ӨТКЕНГЕ – БЕЗБЕН, БОЛАШАҚҚА – БАҒДАР
Ол үшін Ұлттық қордан экономиканы дамытуға, соның ішінде жол салуға, халықтың әл-ауқаты төмен тобына, шағын және орта бизнесті қолдауға қомақты қаражат тартылады деп күтілуде. Жұмсалатын қаржының жалпы есебі 24 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бұл – халықтың қамы үшін жасалып отырған едәуір игі бастама.
Тақтайдай тегіс жолдар үлкен табысты істерге жол ашады. Халықаралық маңызы бар жолдар арқылы қаншама ел игілігі айналымға түсіп, саудамыз қарыштап дамиды.
Елбасының «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену жолындағы біздің айқын қадамымыз. Жаңа Жолдауда жеті бағыт, санамалап өтсек, көлік, индустриялық, энергетикалық, әлеуметтік-тұрғын үй инфрақұрылымдарын дамыту тұрғысынан кешенді жұмыстар жоспарланған. Осы ретте мемлекет басшысы білім саласын да назардан тыс қалдырмады. Жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін заманауи әдістер мен технологияларды енгізу, сапалы білімге мүмкіндіктер ашу, оқу-әдістемелік кешенді қайта қарау – ел дамуына өзіндік үлесін қоспақ. Ал апатты мектептерді жөнге келтіру бағытында Үкіметтен қосымша 70 млрд. теңге бөлінеді деп күтілуде. Ел байлығының бірден-бір кепілі – білімді ұрпақ. Олар үшін бүгінде мемлекет барлық жағдайды жасауда. Алдымыздағы үш жылда балабақшалар тапшылығын, мектептердегі үш ауысымдық оқу жүйесін жоюдың тиімді тетіктерін табу тапсырылды. Осыған байланысты қосымша 20 млрд. теңге де қаралып қойды. Одан артық қандай көмек керек? Тек қана жұмыс істеу керек.
Әлемнің әртүрлі елінде орын алып жатқан экономикалық дағдарыс, мемлекеттер арасындағы қаржылық келісім-шарттардың бұзылуы, нарықтық тұрақсыздық бізге де кері әсерін тигізуде. Елбасымыз атап көрсеткендей, Қазақстан қашан да саяси көзқарастардың нақ ортасынан табылады. Сондықтан, алдағы уақытта күрделі жаһандық сынақтан өтуіміз ғажап емес. Жалғыз бізде ғана емес, күллі әлемде күтпеген өзгерістер, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар орын алуы мүмкін. Міне, осы ретте Елбасымыз мемлекет тағдырына, халқымыздың келешегі мен азаматтарымыздың қауіпсіздігіне алаңдаушылық танытуда.
«2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие», – деді Елбасы. Біздің Жылыой ауданындағы №9 орта мектебімізде осы айтулы даталарға орай арнаулы шаралар өткізетін боламыз. Қазір олардың іс-шараларын жасаудамыз.
Ынтымақ, бірлік болса, біз бағындыра алмайтын биік, алмайтын қамал жоқ. Ерінбей еңбек еткен жанға ғана бақ-береке қонады, білімді азаматтар ғана ел келешегін келісті, еткен еңбегін жемісті қылмақ. Біздің ендігі міндетіміз – Жолдауда белгіленген тапсырмаларды әрбіреуіміз ой елегінен өткізіп, өз деңгейінде орындап шығуымыз қажет. Елбасымыз шалқар шабытпен іске кірісу керек деп көрсетті. Олай болса, артқа қараудың жөні жоқ, қандай күрмеулі істің де шешімін байыппен табуға шақырамыз.
Марина Әмиева,
№9 орта мектептің тәрбие
ісінің меңгерушісі,
Жылыой ауданы.