Жарнама
Саясат

ӨНДІРІС ТІРЕГІ – БІЛІКТІ МАМАН

  Дуальды оқыту – дұрыс шешім

Шараға облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев қатысты. Арнайы дайындалған оқу-әдістемелік көрменің таныстырылымы өткен соң  ол басқосудаң маңызына тоқталды.

Елбасы білім саласына айрықша басымдық беріп, кәсіптік және техникалық білім беруді дамытуда дуальды оқыту  жүйесін енгізуді тапсырды. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» демекші, бүгінгі инновациялық технологиялар заманында кәсіптік және техникалық білімнің өзектілігі арта түсті. Білім беру саласында нормативтік құқықтық базасын жетілдіру, кадрлар даярлауда дуальды оқыту жүйесін дамыту керек. Барлық мәселелер жүйелік шешімдер мен заңнамаларды талап етеді. Еңбек нарығы қандай мамандарға зәру екенін білу мақсатында ұдайы мониторингтер өткізіп отыру қажет. Бүгін, әсіресе, техникалық мамандықтарға сұраныс көп, — деді аймақ басшысының орынбасары Сәлімжан Нақпаев.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев аймақтағы дуальды оқыту жүйесіне көшудің  басым бағыттарын атап көрсетті. — Бүгінгі таңда облыстағы бес колледжде 12 кәсіп бойынша  дуальды оқыту жүйесінің элементтері енгізілді. Оған 25 кәсіпорын қатысуда. Бұл әлі толыққанды дуальды оқыту жүйесі емес, оның бастапқы белгісі ғана. Десек те, қорытындысы жаман емес.  Бүгінде техникалық кәсіпорындар және кәсіптік білім мен бизнес қандай маман қажет деген сұрақты емес, оны қалай бірлесіп даярлау керек деген мәселеге көп көңіл бөліп отыр. Бұл – үлкен жетістік. Осы мәселені шешуде Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы маңызды роль атқаруда, — деді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі күні палатамен бірлескен жұмыс бастау алып, жаз айында оның ықпалымен 13 өндірістік оқыту шеберімен тренингтер өткізілді. Аспаз мамандығы бойынша Германиядан тәлімгер шақырылып шеберлік сыныптары ұйымдастырылған. Мұндай жұмыстар алда да жалғаса бермек. Бұл пікірді облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан Ғанимұрат қостады.

Аймақтағы дуальды оқыту жүйесінің элементтері енгізіліп, бұл бағытта жұмыс жасап жатқан оқу орындары мен кәсіпорындарында бірқатар іс атқарылғаны байқалады. Мәселен, «КазКомСервис»ЖШС директорының міндетін атқарушы Светлана Долгованың айтуынша, аталмыш кәсіпорын дуальды оқыту жүйесі бойынша Атырау индустриалды колледжімен үш жылдан бері тығыз байланыста. Мұнда өндірістік тәжірибе бойынша қызмет етуде екі жақты және үш жақты келісімдерге қол қойылып, содан бері біраз іс жүзеге асқан. Арнайы оқу үдерісінің кестесі жасақталып, студенттермен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Темірбетондық құрастырмалар мен тауарлық бетондарды  құрылыс нысандарына дайындау жұмыстарын жүзеге асыратын бұл кәсіпорында 200 түрлі темірбетондық құрастырмалар дайындалады. Дуальды жүйені енгізу бойынша бүгінгі күні бұл жұмыстарға студенттер де тартылып, олар арматуршы, жүк ілуші, электрогазбен пісіруші мамандықтары бойынша білімдерін жетілдіруде.

Дуальды оқытудың басты ерекшелігі –  оқу орнын жаңа бітірген жас маман жұмыссыз қалып қоймайды. Себебі, ол оқу орнын аяқтағанда біліктілігі жетілген, нағыз қажет маман болып шығады. Сондықтан бұл жүйені дамыта түсуіміз қажет» деді С. Долгова.

Одан әрі Атырау қаласындағы сервис колледжінің директоры Галина Буревская дуальды оқыту жүйесіндегі тәжірибесімен бөлісіп, бүгінге дейін жеткен жетістіктеріне тоқталды. Белгілі болғанындай, аталған білім орнында үш негізгі мамандық – аспаз, қонақ үй менеджері, тігінші мамандықтары дуальды оқыту жүйесіне енгізілген. Бұл ретте материалдық база толық жақсақталған. Сервис колледжі бүгінгі күні «Ренессанс-Атырау» ЖШС, «Атаба» супермаркеттер желісі, «Сұңқар» қонақ үйі, «Чинзано» мейрамханаларымен әріптестік орнатып, өз жұмыстарын жүйелі атқаруда.

Кадр даярлаудың әлеуметтік жауапкершілігі қандай?

Дуальды оқыту жүйесін арттыруда индустриальды-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуы да маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта аймақта қандай жұмыстар іске асуда? Кадрлық саясат қалай жүргізілуде? Әңгіме төңірегінде облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева баяндады.

Осыдан төрт жыл бұрын бастау алған индустрияландыру картасы шеңберінде 4274 жұмыс орнымен жалпы құны 1,4 трлн. теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың ішінен осыдан үш жыл бұрын 211 қызметкерді қамтыған жалпы құны 67,8 млрд. теңгелік 27 жоба іске қосылды.  Ал, биыл жалпы құны 5,2 млрд. теңгені құрайтын төрт жоба 403 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Олар: «Alan building systems» ЖШС-нің модульдік үй тұрғызу фабрикасының құрылысы, «Сaspian Royal Fish» ЖШС-нің тауар-бекіре фермасы, «БатысАльянсСтрой» ЖШС-нің үй құрылысы комбинатын ұйымдастыру және «АтырауНефтеМаш» ЖШС-нің ірі габаритті және аса ауыр бұйымдарды жинақтау өндірісін ұйымдастыру қызметтері, — деді ол.

Сондай-ақ, оның айтуынша, 2015 жылы Мақат ауданының Ескене станциясында іске қосылады деп жоспарланған «ЦВС Ескене» ЖШС-нің вагонды сервис орталығына да  жоғары білікті кадрлар қажет. Бүгінгі таңда аймақта вагондарды жөндеу саласындағы мамандар даярланбайды. Ал, жоғарыда аталған жобада 569 жаңа жұмыс орны ашылатынын ескерсек, керекті кадрларды дайындауды бүгіннен бастап қолға алған жөн. Л.Жұмағалиева мемлекеттік тапсырыс немесе коммерциялық негізде болсын оқу орындары жаңа оқу жылында абитуриенттерді қабылдау кезінде оларға қай мамандық бүгінгі күні мол табыс алып келетінімен қоса, еңбек нарығында қандай мамандықтардың сұранысқа ие екенін, жұмыссыздардың басым көпшілігін қандай мамандықтың өкілдері құрайтынын түсіндіру қажеттігін де баса айтты.

Одан әрі баяндама негізінде жарыссөзге кезек беріліп, «АтырауНефтеМаш» ЖШС бас директорының орынбасары Мақсот Ишаев серіктестіктің кадрлар даярлау ісіндегі әлеуметтік жауапкершілігіне тоқталса, Атырау аграрлы техникалық колледжінің директоры Болат Қожиев аталмыш оқу орынның ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатырған инновациялық жобаларды кадрлық қамтамасыз ету саясаты туралы айтты.

Тәжірибелі маманға сұраныс артады

Аймақ экономикасына қажетті кәсіптік мамандарды даярлау мен шешімін таппаған мәселелерді саралау­да облыстың еңбек рыногындағы ахуалды айтпай кетуге болмайды. Өйткені, халықты жұмыспен қамту – экономиканы алға жылжытудың басты тетігі. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиеваның айтуынша, аймақта жұмыспен қамтылғандар саны экономикалық белсенді халықтың 95 пайызын құрайды. Жыл сайын тұрақты жұмыспен қамтылған азаматтардың саны артып, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға өскен.

Тағы бір айта кетерлігі, жаңадан құрылатын жұмыс орындарына жүргізілген талдау нәтижесінде Атырау облысына мамандар қажеттілігі таяудағы бес жылға 94 мың адамды құрайды. Оның ішінде 2015 жылы  – 21 мыңнан аса адам қажет. Көбінесе құрылыс саласына – инженер-құрылысшы, жобалаушылар, бақылау-өлшеу аспаптары инженері, құбыр монтаждаушылар сияқты басқа да мамандар қажет.

Осы тұста айта кету керек, жұмыс берушілер жұмысқа қабылдау барысында аса тәжірибелі мамандарды қабылдауға ынталы. «Сондықтан, мамандардың біліктілігі жан-жақты болуы үшін даярлау кезінде практикалық жұмыстарға көбірек мән беріп, соңғы үлгідегі  озық технологиялармен жабдықталған кәсіпорындарда тәжірибе алуды қамту керек. Сонда ғана біз дайындаған мамандар еңбек нарығының сұранысының қажеттілігін толтырмақ» — деді Б. Өтеғалиева әріптестік форум барысында.

Одан әрі дуалдық жүйені енгізу бойынша оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында екі, үш және төрт жақты келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары С. Нақпаев кадрлар даярлау ісіне салалық басқармалар, қалалық, аудандық әкімдіктер нақты көңіл бөлмейінше, жұмыс жылжымайтынын айтып, бұл ретте салалық басқармалар жанынан жұмысқа басшылық жасайтын кеңестер құруды тапсырды.

Форум соңында бұған дейін ерекше көзге түскен жұмыс берушілердің бір тобы облыс әкімі, облыстық білім беру басқармасы және Мәслихаттар атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button