Қаңтар оқиғасының алғашы күндерінде полиция қандай алгоритммен жұмыс істеді
Қаңтар оқиғасы кезінде кәсіби арандатушылар халық атын жамылып, заңсыз талаптар қойды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2020 жылы «Бейбіт жиналыстар туралы» жаңа Заң күшіне енді. Митинг ұйымдастыру процесі «рұқсат беру» жүйесінен «хабарлама» қағидатына көшті. Қазір қарым-қатынас тек акция ұйымдастырушы және жергілікті атқарушы орган арасында орын алады. Митингке қатысушылар тарапынан қоғамдық тәртіпті сақтау міндеті ұйымдастырушыға жүктелген. Осыған орай, полицияның қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету әдістері өзгерді. Қару мен арнайы құралдарды өздерімен бірге алып шықпайды. Қызметкерлер митинг өтетін аумаққа жақын жерде орналасады. Жиналғандармен тікелей қарым-қатынас жүргізбейді», — деді министр.
Оның атап өтуінше, полиция митингіні тоқтату үшін тек қана азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіпке қауіп төну, мүлікке залал келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, діни алауыздықты қоздыру, конституциялық құрылысты, аумақтық тұтастықты күшпен құлатуға шақыру жағдайларында ғана тартылады.
«Тура осы алгоритм Қаңтар оқиғаларының алғашқы күндерінде қолданылды. Естеріңізде болса, 1-3 қаңтар аралығында жиналған азаматтар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтерді. Бұл 6 өңірде – Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Талдықорған, Алматы және Астанада болды. Үкімет пен әкімдер мәселені шешу үшін барлық күш-жігерін жұмсады. 4 қаңтарда бұған 8 өңірдің тұрғындары қосылды. Олар: Шымкент, Көкшетау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстары. Барлық жерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Диалог орнатылды. Бірақ, өкінішке орай, араға кәсіби арандатушылар қосылды. Олар халық атын жамылып, заңсыз талаптар қоя бастады. Көпшілікке дұрыс емес пікір беріп, басқаруға тырысты-шындықты бұрмалады, популистік ұрандар таратылды», — деді Марат Ахметжанов.