ӨТКЕНДІ БІЛМЕЙ, КЕЛЕШЕК ЖОҚ
Ел өз тарихында көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткізді, халық бақытты да бейбіт өмір сүруде. Осы орайда облыстық мұрағат мекемелері тәуелсіз жылдардағы өңірдің бастан кешкен тарихи оқиғаларын, оның өсіп-өркендеуін осы кезеңде елеулі еңбегімен еленген жеке тұлғалардың есімдерімен байланыстырып келеді. Сондықтан, сол есімдерді паш ететін аса құнды деректерді мұрағат қорына жинақтай отырып, оны кейінгі ұрпаққа насихаттау, тарихи мұра етіп қалдыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Қазір облыстық, қалалық мұрағаттар қорында аймақтың тәуелсіздік жылдарында өткерген саяси-бұқаралық оқиғалары мен өсіп-өркендеуін бейнелейтін көптеген құжаттар жинақталған. Олар – тоғыз тематикалық тақырыпқа негізделген мыңнан астам фотоқұжаттар, жетпістен аса бейнекөрсетілім және 250-ге тарта ресми құжаттар.
Күні бүгін облыстық мұрағат қорында тәуелсіздік жолында өз өмірлері мен қажырлы еңбектерін сарп еткен 800-ден астам мемлекет, қоғам қайраткерлері, әдебиет, өнер, ғылым, халық шаруашылығының барлық санаттарында еңбегімен еленген азаматтардың жеке тектік құжаттары сақтаулы. Облыстық, қалалық мұрағат мекемелері тек соңғы үш-төрт жылда осы азаматтардың бір тобын халық арасына кеңінен насихаттау мақсатында – Алашорда қайраткері Халел Досмұхамедовтің 130 жылдығына арналған, азаттық үшін күрескен ел ардақтылары, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың 90 жылдығына орай «Қанатты қыз», Халық комиссары Шайхы Әбішевтің туғанына 120 жыл толуына арналған «Төңкерістен шыққан комиссар» атты ғылыми-танымдық шаралар ұйымдастырды. Міне, сол ардақтыларымыздың елі үшін атқарған істері бүгінде ұлттық асыл мұрамызға айналды.
Зұлпұхар СүйінішЕв, облыстық мұрағат басшысы.