САҒЫЗДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ
Тұрғындардың арыз-шағымдарымен, аудан әкімінің қатаң бақылауында тұратын тапсырмаларымен және округ әкімінің өткен есеп беру жиналысындағы тұрғындар айтқан ұсыныс-пікірлерімен атқарылған жұмыстар баяндамада жан-жақты талқыланды.
Жиналыста Кенбай орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бекбол Омаров сөз алды. — Былтырғы жылы ауылымызға көгілдір отын келіп, халық бір қуанып, мәре-сәре болса, биыл Сағыз селосындағы білім ошақтарының барлығы дерлік көгілдір отынға қосылып, оқушылар мен ұстаздарды бір қуантып тастады. Біткен іске ата-аналар да дән риза. Мектебімізге биылғы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда кабинеттеріндегі дидактикалық материалдар мен методикалық құралдар ескірген, тіпті жоқтың қасы. Тарих, география кабинеттерінде карта жоқ, физика, химия, биология кабинеттерінде әртүрлі тәжірибе жасайтын приборлар жетіспейді. Сондықтан, материалдар алып беруге көмек берілсе деген ұсынысым бар.
№9 орта мектеп мұғалімі Жанар Түркістанова былай деді: — Қазіргі уақытта мектепке дейінгі балалардың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Бұл салада мектебіміздің шағын орталық тәрбиеленушілеріне 5 млн. теңгеге әр түрлі заттар алынып, игілікке пайдалануда. Білім ошағындағы еңбек ететін мұғалімдер мен қызметкерлердің еңбекақыларының уақтылы берілуі де көңіл қуантарлық. Мектептің білім сапасын саралап көрсететін ҰБТ екені белгілі. Жыл сайын ҰБТ қорытындысымен мектебіміз жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Оған дәлел – соңғы үш жылда аудан мектептері арасында мектебіміздің алдыңғы үштіктің қатарында болуы. Биылғы оқу жылында да жақсы жетістіктерге жетеміз деген сеніміміз мол. Алдағы уақытта мектебіміздің күрделі жөндеуден өтетінін естіп қуанып отырмыз.
Сонымен қатар, жиналыста жеке кәсіпкер Әлия Таумұханова, селодағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жасан Есқайыров сөз алып, ауыл көлеміндегі жасалған жұмыстарға бағаларын беріп, соңғы жылдары ауыл көркінің жасарып, жаңарғанын тілге тиек етті.
— Бекітілген тұжырымдамаға сай округ әкімдері жылына төрт рет, аудан әкімдері жылына екі рет есеп береді, — деді жиналыста сөз сөйлеген аудан әкімі Мақсот Мұқанов. — Сағыз селосының халқы ауданның төрттен бірін құрайды. 2013 жыл табысты болды деп есептеймін. Бөлінген қаржылар түгелдей игерілді. Сағыз ауылдық округі бойынша жиырмаға жуық шаруа қожалықтары бар. Ол өте аз деп есептеймін. Мемлекет субсидия, техникалар алу үшін лизингтер беруде. Осы мүмкіндіктерді пайдалану керек. Биыл округ көлемі түгелдей таза ауыз суымен қамтамасыз етіледі. Ауылға су жүргізіліп болғаннан кейін егіс салу, көкөніс өсіру, мал басын көбейту жұмыстарымен айналысу керек. Ауылдық округте жағдайы өте төмен, соның ішінде тұрақты жұмысқа қабілетсіз отбасылар бар екенін білемін. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы зерттеп, анықтап отырмыз. Халықтың жағдайын жақсарту мақсатында ақылы қоғамдық жұмысқа тарту арқылы мұндай шаңырақтарға көмек көрсетудеміз.
Кенбай орта мектебі 91 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтеді. Темір жолдың арғы бетіндегі №3 ауылға 624 орындық мектеп салу да жоспарда бар. Елді мекендер бойынша клуб, кітапханалар ашылады. Дайын үйлер сатып алынады. Бұл мақсаттарға 2014 жылға 7 млн. теңге бөлініп тұр. «Шұғыла» мәдениет үйінің алдынан демалыс алаңын салуды жоспарлаудамыз. Аудан бойынша мәдениет үйлеріне 25 млн. теңгеге ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар алынып берілді. Ал, «Шұғыла» мәдениет үйіне 14 млн. теңге бөлінді. Сағыз селосына тазалық жұмыстарын жүргізу үшін техника алып береміз.
Жиналысқа қатынасушылар «Сағыз ауылдық округі әкімінің 2013 жылдың төртінші тоқсанындағы халыққа берген есебін» мақұлдаған қаулы қабылдады.
Мағрупа
БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,
Қызылқоға ауданы.