Қазақстандықтарды үлкен өзгерістер күтіп тұр – Президент

220605101511a3940788d Саясат

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс бергеннен кейін қазақстандықтарды үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алда үлкен жұмыс бар. Бүгін өзгерістер енгізуге дауыс беріп жатқан Конституцияны іске асыру керек. Атап айтсақ, партияларға, Парламентке қатысы бар заңнамаларға өзгеріс енгізілмек. Парламентіміз бұл міндетті абыроймен атқарады деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан халқы дауыс беріп жатқан түзетулер елдің қоғамдық өміріне үлкен өзгерістер енгізуді көздейтінін атап өтті.

«Түптеп келгенде мемлекет пен қоғамның арасындағы қатынастың парадигмасы өзгереді, адам құқықтары бірінші орынға шығады. Бұл – аса маңызды. Конституцияда Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен жаңа мәртебеге ие болады. Омбудсмен Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Ол орган да біз үшін жаңа институт», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан №59 дауыс беру учаскесіне келіп, республикалық референдумда өз таңдауын жасағанын бұдан бұрын жазған болатынбыз. Кейін Қ.Тоқаев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Тілшілер Қ.Тоқаевтан Президент ретінде бұлжытпай ұстанатын қағидаларын сұрады. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев халқымызға адал қызмет ету, Конституциямызды қатаң сақтау басты қағидат екенін атап өтті. «Алдымызда тұрған мақсатымыз бен жұмысымыз өте ауқымды. Бәріміз ел болып жұмыс істеуіміз керек. Еліміздің қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатер аз емес. Сондықтан еліміз бұл бағытта қырағылық танытуы керек», – деді Мемлекет басшысы. Президент Қазақстан біртұтас мемлекет ретінде сын-қатерге тойтарыс беруі қажет екенін қадап айтты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз