Құрманғазы ауданында қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті

Тәрбие бастауы – анадан Жаңалықтар

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын мәселелерді талқылау  мақсатында Құрманғазы ауданында қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева мен аудандық ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары қатысты.

Тәрбие бастауы – анадан

Шарада сөз алған аудан әкімі  Бибоз Шаяхметов  пен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы  Тамара Аман-Турлина қоғамдағы келісім мен жалпыұлттық бірегейлікті нығайту мақсатында құрылған жұмыс бағыты туралы айтты. Сонымен бірге, қоғамдық келісім кеңесінің ісін жандандыру жөніндегі өз ойын ортаға салды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесі өңірдегі іс шаралардың бел ортасынан көрініп, қоғамдық маңызды істерді қозғаушы күштің бірі болуға атсалысып келеді. Аталған жиын барысында ардагерлер кеңесі соғыс ардагерлеріне көше атауларын беру туралы көкейде жүрген сауалдарын қойды.

Сондай-ақ, шара барысында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы жазылған «Атырау этностары» атты кітабы 19 ауылдық округтің қоғамдық келісім кеңесінің төрағаларына табыс етілді.

Бұдан соң С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Елдіктің мұраты, қоғамның қуаты – Анада» тақырыбында облыстық аналар форумы өтті. Облыстық форумның басты мақсаты – Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Алтын шаңырақ» аналар кеңесінің жоспарына сәйкес «Ақ орамал» акциясы аясында халыққа бейбітшілік идеясын ұғындыру. Бұған қоса ауданда әр жылдары өмір сүріп, туған жерінің болашағы үшін еңбек еткен аналардың өмір жолдары мен жетістіктерін ұлықтап үлгі ету, оның рухани байлығына мән беріп, жастардың санасына ізгілік ұялату.

Тәрбие бастауы – анадан-1

Форум барысында аудан халқына қолөнершілердің қазақы мәнермен тоқылған түрлі бұйымдары мен суреттер көрмесі ұйымдастырылды. Қазақтың ұлттық киімін киген бір топ келін залға жиналған аналарға сәлем етіп, иықтарына ақ орамал жапқан көрініс те көңілге жылылық ұялатты.

Сахна төрінде бейнекөрініс арқылы  түсірілген сюжеттер арқылы Д.Нұрпейісова, Б.Қарабалина орындаған күйлері паш етілді. Ал, домбырашы қыз-келіншектер  Д.Нұрпейісованың күйлерін тартып, өз өнерлерін көрсетсе,  А.Жұбановтың «Ақ көгершін» әнін әжелер ансамблі орындады. ХХ ғасыр басындағы қазақ руханиятындағы аналар үлесі, бүгінгі  қазақ қоғамындағы аналар рөлі туралы кеңінен ақпарат берілді.

Одан әрі «Ақ орамал» акциясы жалғасын тауып, ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатымен қонақтар мен ауданда есімі елге белгілі аналар замандастары мен жас аналарға ақ орамал табыстады.

Ал, шараның соңында Нұржау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Харесұлы елге бата берсе, халық емшісі, «Алтын алқа» иегері Дәметкен Серікбайқызы ақ тілегін арнады.

Облысымызға танымал кәсіпкер Ағила Кенжеғалиқызы аудандағы көп балалы 20 анаға 20 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетті.

Мәлике МӘЛІК.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз