Атырау қалалық қоғамдық кеңес отырысында референдум мәселесі де айтылды

img 20220525 wa0121 Саясат

Атырау қалалық әкімдігінде Ерлан Күмісқалиевтің төрағалығымен өткен қалалық қоғамдық кеңес отырысында алдағы референдум жайы талқыланды.

Алдымен, Қоғамдық кеңес мүшелері бұл жолы облыс кәсіпорындарында жұмыс орындарына квота бөлу, Атырау қаласының аумағында референдум учаскелерін ұйымдастыру жөнінде айта келіп, ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірді.

Бірінші мәселе бойынша, мүгедектік, соттылық санаты бар және пробация есебінде тұрған адамдар үшін жұмыс орындарына квота беруге қатысты қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу орталығы бөлім басшысының міндетін атқарушы Анар Жеңісова егжей-тегжейлі баяндап берді. Спикердің сөзіне сәйкес, 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша қалалық жұмыспен қамту орталығында 5 768 жұмыссыз тіркелген. Оның 1797-сі жұмыспен қамту бойынша түрлі іс-шаралармен қамтылса, 1015 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.

«Сондай-ақ, қалалық жұмыспен қамту орталығына соңғы үш айда мүгедектік тобы бар 150 жұмыссыз өтініш білдірген. Олардың 89-ы қоғамдық жұмыстарға жіберілсе, 31-і тұрақты жұмысқа орналастырылған, оның 11-і квота бойынша. Сот жазасын өтеген 20 адамның біреуі қоғамдық жұмыстарға жіберілсе, төртеуі тұрақты жұмысқа орналастырылған, біреуі квота бойынша. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар мен бізге жұмысқа орналасу туралы өтініш білдіргендердің саны – 22, біреуі тұрақты жұмыс тапты.

Сондай-ақ, «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР Заңына және «Халықты жұмыспен қамту жөніндегі шаралар туралы» бапқа сәйкес кәсіпорындар мемлекет саясатын іске асыруға қатысып, әкімдіктің қаулысымен бекітілген белгіленген квоталарды орындауға тиіс. Осыған байланысты, биыл біз 104 мекемеге хат жолдадық, оның 54-і жауап берді. Осылайша, жасалған тізімге сәйкес, мекемелерде жұмыс орындарының квоталары мүгедектік тобы бар адамдар үшін 2-4 пайызды (жұмыс орындарының санына байланысты) және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған білім беру мекемелерінің түлектері үшін 1-2 пайызды құрауы тиіс» деді ол.

Осыдан кейін Қоғамдық кеңес мүшелері жұмыс берушілердің квоталарға сәйкес жұмыс орындарын ұсыну қажеттілігі жөніндегі Атырау қаласы әкімдігінің қаулы жобасына дауыс берді.

Екінші және үшінші мәселелер референдумға қатысты болды. Облыс орталығының сайлау учаскелерінің тізімі және Конституцияға енгізілетін түзетулерге түсініктемелер берілді.
Атап айтқанда, облыстық мәслихат депутаты Нәсіп Шалабаева Конституциялық Соттың құрылуына, Парламенттің қалыптасу моделіне, заңдардың қабылдану тәртібіне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және ел астанасының әкімдерін тағайындауға қатысты бес түзетуге тоқталды. Отырыс соңында Қоғамдық кеңес мүшелері алдағы саяси оқиғаның маңыздылығын және 5 маусымдағы сайлау учаскелеріне барып референдумға белсенді қатысу қажеттігін атап өтті.

Анжелика КИМ,
(фото қала әкімдігінің баспасөз қызметінен)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз