
Қазақстан мен Иордания стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруде
Иордания Королі ІІ Абдалланың Қазақстанға сапары екі ел арасындағы саяси сенім мен экономикалық серіктестікті тереңдетеді деп сенемін. Соңғы жылдары геосаяси тұрақсыздық жағдайында Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінің өзара ықпалдастығы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұл сапардың нәтижесінде қол қойылған құжаттар мен уағдаластықтар екі елдің сауда, инвестиция, көлік-логистика, атом энергетикасы, туризм және білім беру салаларында нақты жобаларға жол ашатыны сөзсіз.
Тауар айналымын 500 миллион долларға дейін ұлғайту туралы уағдаластық – бұл жай ғана мақсат емес, шын мәнінде екі елдің экономикалық әлеуетін толық пайдалану жолындағы нақты қадам. Қазақстанның Иорданияға 60 түрлі өнім түрін экспорттауға дайын екені – отандық экспорттық саясаттың диверсификациялануын білдіреді.
Сондай-ақ, Корольдікпен атом энергетикасы, фармацевтика, халал индустриясы және қорғаныс өнеркәсібі бағытында әріптестікті дамыту – қос тараптың жоғары технологиялық және стратегиялық салаларға деген қызығушылығын көрсетеді.
Royal Jordanian компаниясының Алматы мен Амман арасында тікелей әуе қатынасын ашу жоспары – бұл туризмді дамытуға, кәсіпкерлер мен студенттер арасындағы байланысты нығайтуға серпін беретін маңызды қадам.
Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету – екі елдің халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты арттыруға бағытталған маңызды бағыт.
Қорыта айтқанда, бұл сапар экономикалық қана емес, геосаяси маңызы зор тарихи оқиға. Қазақстан мен Иордания арасындағы жан-жақты серіктестіктің жаңа кезеңі басталды деп толық сеніммен айтуға болады.
Абдолла ИДРЕСОВ,
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы