РЕФЕРЕНДУМ: Байқаушыларға қандай талап қойылады?
Ақтөбе облысында бейпартиялық бақылау орталығы байқаушы болуға өтініш қабылдап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе қаласындағы «Азаматтық альянс» ғимаратында республикалық бейпартиялық бақылау орталығы облыстық филиалы штабының төрағасы Ерәділ Үббіниязов референдумға қатысты баспасөз мәслихатын өткізді. — Азаматтық қоғам платформасынан республикалық бейпартиялық байқау орталығының облыстық филиалы референдум кезінде байқау жүргізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдардың күшін біріктіріп, барлық бейпартиялық байқаушыларды ынтымақтастыру мақсатында облыстық байқаушылар штабы құрылды. Бүгінде штабта байқаушылар бойынша координатор болып Аян Задыбекұлы және штабтың құқықтық сұрақтары бойынша координаторы болып Айша Төлеуова бекітілді. Қазіргі таңда облыс бойынша белгіленген 502 сайлау учаскесіне байқаушыларды даярлап жатырмыз. Сондай-ақ тіркелген байқаушылардың өз міндеттерін білуі, заң талаптарына сәйкес қызмет атқаруы мәселелеріне де аса көңіл бөлінеді, — деді ол. Баспасөз мәслихатында журналистер штаб төрағасына облыстағы сайлау учаскелері бойынша қанша байқаушыдан өтініш түскенін, байқаушыларға қандай талаптар қойылатынын, сондай-ақ оларға қанша қаржы бөлінетінін сұрады. — Бүгінге дейін орталыққа облыстағы 502 сайлау учаскесі бойынша байқаушы болуға екі мыңнан астам адамнан өтініш келіп түсті. Оларға қойылатын басты талаптар — қоғамдық ұйымдардың атынан құжаттары болуға тиіс және референдумды өткізуге байланысты барлық заңдылықтарды білуі керек. Байқаушыларға бюджеттен қаржы бөлінбейді, бұл бағытта қазір демеушілер іздеп жатырмыз. Себебі қоғам белсенділері өз қалауымен келіп байқаушы болуға ниет білдіріп жатыр, — деді штаб төрағасы. Оның айтуынша, әлі де қоғамдық ұйымдар атынан байқаушы болуға ниеттенгендер орталыққа келіп тіркелуіне болады.