
Жауынгерлік тәрбие жөргектен басталады
«Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр». Бұл сөз Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының жүректен шыққан өнегелі нақылы және ел жадында мәңгілік сақталған ақиқат. Даңқты батыр айтпақшы, ержүректік, тәртіп пен отансүйгіштік адамның бойына бала кезден, бесіктен сіңірілуі тиіс. Шын жауынгер – тек қару ұстаған сарбаз емес, ұлт рухы мен ел намысы арқылы тәрбиеленген тұлға. Нағыз айбынды әскер от жүректі, жігерлі жастардан құралатыны анық. Ал біздің жастар Отан қорғауға дайын ба?
Осы және өзге де маңызды мәселелер Атырау облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Эльдар Шынғалиевпен сұхбат барысында қозғалды.

– Эльдар Қсрауұлы, Отан қорғау ер-азаматтың қасиетті борышы дейміз. Ендеше, күзгі мерзімді әскери шақыру науқанында жастарды іріктеу қандай тәртіппен жүзеге асып жатыр? Биылғы науқанның ерекшелігі неде?
– Шынында, бұл – дәстүрлі науқан. Дейтұрғанмен, мерзімді әскери қызметке шақыру – елдің қорғаныс қабілетін нығайтудағы маңызды және жауапты кезеңдердің бірі деп білемін. Өйткені, Отан алдындағы парызын өтеуге дайын жастарды іріктеп, кәсіби әскери өмірге бейімдеу жолындағы алғашқы баспалдақ осыдан басталады. Биыл күзгі науқан белгіленген жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Атырау облысынан 600-ге жуық жасты әскерге жөнелту жоспарланған.
Бүгінде шақыру жұмысы облыс бойынша белсенді түрде жүріп жатыр. Әрбір жастың денсаулығы, моральдық-адамгершілік бейнесі мен психологиялық жай-күйі мұқият тексерілуде. Әскери қызметке жарамды деп танылу үшін шақырылушы міндетті түрде бірнеше кезеңнен тұратын медициналық тексерулер мен психологиялық сынақтардан өтуі керек.
Әрине, дені сау, елге адал қызмет етуге дайын, отансүйгіш ұлдарды ғана іріктеп алуға тырысамыз. Тек онымен шектелмей, болашақ сарбазға әскери қызметтің мән-маңызын түсіндіріп, патриоттық рухты көтеру бағытында тәрбиелік жұмыстар да жүріп жатыр.
Биыл көктемгі шақырту сәтті өтті. Енді 1 қыркүйектен басталған күзгі шақыру 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Жұмыс жоспарға сай ұйымдастырылуда. Жалпы облыс бойынша 18 бен 27 жас аралығындағы 2000-ға жуық жас медициналық тексеруден өтіп, олардың арасынан 600-ге жуығы әскери борышын өтеуге аттанады.
– Әскерге шақырылушылар нақты қандай әскери құрылымдарға бөлінеді? Оларды бөлу кезінде қандай талаптар ескеріледі?
– Әскери борышын өтеушілер Шекара қызметі, Қарулы Күштер, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұлан әскерлерінің қатарында қызмет етеді. Қай салаға жіберілетіні олардың саулығы мен біліміне, физикалық дайындығы мен басқа да жеке қабілеттеріне байланысты анықталады.
Жаңа айттым, шақырылушылар міндетті түрде медициналық комиссиядан өтеді. Комиссия құрамында терапевт, хирург, невропатолог, офтальмолог, стоматолог, дерматолог секілді түрлі бейіндегі дәрігерлер бар. Психиатр мен әскери психолог та әрбір үміткердің жағдайын мұқият сараптаудан өткізеді. Бұл – қауіпсіздік пен тиімді қызмет үшін өте маңызды қадам.

Мерзімді әскери қызметтің маңызы
– Жас сарбаздар әскер қатарына қабылданғаннан кейін қандай дайындық кезеңдерінен өтеді? Олардың әскери машығын қалыптастыру, заманауи қару-жарақпен жұмыс істеу және мамандану бағытында қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Әскерге алынған жастар әуелі бір ай көлемінде алғашқы жалпы әскери дайындықтан өтеді. Бұл кезең олардың әскери тәртіпке үйренуі, саптық машықты меңгеруі, қарумен жұмыс істеуді үйренуі және тактикалық әрекеттерге бейімделуі үшін маңызды. Яғни нағыз жауынгерлік өмірдің бастамасы десек те болады.
