу, демократиялық процестер қарқынын үдету, елдегі бірлік пен ынтымақты арттыру бастамасы қолдауға лайық.

– Жаңа және әділетті Қазақстан құру жолында азаматтардың мүддесі мен құқығын қорғау, саяси жүйені, әкімшілік-аумақтық құрылымды өзгерту, жаңа экономиканы қалыптастыру секілді бірқатар маңызды міндеттер тұр. Мемлекет басшысының саяси жаңғыру бағытындағы бастамаларына қолдау көрсету – елдігіміздің белгісі, — деген спикер Конституциялық өзгерістер бойынша Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзуді жүзеге асыратын Орталық сайлау комиссиясына, аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына, «AMANAT» партиясының республикалық және 17 өңірлік штабының жұмысына сәттілік тіледі.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button