Референдум мемлекеттің жаңа мақсаттарын жүзеге асырады
Ерлан Қошанов алдағы референдум жайлы айтып, ел тағдырын шешетін ауқымды реформалардың мән-маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ұсынып отырған конституциялық реформалардың барлық салаға қатысы бар, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Таяуда Президент Жарлығымен Ұлытау облысы қайта құрылды. Өздеріңізге белгілі, қазіргі Қарағанды – алып аймақ. Бір орталықтан мұндай өңірді басқарудың тиімсіз тұстары баршылық. Шалғай елді мекендерден облыс орталығына жету қолайсыздық тудыратын. Сондықтан бұл халық үніне құлақ асқан әділ әрі тиімді шешім деп есептеймін. Дегенмен, Қарағанды облысы еліміздегі ең ірі аймақтың бірі болып қала береді», деді Ерлан Қошанов.
Жиында Мәжіліс Төрағасы еліміздің саяси өміріндегі үлкен өзгерістерді айта келе, қазіргі әлемде болып жатқан күрделі үдерістерге бейімделіп, түрлі сынақтарға дайын болуы керектігін атап өтті.
«Қазір жаһан жұрты күрделі кезеңді бастан кешуде. Бүгінгі таңда біздің мемлекетімізде де ауқымды өзгерістер болып жатыр. Президент реформалары осы сын-қатерлерге берілген нақты жауап деп айтуға болады. Біз жаңа әрі әділетті Қазақстан құруға бет бұрдық», деді Палата Спикері.
Қазіргі таңда Мәжіліс депутаттары мен «AMANAT» партиясының мүшелері өңірлерде халықпен кездесуде.
«Жұртшылық Мемлекет басшысының бастамаларын жақсы қабылдап, қолдап жатыр. Ел болашағын айқындайтын осындай ауқымды реформалардың тағдырын халықтың өзі шешуі керек. Осы оймен Мемлекет басшысы референдум жариялады», деді Палата Спикері.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов жасанды монополияларды түбегейлі жойып, азаматтарға тең мүмкіндік беру үшін мемлекет тарапынан үлкен шаруа атқарылып жатқанына назар аударды.
«Елімізде ашық саясаттың жаңа кезеңі басталайын деп отыр. Енді барлық саяси күштер сайлаушылардың нақты сұранысына басымдық береді. Сонымен бірге референдум мемлекеттің жаңа мақсаттарын жүзеге асыру болып саналады. Халық еліміздің сайлау жүйесіне сенуі керек. Бұл – билік легитимдігінің негізі. Сайлау саяси өміріміздегі қалыпты жағдайда айналуға тиіс. Біз бірте-бірте осыған келе жатырмыз», деді Мәжіліс Төрағасы.
Палата Спикері реформалардың басты мақсаты азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды негізге алатын әділетті қоғам құру екенін атап өтті.
«Қазір тұрғындардың көпшілігі мемлекеттік органдардың нормативтік актілеріне көңілі толмай отыр. Олар әртүрлі инстанцияларға шағымдануда. Адамдар өздерінің конституциялық құықтары бұзылып жатыр деп есептейді. Референдумнан кейін Конституциялық сот құрылады. Әр азамат осы органға немесе Адам құқықтары жөніндегі уәкілге шағымдана алады. Омбудсменге конституциялық мәртебе беріледі. Енді олар өз конституциялық құқығын қорғау үшін елордаға келмей-ақ, өңірлердегі уәкілдердің қызметіне жүгіне алады. Офистер барлық облыста ашылады», деді Ерлан Қошанов.
Одан әрі Мәжіліс Спикері саяси жүйені кешенді жаңғырту мәселелеріне назар аударды. Онда Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейтуге ерекше мән беріліп отыр.
Ерлан Қошанов бүгінде Парламент кез-келген ауданның бюджетін тексере алмайтынын, Парламент депутаттарында мұндай өкілеттік жоқ екенін айтты. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, өңірлерге республикадан қыруар қаржы бөлінуде. Ал ел бюджетін бекітетін орган үшін оның қалай жұмсалатынын түсіну керек.
«Енді Есеп комитеті мен барлық тексеру комиссиялары Аудиторлық палатаға біріктіріліп, жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында жария түрде есеп беретін болады. Бұл Мәжіліске бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Осылайша республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерді бақылай алады», деді Палата Спикері.