Алғашқы дайындықтан кейін сарбаздар өз қабілеттеріне қарай мамандандырылады. Заман талабына сай әскер қатарында дронмен жұмыс істеу, радиобайланысты орнату, инженерлік-техникалық бағыттағы машықтарды меңгеру сияқты бағыттар да қамтылып отыр. Бұл жастардың тек әскери ғана емес, азаматтық өмірде де кәдеге асатын дағдыларды игеруіне жол ашады. Офицерлік құрамның кәсіби деңгейін арттыру мақсатында да арнайы курстар ұйымдастырылады. Мұның бәрі бүгінгі әскери жүйенің заманауи, мобильді әрі технологияға бейімделген күшке айналып келе жатқанын көрсетеді.
– Қазіргі жастардың әскерге деген көзқарасы қандай? Өз еркімен Отан алдындағы борышын өтеуге сұранатындар саны көбейіп жатыр ма?
– Иә, соңғы жылдары әскерге өз еркімен баратын жастардың саны артып келе жатқаны қуантады. Оның бірнеше себебі бар. Әуелі бұл – патриоттық сезім мен азаматтық борышты өтеуге деген ішкі жауапкершілік. Сосын көптеген жас құқық қорғау органдарына жұмысқа тұруды армандайды. Ол үшін әскерде қызмет ету – міндетті шарттардың бірі.
Кейбір жастар отбасындағы тәрбие мен ата-ананың ықпалымен әскерге сұранып жатады. Әсіресе, әкесі не атасы әскерде болған, ерлік туралы әңгіме-естеліктерді құлағына құйып өскен ұлдар елге қызмет етуді мақтаныш санайды. Бұл отбасылық тәрбиенің мықты екенін білдіреді.
Айта кету керек, қазір Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер жоқ десе де болады. Демек, бүгінгі жастар олардың ерлігі туралы тек кітаптан немесе естеліктерден ғана біледі. Сол себепті отбасында Отан, туған жер, ел қорғау туралы жиі айтылып отырса екен деймін. Ата-ана айтқан бір ауыз сөз бала тәрбиесінде үлкен роль атқаратыны сөзсіз. Жастарға Отанды сүю тек сөз жүзінде емес, нақты әрекет арқылы көрсетілетін қасиет екенін ұғындыруымыз қажет.

Сарбазды «SMS» шақырады
– Соңғы жылдары әскерге шақыру жүйесіне өзгерістер енуі жаңа цифрлық форматтың артықшылықтары әсер етті деген сөз бе? Осы арқылы жастарды көшеден ұстап мәжбүрлеп әкету әрекеттері тоқтатылды деуге бола ма?
– Иә, бүгінде Қазақстанда әскери қызметке шақырудың жаңа тәртібі күшіне енді. Енді жастарға бұрынғыдай шақырту қағазы қолма-қол берілмейді, арнайы «1414» нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл – цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, азаматтардың құқығын сақтай отырып, процесті жеңілдету мақсатында қабылданған шешім.
Ең басты өзгеріс – ешкімді көшеден немесе қоғамдық орыннан мәжбүрлеп ұстап әкетуге енді жол берілмейді. Алайда бұл адамның жауапкершіліктен босатылғанын білдірмейді. Шақырту алған адам белгіленген мерзімде жергілікті әскери басқару органына келуге міндетті. Келмесе, заң аясында жауапкершілік қарастырылған.
Өзіңіз айтқандай, бұрын оқу орнында студент мәртебесін алмаған жастарды казармаға әкелген жағдайлар кездескені рас. Бұл, әсіресе, университетке қабылдау мен әскерге шақыру мерзімдері сәйкес келмеген кезде болды. Қазір бұл мәселе кешенді автоматтандырылған жүйе арқылы тиімді реттеліп отыр.
Оқу орындары мен қорғаныс істері жөніндегі басқармалар арасында ақпарат алмасу оңтайландырылып, дерекқорлар Ішкі істер, Әділет, Білім және ғылым министрліктерінің мәліметтерімен біріктірілді. Нәтижесінде әскерге шақырылатын жастардың жеке деректері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі мен жұмыс орны туралы мәліметтер автоматты түрде тексеріледі. Университет пен колледж студенттері диплом алғанға дейін әскерге шақырылмайды, яғни білім алу процесі аяқталғанға дейін әскери қызметке қабылданбайды.
Биыл елде шамамен 42 мыңға жуық жас әскерге шақырылуы тиіс. Алайда, жастар шақырту SMS-хабарламасын назардан тыс қалдырса немесе белгіленген мерзімде әскери басқару органына келмесе, заң аясында мәжбүрлеп әкету шарасы қайта қолданылады. Бұл – құқықтық тәртіп пен міндеттілік арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін қажетті қадам.
– «Заңды білмеген зардап шегеді» деген қағида бар. Жуырда мемлекет басшысы қол қойған жаңа Заң арқылы әскери қызметке шақыру тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл қандай жаңалықтар?
– «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 31-бабына сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет – көктем мен күзде жүзеге асады. Көктемде – наурыздан маусымға дейін, ал күзде қыркүйектен желтоқсанға дейін жүргізіледі.
2024 жылғы 16 шілдеде мемлекет басшысы қол қойған жаңа Заңда да бірқатар маңызды өзгерістер бар. Оның бірі – жаңағы SMS-хабарлама арқылы шақырту жіберу. Электронды тәсіл мүмкін болмаса, шақырту қағаз түрінде бозбаланың жұмыс орнына немесе туыстарына табысталады. Яғни, бұл – көп арналы жеткізу жүйесі. Мұндай тәсіл арқылы әр жастың ақпараттандырылуы толығымен қамтылады.
Бұдан бөлек, алдағы екі айда тиісті құқықтық актілерге де өзгерістер енгізіледі. Мысалы, білім алу мақсатында жұмыс істеп жүрген жастардың әскери міндеттен уақытша босатылуы қарастырылып жатыр. Келісім-шартпен әскери қызмет атқарған, зейнетке шығуына үш жыл қалған және еңбек өтілі кемінде 12,5 жыл болған азаматтар үшін қайтадан қызметке оралу мүмкіндігі беріледі.
Жауынгерге жалтару жат!
– «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді ғой. Әскерге шақырту алған кейбір жастар заңды талаптарды орындаудан бас тартып, әдейі жалтаруға тырысатын деректер ара-тұра кездеседі. Оларға қандай жаза қолданылады?
– Дұрыс айтасыз, талап бар жерде тәртіп болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан жастар белгіленген мерзімде шақырту бойынша әскери басқару органына келмесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 647-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл – әкімшілік жаза. Ал әскерден қасақана жалтару жағдайында Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес жаза қарастырылған. Онда 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
– Қазір әскерге шақырылатындарға қойылатын талаптар тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да күрделілене түсті ғой. Осыған байланысты маңызды өзгерістер бар ма? Әскери қызметке психологиялық тұрғыдан дайындық қалай бағаланады?
– Әлбетте, жастар тек физикалық денсаулық пен дайындық мәселесі бойынша емес, психологиялық тұрғыдан да мұқият қаралуы тиіс. Оны біз кәсіби мамандармен бірлесіп анықтаймыз. Соңғы жылдары әскерге шақырылатын жастардың суицидке бейімділігі арнайы тексеріле бастады. Қазақстанда енгізілген PSY-тәуекел жүйесі әскердегі суицид қаупін ерте анықтауға бағытталған. Бұл жаңашылдық әскери қызметшілердің психологиялық тұрақтылығын арттырып, қайғылы жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді.
PSY-тәуекел әдістемесін Қорғаныс министрлігінің әскери психологтары әзірледі. Биыл көктемгі шақыру науқаны кезінде жүйе сынақтан сәтті өтті. Нәтижесінде ел бойынша 470-ке жуық жас жігіттің суицидке бейімділігі дер кезінде анықталып, олар әскер қатарынан босатылды немесе қосымша тексеруге жіберілді.
Жүйе бастапқы скрининг, тереңдетілген психологиялық зерттеу және қажет болған жағдайда психиатриялық сараптама тәрізді бірнеше кезеңнен тұрады. Негізгі мақсат – психоэмоциялық тұрғыдан әскери қызметке дайын емес жастарды шақырудан алып тастау.
