Ұлтымыздың ұлы құндылығы

b.sherkeshbaeva Саясат

Әр жыл қуанышы мен қиыншылығы аралас келуінен бөлек, өзіндік ерекшелігімен есте қалады.  1991 жылдың соңғы желтоқсан айы бұған дейінгі айлардан айрықша ақжолтай жаңалығымен келіп, ел тарихына өшпес із қалдырды.

Ғасырлар бойы арман еткен азаттық атты кез келгеннің қолы жете бермейтін асыл  ұғымды қазақтың маңдайына бұйыртты. Бейнелеп айтсақ, армандаған ой орындалды, қиялдаған бақыт құсы  қолға қонды.

Деректерге жүгінсек,  қазір дүние жүзіндегі халықтардың саны 2500-ден асады екен. Барлығы 252 елдің  ішінде егемен мемлекеттер саны 195 болуы тәуелсіздік ұғымы туралы көп нәрсені аңғартады. Иә, тәуелсіздік оңай келген жоқ. Оның  қиян кескі жолы, тауқыметке толы тарихы, әлі де ашылмаған ақтаңдақтары  бар.
Қанша биікті бағындырғанымызды білу үшін, кейінге көз салсақ  жеткілікті. 30 жылға таяу уақыт ішінде Қазақстанның алған асулары мен бағындырған белестері жеткілікті.  Бәрін бірдей санамалау шарт емес, тек кейбіріне тоқтала кетсек.

…Мемлекеттік рәміздер, Қарулы күштер, Парламент, жергілікті мәслихаттар, шекара, жаңа астана, ұлттық валюта, халықаралық беделді ұйымдарға мүшелікке қабылдану, әкімшілік-аумақтық құрылыс өзгерістері,  облыс, қала, басқа да елді мекендер атауларын заман талабына сай өзгерту  сияқты  үлкен жұмыстар атқарылды. Дәстүрлі дін қайта оралып, ұлттық өнерге жан бітті. Сыртқы және ішкі саясатта  Қазақстан үлкен өзгерістер жасады.  Бірақ бұл шаралар елдің өз қалауымен болған қажеттіліктер еді. Олар әбден ойластырылып салқынқандылықпен жедел түрде іске асырылды. 
Ұлттық құндылықтарымызды түгендеуді бастадық. Қазақ тілі тұғырына қонып  заң жүзінде елдегі басты тілге — мемлекеттік тілге айналды. Қандастарымызды жинадық, қазақ халқы жинақталып шоғырлана түсті.

Ел дамуының бір көрсеткіші қалалардың өсуі десек, миллионнан астам тұрғыны бар ең ірі қала ретінде  Алматы ұзақ уақыт дара тұрды. Тәуелсіздіктің ширек ғасыры өткенде Елорда  мен Шымкент қалалары да осы межеге жетіп өсу жолдарымызды іс жүзінде көрсетті. Ал жаңадан түлеп келе жатқан ежелгі Түркістан шаһары сән-салтанатымен айрықшаланып келеді.

Әлемдегі ең беделді халықаралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен Қазақ Елінің Басшысы ана тілінде үн қатты. Құнды ойларын айтып күллі әлемнің назарын аударды.

Қазақстанның экономикалық әлеуеті өсті. Қазба байлықтарға мейлінше бай еліміз әлемдiк тауарлар нарығына мұнай, газ, қара, түстi, қымбат металдар, уран өнiмдерi, сапалы астық  шығаратын ел ретiнде танылды. Сонымен қатар әлемнiң барлық елiмен өзара тиiмдi ынтымақтастық орнатуға бағдар алған ашық экономикалы ел ретiнде көрсете білді. Қазақстан өз жолы, өз бағыты бар ел екендігін айқындай түсті. 

Инвесторларды тарту арқылы тұралап қалған экономиканың бойына қан жүгірді,  өмір біртіндеп қалыпқа келе бастады. 

Қазіргі заман – бәсекеге қабілеттілік заманы. Ал бәсекенің ең басы – білім екені талас тудырмаса керек. Қазақстанның білім саласындағы мемлекеттік саясаты демократиялық сипаттарды  орнықтыра түсуге негізделді. Жалпы орта және бастапқы кәсіптік білімнің тегін жүргізілуі тиянақталды. Қазақстан жастарының  кез келген әлем елінде және шет мемлекеттерде тұратын қандастарымыздың тарихи отанында білім алуына мүмкіншіліктер ашылды. Білім гранттарының желісі жыл сайын ұлғая түсуде.

Қазақ Республикасының  бір бөлігі ретінде өңіріміз әрқашан елмен бірге екені түсінікті. Ол Тәуелсіздікті  жақындатуда және оның тұғырын бекітуде аянбай үлесін қосып келеді. Жоғарыда аталған еліміздің дамуы мен өркендеуін  өз жерімізден байқауға болады. Егемендік барлық салаға оң әсер етті, әр адам оны сезінді.
Өңірдегі алғашқы арнаулы орта оқу орнының бірі – С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі құрылғанына 90 жыл толып отыр. Білім ұясының бұрынғы мен қазіргі жағдайын салыстыру әділ болмас еді. Бірақ, тәуелсіздік арқылы келген кейбір артықшылық сипаттарына тоқталғымыз келеді.

Ең бірінші –  білім алушы қалауы бойынша мемлекеттік ана тілінде оқуға мүмкіндік алды. Оқытушылар құрамы түгел жергілікті мамандардан жасақталды. Туындаған мәселелерді жоғары тұрған ұйымдар мен жергілікті атқару органдарында шешу жеңіл бола түсті. Тек еліміз емес, алыс-жақын шет елдердегі  кез келген  оқу орнымен әріптестік байланыс орнату, жаңа тәжірибені үйрену және алмасу, озық технологияны меңгеру барынша ашық, жылдам бола түсті. Мамандықтар өзгерісіне байланысты тез бейімделу, жұмысты икемді жоспарлай білу, білім жетілдіру, тағылымдамалардан өтуде кедергілер жойылды. Күнделікті қызмет барысында дербестік, жеделдік еңбек өнімділігін арттырды, жұмыс қызық әрі көңілді бола түсті. Қазіргі таңда оқу орындары үш тілдің қатар қолданылатын алаңына айналып отыр. Олар үш тілдегі оқу құралдарымен, электронды оқулықтармен  толық  қамтылып, бұрынғы тапшылықтан арылды. Бұл – тек білім емес, барлық салаға ортақ жетістіктер деп ойлаймыз.

Ел келешегі оның өскелең ұрпағымен тікелей байланысты. Жастар саясаты саласында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылды. Қазіргі жастардың барлығы – түгел Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келгендер. Олар білім алып, мамандықтар меңгеріп, еңбек етіп жатыр.

Бүгінгі жастар ел болашағын сақтап, бабалар аманатын орындауға дайын.

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Біздің заманымыз – өткен дәуірдің перзенті, келер заманның атасы» деген екен.  Осы тұрғыда қарасақ, біздің заман –  киелі Тәуелсіздіктен басталған  таусылмас  уақыт көшінің бастауы болып шығады.
Қазақ Елі үшін келешек замандарда да Тәуелсіздік ажырамас серік болғай!

БАҒЫТ ШЕРКЕШБАЕВА,

Атырау қалалық мәслихатының депутаты, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі директоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз