ПАРТИЯ НАҚТЫ ШЕШІМДЕР КЕЗЕҢІНДЕ

Партияның соңғы Бюросында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев қазіргі уақытта жетекші саяси күш ретінде «Нұр Отанның» алдында тұрған маңызды міндеттерді нақтылап айтты. Партияға қазақстандықтарды Бес институционалдық реформаны және «100 нақты қадам» жоспарын жүзеге асыруға жұмылдыруды, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуына бақылау орнатуды тапсырды. Қоғамда бірлікті бекемдеп, өңірлермен жұмысты күшейтуге жекелей тоқталды.

Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында партия жұмысын жетілдіруге белсене кіріскен партия Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен  өткен аптада Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында, Алматы мен Семей қалаларында болды. Аймақтағы партия қызметімен жан-жақты танысты. Партияның жергілікті құрылымдары тарапынан айтылған көптеген ұсыныстарға құлақ түріп, түйінді мәселелерді шешу жөнінде ашық пікір алмасқан Асқар Мырзахметов саяси ұйымның барлық құрылымы алдағы уақытта күш салуға тиісті мақсат-міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды.

Алдағы уақытта бас партияның халықтың игілігі жолындағы іс-қимылдары келесі бағыттарда өрбімек.

Бірінші. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына партиялық бақылау мен бағалаудың тұрақты жүйесін қалыптастыру. Себебі, партияның Сайлауалды тұғырнамасы осы бағдарламалармен тікелей байланысты.

Екінші. Қоғамдық қабылдаулардағы арыз-шағымдарды екінші жағынан да талдау. Яғни, қайталанып отырған немесе созылып, шешілмей келе жатқан шағымның себебін, қандай орган жұмысына байланысты түскенін, қай жерде, қандай лауазым иесі шешпегенін анықтап, шара қолдану.

Үшінші. Бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандырып, жүйелеу, Орталық аппарат пен өңірлер арасында тығыз байланыс орнату. Ол үшін барлық аймақтық филиалдарға нақты индикаторлар белгіленіп, күн тәртібіндегі міндеттер межеленіп, жұмыс нәтижесі бағаланатын болады. Сонымен қатар, жергілікті жердегі партияның құрылымдарында қойылып отырған міндеттерді өз дәрежесінде орындау үшін тиісті жағдай жасалады. Сол арқылы партияның негізгі күші саналатын 6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымдарының жұмысын үйлестіру қажет. Айталық, жиналатын партиялық жарғының белгілі бір мөлшерін өңірлердің өздеріне қалдыру. Материалдық қолдаумен бірге моральдық ынталандыру да қолға алынбақ. Жергілікті жердегі партия белсенділерін депутаттыққа, партиялық және мемлекеттік қызметке кеңінен тарту қажет.

Төртінші. «Жас Отанның» жұмысын практикалық тұрғыдан жүргізуге, яғни, нақты іске көшу. Бұл үшін жастар саясаты саласындағы барлық бағдарламаларға талдау жүргізіліп, олардың тиімділігі бағаланып, Жастар қанаты оларды жүзеге асыруға белсене атсалысуға тиіс. Сонымен бірге бағдарламалардан бөлек, жалпы жастар тәрбиесі, рухани құндылықтар, салт-дәстүр сабақтастығына ерекше назар аударылып, нақты жұмыстар атқарылуы керек.

Бесінші. Партияның Парламенттегі мүмкіндігін барынша кеңінен пайдалану. Яғни, партия фракциялары арқылы халықтың, өндірістегі, ауыл шаруашылығындағы, басқа да салалардағы  көкейкесті мәселелерді шешетін заңнамалық құжаттардың дер кезінде қабылдануына ықпал ету. Парламенттік фракциямен жергілікті мәслихаттардағы нұротандық депутаттармен жүйелі, тұрақты байланыс орнату. Аудандық, облыстық мәслихаттардағы партия құрылымдарының жұмысында да нақты индикаторлар белгіленіп, бағалау жүйесін енгізу. Партияның атынан мәслихат депутаттығына үміткерлерді анықтаудың ережесін бекіту.