Бастама Үкіметтің тапсырмасымен жүзеге асып, әскерге шақыру науқаны аясындағы жүйелі алдын алу шараларының біріне айналды. Біз тек психологиялық тұрғыдан тұрақсыздарды іріктеп қана қоймай, әскери бөлім ұжымдарын қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардан қорғауға тырысамыз. Бастысы – азаматтардың саулығы мен өмірі, сондай-ақ бөлімдердегі моральдық ахуалдың сақталуы.
– Әскерге шақыру тәртібінде тағы қандай маңызды өзгерістер бар? Бұл өзгертулер жастардың өміріне, оқуы мен әскери қызметке көзқарасына әсер етеді деп ойлайсыз ба?
– Расында да, елде әскерге шақыру және әскери қызмет мәселелері жөнінде маңызды өзгерістер енгізілді. Ең басты жаңалық – әскери қызметті шегеру рәсіміне қатысты. Бұған дейін бакалавриат, магистратура және докторантура оқуына байланысты әскери қызметті кейінге шегеруге бірнеше рет рұқсат берілетін. Ал, жаңа Заңда әскери міндетті оқу мақсатында тек бір рет кейінге шегеруге мүмкіндік бар. Мысалы, магистратураға қайта түскен жағдайда әскери қызметті тағы да шегеру қарастырылмайды.
Әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуына да ерекше көңіл бөлінген. Әскерге шақырылған жастардың оқуына гранттары сақталады, жұмыс орнында және жалақылары бойынша құқықтары қорғалады. Бұл жастардың әскери қызметке деген сенімін арттырып, Отан қорғауға деген ұмтылысын нығайтуы тиіс.
Жаңа Заңға сәйкес әскери қызметтен кейінгі кезеңде де білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, әскери қызметін аяқтаған соң екі жыл ішінде техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім бағдарламалары бойынша оқуға түсуге құқы бар.
Осы өзгерістер елдің қорғаныс қабілетін нығайтып қана қоймай, жастардың болашағына сеніммен қарауына жағдай жасайды.
Тәрбие тіні мықты болсын
– «Білімдіге дүние жарық» демекші, әскери қызмет барысында мамандық алу мүмкіндігі туралы айтып берсеңіз…
– Мерзімді әскери қызмет – тек елге қызмет ету емес, адамның кәсіби дамуы үшін зор мүмкіндік. Әскери борышын өтеушілерге қосымша азаматтық салада сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге жағдай жасалады. Мысалы, кейбір сарбаздар автобус жүргізушісі сияқты мамандықты игеріп, Отан алдындағы борышын аяқтаған соң қосымша оқымай-ақ тікелей жұмысқа орналаса алады. Мұндай мүмкіндіктер олардың қоғамдағы орнын нығайтып, еңбек нарығына тез арада бейімделуіне септігін тигізеді.
– Әр адам үшін болашаққа сеніммен қарау маңызды роль атқарады. Ал, әскери қызметтің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты қандай жаңалық бар?
– Екі жыл бұрын Қорғаныс, Білім және ғылым министрліктері бірлесіп, әскери қызметке ынтаны арттыруға бағытталған тың жобаны қолға алды. Оның басты ерекшелігі – мерзімді әскери қызметін аяқтаған сарбаздарға білім алу жолында ерекше мүмкіндік беруі. Енді олар Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) тапсырмай-ақ, әңгімелесу арқылы ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылдана алады. Бұл – әскери борышын өтеген жастардың кәсіби дамып, азаматтық өмірге жеңіл өтуіне жол ашатын маңызды бастама.
Ал, сарбаз жақсы көрсеткіш көрсетсе жоғары оқу орны есебінен тегін білім алу мүмкіндігі беріледі. Қазір елде 40-тан астам оқу орны осы бастаманы қолдап, осындай мүмкіндіктер ұсынуда.
– Бұл мерзімді әскери қызметтің артықшылығы көп, мүмкіндігі зор екенін көрсетсе керек…
– Әрине, артықшылығы өте көп және ол жастар үшін зор мүмкіндік. Мысалы, 2023 жылы мерзімді әскери қызметке тартылған шамамен 17 000 сарбазға жоғары оқу орнында тегін оқуға 1500 грант бөлінді. Бұл гранттарды алу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Сарбаз 2.0» атты цифрлық ақпараттық жоба іске қосылды. Жүйеге елдегі күш құрылымдарының 161 әскери бөлімінен сарбаздардың оқу үлгерімі мен тәртібі туралы толыққанды мәлімет енгізілді. Соның нәтижесінде, былтыр 1000-ға жуық сарбаз әскери жоғары оқу орындарына түсуге өтініш білдірді.
Мәселен, Атырау облысында мерзімді әскери қызметін өтеп келген 20-ға жуық сарбаз өздері таңдаған жергілікті жоғары оқу орындарында тегін оқи алады. Бұл оқу орындары мен Қорғаныс министрлігінің арасында арнайы меморандумдар жасалған.
Мерзімді әскери қызметті аяқтаған сарбаздар үшін «Запастағы офицер» бағдарламасы аясында әскери кафедраға конкурссыз қабылдану мүмкіндігі бар. Әскери кафедрада олар тегін білім алып, әскери қызметшілердің несиелері автоматты түрде тоқтатылады. Несие төлемдерін кейінге қалдыру әскери қызмет кезінде және запасқа шыққаннан кейін үш ай ішінде қолданылады. Процесс өздігінен жүзеге асады, яғни әскери қызметшілерге несие беруші ұйымдарға жүгінудің қажеті жоқ.
Ал, биылдан бастап білім беру жеңілдіктерін алу үшін жаңа талаптар енгізілді. Енді екі бейіндік пән бойынша тестілеу қосылады. Мемлекеттік грант алған сарбаздарға шәкіртақы төленеді, алғашқы оқу жылында студенттердің жатақханаға орналасуына басымдық беріледі.
– Осы жерде туындайтын сұрақ бар: отбасылы жігіттерге жеңілдік бар ма?
– Иә, отбасын құрған азаматтарға қатысты әскери қызметтен босату мәселесі заң жүзінде қарастырылған. Егер бозбаланың бір немесе бірнеше баласы болса, әскерден босатылады.
Әрбір адамның отбасы жағдайы мұқият зерделеніп, қызметке шақыру мәселесінде әділ әрі жауапты шешімдер қабылданады. Осылайша, елдің қорғанысын қамтамасыз ету міндетімен қатар, ер-азаматтардың отбасы мен бала тәрбиесіне деген қамқорлығына да ден қойылады.
Ер жігіт – елінің қорғаны
– Соңғы уақытта жиі айтылатын жастардың әскерден жалтаруы Атырау облысында қаншалықты өзекті?
– Кейбір жастар түрлі себептермен, тіпті жалған медициналық анықтамаларға сүйене отырып, әскери борыштан жалтаруға ұмтылады. Мұндай әрекет – еліміздің қорғаныс қабілетіне, қауіпсіздігіне салғырт қараудың көрінісі. Алайда мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған: сапалы жатын орын, толыққанды тамақтану, қажетті киім-кешекпен қамтамасыз ету, тұрақты жалақы төлеу, тегін білім алу мүмкіндіктері бар.
Өкінішке қарай, кейбіреулер әскердегі қиындықтар жөнінде әлеуметтік желілерде жалған немесе біржақты ақпарат таратып жатады. Мұндай фактілер де кейбір жастардың әскери борыштан жалтаруына себеп болуы мүмкін.
«Ер жігіт – елінің қорғаны» деген дана сөз бекер айтылмаған. Егер біз болашақ ұрпақты елге адал қызмет етуге тәрбиелемесек, елдің де болашағы бұлыңғыр болады емес пе?!
– Әрине, Отан алдындағы борышын өтеу әр бозбаланың қасиетті міндеті екені даусыз. Дегенмен жастардың бір бөлігі әскерге баруға құлықсыз. «Шабытпен барып, табытпен келіп жатыр» деген ауыр тіркес санаға сіңіп бара жатқандай. Бұл қаншалықты шындық? Жалпы, жастарды неге отаншыл деп айту қиындап барады?
– Отанды сүю – адамның бойына бір күнде даритын сезім емес. Ол әуелі отбасындағы тәрбиеден басталады. Егер ата-ана баласына «тыныш жүр, тек өз қара басыңды ойла» деп өсірсе, мұндай баланың ел үшін жауапкершілік арқалауы екіталай.
Қазір кейбір ата-аналар мұғалімнің тәртіпке шақырған ескертуіне қарсы шығып, баласын ақтап мектепке жүгіріп келеді. Ал бұл – баланың бойындағы шынайы өмірге дайындық, тәртіпке мойынсұну және жауапкершілікті төмендететін факторлардың бірі. Мұндай біржақты көзқарас, түптеп келгенде, Отан алдындағы борыштан жалтаруға себеп болады.
Рас, әскер қатарында да түрлі оқыс оқиғалар болуы мүмкін. Бірақ кездейсоқ жағдайлар тек әскери ортада емес, күнделікті өмірде де кездеседі. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде үш-төрт жыл бұрынғы жазатайым жағдайлардың бейнежазбасы қайта-қайта таратылады. Мұндай ақпараттар тек біржақты көзқарас туғызып, әскер туралы теріс пікір қалыптастырады.
Дегенмен, бүгінгі жастардың психологиялық жай-күйі мен әлеуметтік фонын да ескерген жөн. Қаланың қарбалас тірлігі, үнемі ақпаратқа толы кеңістік, қоғамдағы қысым – бәрі жас буынға әсер етеді. Сондықтан біз жастарды кінәламай, оларға дұрыс бағыт сілтеп, әскери қызметтің мәнін, тәрбиелік маңызы мен өмірлік тәжірибе беретін үлкен мектеп екенін нақты, шынайы мысалдармен түсіндіруіміз қажет.
Отан қорғау – бөріктінің борышы
– Сарбаз тәрбиесінде патриоттық сезімді қалыптастыру қаншалықты маңызды?
– «Ер ел үшін туады» деген дана халқымыз. Біз осы сөзді сарбаздардың жүрегіне жеткізіп, санасына сіңіруге тырысамыз. Әскери орта достық пен бауырмалдыққа, өзара құрмет пен қолдауға негізделген. Мұндай ортада тәрбиеленген бозбала елге қайтып оралғанда да қоғамның белсенді мүшесі, нағыз патриот болып қалыптасады.
Бүгінде Атырау облысындағы «Жас сарбаз» сыныптары, әскери үйірмелер мен клубтар жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне жол ашып отыр. Жастар бұл жобаларға өз еркімен қатысып, саны да жыл сайын артып келеді. Бұл – қуанышты үрдіс.
Мәселен, жас сарбаздар Жеңіс күніне арналған шерулерге қатысып, отансүйгіштік рухта тәрбиеленеді. Олар үшін арнайы «Ерлік сабақтары» өткізіліп, түрлі әскери операцияларға қатысушылармен кездесулер ұйымдастырылады. Бұл – ерлікті сөзбен емес, тірі тұлғалардың тағдыры арқылы жеткізудің тиімді жолы.
Облыста түрлі әскери-патриоттық іс-шаралар өтіп тұрады. Мысалы, «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиынына облыстан қатысқан «Хиуаз Доспанова», «Батыс» және «Сармат» командалары үздіктер қатарынан көрінді. Айта кету керек, халықаралық деңгейдегі бұл жиынға 17 елден командалар қатысып, атыраулық жастар Қазақстанның абыройын көкке көтерді. Президенттің қатысуымен өткен мұндай шаралар – жастар үшін зор мәртебе.
Айта берсе, патриоттық тәрбие бағытында тындырылған шаруа көп. Салаға заманауи технологиялар да енгізіліп жатыр. Виртуалды шындық (VR) технологиясы арқылы тарихи оқиғаларға «куә» болу, интерактивті карталар мен ойын форматындағы әскери жаттығулар да жастардың қызығушылығын арттырып, патриоттық сезімін тереңдетуге ықпал етеді.
– Эльдар Қсрауұлы, мазмұнды әңгімеңіз үшін алғыс білдіреміз!
– Сіздерге де көп рақмет. Осындай маңызды тақырыпты көтеріп, қоғамға пайдалы ақпаратты кеңінен насихаттап отырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін!
Сұхбаттасқан Майра ЕРҒАЛИ


