САЙЛАУ АУЫЛДЫ ДАМЫТУДАҒЫ ҮЛКЕН САЯСИ ҚАДАМ
Ауыл әкімі сол ауыл халқының атынан мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара қарым-қатынастарда сенiмхатсыз өкiлдiк ететін лауазымды тұлға.
Ауыл әкімі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда көзделгендей, тұрғындардың өтiнiштерiн, арыз-шағымдарын қарайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнiнде шаралар қолданады.
Жер қатынастарын реттеу, автомобиль жолдарының салынуын, жөнделуiн қамтамасыз ету, қоғамдық жұмыстарды, жастар практикасын және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру сияқты жұмыстардан бөлек, пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, сотталғандарға қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру сияқты міндеттері бар.
Сондай-ақ, әрине — елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, сол ауылды сумен жабдықтауды ұйымдастыру және су пайдалану мәселелерiн реттейді, жалғызбасты жандарды жерлеуді, зираттарды күтіп-ұстау жөніндегі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады.
Әкімнің маңызды міндеттерінің бірі – ол табысы аз адамдарды анықтау, жалғызілікті қарттарға және еңбекке жарамсыз азаматтарға, мүгедектерге көмек көрсетуді ұйымдастыру.
Әрине, ауыл әкімдерінің халық күткен талаптан шыққаны жақсы, сол үшін біздің мемлекетіміз демократиялық тұрғыда ілгерілеу қадамын жасап, жергілікті тұрғындарға ауыл, кент әкімдерін сайлау құқығын беріп жатыр.
Сондықтан, халықтың өзі сайлап қойған әкімдер халық сенімін ақтайды деп сенеміз.
Бүгінгі күні – бағаның өсуі, қымбатшылық, жұмыссыздық, экологияның нашарлауы секілді проблемалар көп. Бұлармен жүйелі жұмыс жүргізу керек.
Әкімдер, ең алдымен жұмыссыздықпен күресуі керек. Ол үшін әрбір әкім жергілікті тұрғындардың шаруа қожалықтарын ашып, егін егуіне жағдай жасап, кәсіпкерлікті қолдағаны абзал. Әкім өз ауылының кәсіпкерлерінің өнімдерінің саудаға шығарылуына жәрдемдесіп, ауыл тұрғындарын арзан көкөніспен, ауыл-шаруашылығы өнімдерімен қамтуға жұмыстануы керек. Бұл бір жағынан ауылда маусымдық жұмыс орындары ашуға мүмкіндік береді.
Экологиялық мәселелерді шешуде де — ауыл тұрғындарына қоқысты бөліп жинау мәселелерін түсіндіріп, ауылды күтіп таза ұстау жұмыстарын жүргізу арқылы әкім үлес қоса алады.
Ауыл әкімдерінің денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды ұйымдастыруда да Заңмен көзделген міндеттері бар. Айталық, ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда ауруларды дәрігерлік көмек көрсететін таяу жердегі денсаулық сақтау ұйымына дейін жеткізіп салуды ұйымдастыру, қажет болған жағдайда жатқан науқасты денсаулық сақтау ұйымының стационарынан тұрғылықты жеріне дейін тасымалдауды ұйымдастыру сияқты міндеттері бар.
Өз ауылының әкімін сайлаған әрбір тұрғын әкімнің қызмет міндеттіліктерінің шеңберін біліп, одан өз міндеттерін заңға сай атқаруды талап ететін болса, ауыл әкімдерінің жұмысы жақсарады, ауылдардың әл-ауқаты көтеріледі.
Тіпті, газеттерден мүлдем алкогольдік ішімдік ішпейтін, спирттік ішімдіктер сатылмайтын ауылдардың бар екенін оқып жүрміз ғой. Ендеше, бәрі де әкімнің жауапкершілігіне, халықтың сұранысына байланысты.
«Ауыл – ел бесігі» дегендей, бәрі ауылдан бастау алады. Ауылды дамытсақ, елді дамытуға үлес қосқанымыз.
Сайлау ауылды дамытудағы үлкен бір саяси, әлеуметтік жаңа қадам деп есептейміз.
Салтанат РАХИМОВА
«Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіптік одағы» ҚБ
Атырау облыстық филиалының басшысы