Алтыншы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеология мен жұмыс барлық деңгейдегі, оның ішінде жергілікті жердегі партиялық құрылымдар тартыла отырып, күшейту. Партия жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер аудандық деңгейде де ұйымдастырылып, ережесін бекіту.

Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының өңірлердегі анықталып отырған өзекті мәселелердің ай сайын Үкіметте өтетін арнайы кездесуде қаралып отыруы бойынша тиісті келісімнің жасалғаны айтылды. Мақсат – туындаған мәселелердің уақыт күттірмей тезірек оң шешілуіне ықпал ету.

Бұған қоса, партия қызметінің негізгі бағыттары бойынша облыстық, қалалық филиал басшыларымен, яғни әкімдермен нақты жұмыс жоспары түзілмек, ай сайын филиалдар жұмысының нәтижесі анықталып отырмақ.

Тағы бір мәселе, алдағы уақытта партияның бірыңғай жаңа медиа саясаты түзіледі.  Ол Елбасы саясатымен мемлекет тарапынан халықтың игілігі жолында атқарылып жатқан ілкімді іс-шараларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау, партияның қоғамның бірлігін бекемдеудегі қызметін жүйелі жолға қою бағытында өрбімек. БАҚ-та, оның ішінде партияның «Нұр Медиа» холдингіне қарасты басылымдар мен телеарнада өңірлердегі нақты жұмыстарды көрсететін  арнайы айдарлар ашылмақ.

Орталық аппараттың шығындары ықшамдалып, қажеттілігі шамалы есептердің, іс-қағаздардың саны қысқартылып, өңірлерге бекітілген инспекторлардың міндетті түрде ай сайын облыстарға шығып тұруы жөнінде де шешімдердің қабылданып жатқандығы  жеткізілді.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Оңтүстік Қазақстанға сапарында облыс басшысы Бейбіт Атамқұловты Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағалығына сайлау конференциясына қатысты, алдағы міндеттердің орындалуына тілектестігін білдірді.

Алматы қалалық филиалдың кезектен тыс конференциясында Асқар Мырзахметов филиалдың бұрынғы төрағасы Ахметжан Есімовтің партияға халықтың сенімін арттыру жолындағы еңбегіне алғыс айтып, жиын барысында сайланған жаңа төраға – Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің жұмысына табыс тіледі.

Жұмыс сапары барысында барлық өңірде Саяси Кеңес мүшелері, партия фракциясының мүшелері, бастауыш партия өкілдері, партия белсенділері, «Жас Отан» өкілдері қатысқан жергілікті партия активінде өңірлік құрылымдар жұмысындағы қордаланған мәселелер кеңінен талқыланды. Осыған орай филиал басшылары, бастауыш партия өкілдері, өңір тұрғындары өз ұсыныстарын айтты.

Оңтүстік Қазақстанда партияластар тарапынан аудандық, қалалық филиалдарда кадр мәселесі бойынша бірқатар өзгерістер енгізу мәселесі көтерілді. Бүгінде жергілікті өңірдегі филиалдарда құрамында мүшелер саны 5 мың болса да, 50 мың болса да штатта тек 3 қызметкерден бар. Орталық аппарат тарапынан жыл басында партия мүшелерінің санына қарай штаттық кестені көбейту туралы бұйрық шығарылғанымен, ол бүгінгі күнге дейін жүзеге аспай отыр. «Осыған байланысты штаттық кестені бекіту барысында аудан, облыс халқының саны ескерілсе» деді, партия белсенділері.

Ал, Жамбыл облысында болған жиында бастауыш партия ұйымдары төрағаларының жұмысын ынталандыру мәселесі көтерілді. Бастауыш партия ұйымдары төрағаларының негізгі қызметі бар болғандықтан, партия ұйымының іс-қағаздарын жүргізуге көбіне уақыты да бола бермейді. Сондықтан, партиялық жұмыстың басты бағыттарын қамтитын «Бастауыш партия ұйымының электрондық кітапшасы» әзірленсе деген өтініш айтылды. Сонымен қатар, бастауыш ұйымдарды жеке жұмыс орнымен, яғни материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету де аса өзекті екені белгілі болды.

Алматы облысында партияластар тарапынан көтерілген мәселенің бірі – жастар мәселесі болды. «Жас Отан» жастар қанаты бөлімшелерінің төрағалары қоғамдық негізде қызмет атқаруда. Осы ретте  бұл жұмысты  одан әрі жандандыру мақсатында аудандық, қалалық бөлімшелерге бір штаттық бірліктен бөлінсе деген ұсыныс тасталды. Сонымен қатар, жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу бойынша да шешімін таппай тұрған жайттар айтылды.

Шығыс өңірде әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдері кәсіпкерлікті реттейтін заңнамалық құжаттарға жедел өзгертулер енгізу бойынша партия тарапынан көмек күтетінін жеткізді.

Бүгінгі күні әсіресе, шығыс өңірдің кәсіпкерлерін ойлантып отырғаны – көрші елдермен алыс-беріске қатысты кедергілер.

«Қазақстан шағын бизнес өкілдері мен Ресей кәсіпкерлері үшін талап бірдей емес. Мысалы, Ресейде ауылшаруашылық өнімдері 5 жылда бір рет сертификатталады, ал, Қазақстанда жыл сайын сертификатталады. Әрине, бұның барлығы ақылы. Бұған қоса шағын бизнеске салықтық жүктеме тым көп», дейді ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий. 

Атырау облысында «Сенім» бастауыш партия ұйымының төрайымы Бақытгүл Хаменова электрондық қоғамдық қабылдау базасы регламентіне өзгерістер немесе толықтырулар енгізу қажет екеніне тоқталды. «База талаптары бойынша азаматтар өтініштерінің орындалуы туралы мәлімет бір айдың ішінде жолдануы қажет. Алайда кей жағдайда мәселелерінің өзектілігіне қарай оларды заң шеңберінде шешуге кемінде екі-үш ай жұмсалады. Ал, бұл кезде электронды база мәліметтерді қабылдамайды», дейді ол.

Сонымен қатар, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында жергілікті партияластар тарапынан депутаттық фракциялар жұмысын жандандыру, облыстық филиалда мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың жұмысын үйлестіру механизмдерін енгізу мәселелері көтерілді.

Сайлауалды тұғырнаманы іске асыру бойынша  жылына бір рет Парламент депутаттарының қатысуымен облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардағы «Нұр Отан» фракцияларының бірлескен отырысын өткізу, депутаттар қызметіне рейтингтік бағалауды енгізу ұсынылды.

Сондай-ақ, партияның бір-бірін қайталайтын «Бақытты балалық», «Бақытты отбасы» сияқты жобаларын біріктіру, біртұтас, мақсаты айқын, ең бастысы – іске асыру жолдары анық жобаларды қолданысқа енгізу жайы да айтылды. 

«Апта сайын өтетін жиын мен басқосудың саны емес, сапасы маңызды. Қоғамдық қабылдауға үміт артып, көмек сұрап келген әр адамның арызы қараусыз қалмай, кедергі мен қиындықтың түп-төркіні анықталуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, күнделікті, нақты жұмыс жүйесіне ауысуымыз – Елбасының да, бүгінгі күннің де талабы».

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары өңірлерге сапарын түйіндеген жиында осылай деді.

Асқар Мырзахметов жер-гілікті партияластар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерге байланысты партия нақты шешімдер қабылдайтынын атап өтті. Қыркүйек айының аяғына дейін бұл шешімдер қабылданып, өңірлердің штатына, қаржыландыруға, ұйымдастыру, материалдық-техникалық базасы және тағы басқа да мәселелерге байланысты өзгерістер енгізілмек.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз