Ассамблея жылы аясында: ЖҮГІРСЕК ТЕ БІРГЕМІЗ, АЖЫРАМАС ІРГЕМІЗ!

Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы. Осыған орай көп ұлтты еліміздегі бірлік пен ынтымақты бейнелейтін, оның ырыс-берекеге бастар қуатты күшін терең пайымдататын тағылымды шаралар акциясы жүйелі ұйымдастырылу үстінде. Міне, Ассамблеяның Елбасы  Жарлығымен ресми құрылған күні – 1 наурыз да облысымызда есте қаларлықтай болып өтті. Өткен жексенбіде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен бұқаралық-спорттық жүгіру шарасы да – осының жарқын көрінісі.

Жарыс жолында – жиырма  мың адам

Оған Атырау мен Құлсары қалаларынан және барлық аудан орталықтарынан 20 мың адам қатынасты. Олардың арасында кәсіпорын-мекеме, ұйымдарда еңбек ететін түрлі мамандық иелері, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары да бар.

Күннің жексенбі екендігіне қарамастан мерекелік көңіл-күйге кенелген үлкен-кіші атыраулықтар да жоғары ұйымшылдық пен белсенділіктің үлгісін танытты. Осылайша, Салтанат сарайынан бастауын алған марафоншылар керуені Исатай-Махамбет алаңына келіп тоқтады. Сөйтіп, жарыс жолына шыққан жерлестеріміз бас-аяғы жарты сағаттың ішінде үш шақырымға жуық қашықтықты жүгіріп өтті. Мұнда көзделгені біреудің озып, біреудің кейін қалғанын жариялау емес, осыншалықты көп адамды жұмылдыра отырып, оларға  қасиетті туымызға айналған татулықтың, ынтымақты тірлік пен баянды бірліктің, соның кепілі саналатын бейбітшілік пен тыныштықтың, саяси тұрақтылық пен толеранттылықтың қаншалықты қымбат құндылық, баға жетпес байлық, рухани қазына екендігін ұғындыру, осыны әркімнің жүрегіне жеткізу еді.

Атаулы  жылдың жүгі  ауыр

Орталық алаңда бас қосқан жұртшылық өкілдеріне облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев жылы лебізін арнады.

– Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы. Және де көктемнің алғашқы айының бірінші жұлдызы – оның құрылған күні. Сол себепті, бәріңізді аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан атаулы датамен, мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді Сәлімжан Жұмашұлы. – Өздеріңіз де хабардар болып тұрған шығарсыздар, бүгін облыс бойынша жиырма мың адам бір мезгілде осы марафонға қатыстырылды. Мақтаныш қып айтып, көпке паш ету үшін емес, достық, бірлік, татулық, бауырластық деген киелі ұғымның қаншалықты қымбат, қастерлі екендігін сезініп, барды бағалай білуге, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып, алға қарай да бірлесіп қадам басу еді ойлағанымыз. Соны түсіністікпен қабылдап, атсалысқан атыраулықтардың баршасына алғыс айтып, ризашылығымызды білдіреміз. Әр шаңырақта шаттық, отбасында береке орнасын, ырысымыз ортаймасын. Еліміздің егемендігі ғұмырлы, мемлекетіміздің тәуелсіздігі тұғырлы, халқымыздың бірлігі баянды болсын!

Марапат мерей  өсірді

Келесі кезекте марафонға қатысушыларды марапаттау рәсіміне кезек берілді. Бұл мәртебелі миссияны облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев пен Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев атқарды. Осылайша, «Ең ересек жастағы қатысушы» номинациясы бойынша Жақсылық Рашбаевтың есімі аталса, «Ең жас қатысушы» ретінде Әнуарбек Алтынбек танылды. Бұдан бөлек, Сәлімғали Салықбаев пен Әділбек Өтеев «Белсенді қатысушы», ал Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Сазанқұрақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы мен «Қазтрансойл» АҚ Батыс аймақтық филиалы «Белсенді ұжым» ретінде марапатталды. Бұлардың бәріне арнайы дайындалған дипломдар тапсырылды.

Жалпы алғанда, Ассамблея жылы құрметіндегі спорттық жүгіруге Атырау қаласы бойынша жиырмаға тарта ұжымның өкілдері қатысқан. Олардың қатарында «НКОК», «КТҚ-К», «Уорли Парсонс», «Теңізшевройл», «Болашақ Атырау» компанияларын, «Атырау-Жарық», «Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамдарын, сондай-ақ «Қазақстан Халық банкі», «Казкоммерцбанк» АҚ филиалдарын бөле-жара  атаған ләзім.

Ұлттық  әуен ұлысқа  шуақ сыйлаП…

Енді бір мезет мерекелік сахна төріне облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы этномәдени бірлестіктердің өнер ұжымдары көтерілді. Сазды бағдарламаның шымылдығы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әртістері Қуандық және Мәриям Нұғымаровтардың орындауындағы «Егемен Қазақстан» әнімен ашылды. Өнер кезегін одан әрі «Татулық», «Иверия», «Былина», «Новруз», «Тхоньил», «Таврос», «Довира» этномәдени бірлестіктерінің өнерпаздары жалғастырды. Осы ұлттық-мәдени орталықтар ұсынған сахналық қойылымдардың арасынан «Татулық», «Россияночка», «Тхоньил», «Хуторянка» вокалды ансамбльдері мен «Иверия» хореографиялық ансамблінің, «Дубравушка» вокалды триосының, «Саранг» хорының және жеке өнер иелерінің орындауындағы Қазақстан және халық композиторларының әндері мен ұлттық билеріне көпшілік үлкен қошемет көрсетіп, қол соқты. Әсіресе, орыстың «Горенка», «Колечко», әзербайжанның «Сен гелмез олдун», армянның «Джан-джан» халық әндері мен украин попуррилері, грузин мен ұйғыр билері шынайылығымен баурап алды.

Көрмелер  де мерекеге сән  қосты

Мерекеге ерекше сән беріп, әрін кіргізген көріністің бірі ұлттық қолөнер бұйымдары мен тағамдарының көрмесі дер едік. Өз кезегінде этномәдени орталықтардың бұған да біраз дайындалып, қамданғандығын байқадық. Мәселен, құрылғанына 15 жыл толған «Алия» еврей, «Тхоньил» корей, «Довира» украин қауымдастықтарының өкілдері қолданбалы қолөнер туындылары мен ұлттық ас мәзірінен бөлек этномәдени орталықтарының құрылу, қалыптасу, даму тарихынан сыр шертетін суретті стенділер әзірлеген. Өзгелерінің де өз ұлттарының ерекшеліктерін паш ету үшін барын салғандықтары аңғарылып тұрды. Көрмені тамашалаушылар жақсыны тамашалап, тәттіден дәм татып қана қоймай, талғамдарын танытып, бағасын да беріп жатты…

Ырыс  алды – ынтымақ

Оңтайлы сәтті пайдаланып, мереке жайындағы жұртшылықтың ой-пікірін білуге де ниеттенгенбіз. Бірінші болып тілдескен Атырау облысы  Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық басшысы Еркін Қадырғалиев сөзін  былайша сабақтады:

– Халқымызда «Ырыс алды – ынтымақ» деген даналық сөз бар. Расымен де солай. Оған бәріміз де куәміз. Экономикамыз ілгерілеп, әлеуетіміз өсті, әлеуметтік ахуалымыз жақсарды. Бұл, сөз жоқ, берекелі тұрмысқа, ырыздығы мол ырысқа бастар ынтымақ-бірлігіміздің, тату тірлігіміздің, қала берді бір-бірімізге деген сыйластық пен құрметтің арқасы. Бүгінгі шара да сол сөзіміздің айқын дәлеліндей. Барлығы да бір кісідей қатысып, белсенділік көрсетуде. Елбасы атап көрсеткен «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолының дұрыстығына көзімізді жеткізуде.

Серік Биғамбаев, «Қоғамдық келісім және достық үйі» коммуналдық мекемесінің басшысы:

– Ашылғанына көп уақыт өте қоймаған Атыраудағы достық пен келісім үйі облысымыздағы ондаған этно-мәдени орталық мүшелерінің, яғни, осындағы түрлі ұлт өкілдерінің бас қосатын, тарихи отандары мен туған халқының мәдениетін, әдебиеті мен салт-дәстүрін үйренуге жол ашатын ортақ шаңыраққа айналып отыр. Көпшілікке көтеріңкі көңілді тарту етіп, кемел келешекке деген үкілі үмітімізді оятқан бүгінгідей бұқаралық шара үстінде бұл үрдіс нақты көрініс тапқандай.

– Өздеріңіз де теледидардан тамашалап көрген шығарсыздар, күні кеше ғана ел ордасы – Астана қаласында «Менің Қазақстаным» атты республикалық фестиваль-форум өтті. Ассамблея жылы аясында ұйымдастырылған осынау елдік шараға мен Атырау облысы атынан делегат ретінде қатынастым. Мұны үлкен бақыт, зор мәртебе санаймын, – деп ағынан жарылды келесі сұхбаттасымыз – «Татулық» татар-башқұрт этномәдени орталығының жетекшісі Гүлсина Байкенова. – Және бір айтарым, аталмыш форум шеңберінде «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасына қатысып, белсенділігімен көзге түскен отандастарымның бір тобы арнайы дипломдармен марапатталды, солардың арасында мен де болдым. Соңынан алдағы Президент сайлауын ұйымшылдықпен өткізу, осынау ел тағдыры сынға түсетін саяси додаға дайындық барысында да ұстанған бағытымыздан таймау жөнінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі қазақстандықтарға арнап Үндеу қабылдады. Республикамыздың әр аймағынан келген ұлттық-мәдени бірлестіктердің өнерпаздары «Мәңгілік ел» идеясын ұсынған Елбасының ұстанымын қолдайтындықтарын өнерлерімен өрнектеді. Атыраулықтардың да сол лектен лайықты орын алатындықтарына нық сенімдімін. Туған халқыма жарқын болашақ, ашық аспан, тыныш өмір тілеймін!

Спорттық жүгіруде «Ең жас қатысушы» ретінде танылып, арнайы дипломмен марапатталған атыраулық Әнуарбек Алтынбек те өзінің жүрекжарды лебізін бүгіп қалмады. Қаладағы Абай атындағы №15 орта мектептің үшінші сыныбында оқитын ол осында атасы Керей есімді азаматпен бірге  келіпті.

– Кішкентай болсам да үлкендермен бірге жарыс жолына шығып, егемен еліміздің ертеңгі күні тұтқасын ұстар бүгінгі жас ұрпақ үшін де мұның тәрбиелік мәні зор, тағылымы мол шара екендігін түсініп, осылай істедім. Оның үстіне, көпшіліктің көзінше ел ағаларының қолынан марапат алу бақытын иелендім. Бұл маған шексіз қуаныш сыйлап, мақтаныш сезімін тудырумен бірге, үлкен жауапкершілік те жүктегендей, – деді Әнуарбек.

Түйіндеп айтқанда, татулық, бірлік, келісім салтанат құрған, көңілдерге шуақты күннің шырайындай нұр құйған елдік шара бейбітшілік пен тыныштықтың символындай боп мыңдаған түрлі-түсті шарлардың көкке ұшырылуымен, от-шашулардың аспанға атылуымен аяқталды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз