Жарнама
Саясат

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов БАҚ өкілдерімен кездесті

Биыл Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында ерекшеліктер зор. 

Көптеген нысандар бой көтерді, бірнеше жүздеген қоныстойлар тойланды. Тұрғындардың әлеуеті артып, инженерлік инфрақұрылым желілері тартылды. Көлік жолдары жаңартылып, экологиялық бағыттағы іс-шаралар жүзеге асты. Басқа да көптеген жұмыстар жүзеге асып жатқанын Атырау облысындағы БАҚ өкілдерімен арнайы кездескен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов атап көрсетті.

eeac81f0 c10b 4dae a321 e8d6fc14a9bf

Балауса ХАЛЕЛОВА, «Atyraý» телеарнасы: 

– Атырау облысы үшін осы жылдың басты жаңалығы – өзіңіздің басшылығыңызбен дайындалған «Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» кешенді жоспардың қабылдануы. Осы маңызды құжат облыстың дамуына қаншалықты серпін береді?

bd0b85a6 05b7 4620 8d0e db89c6463f65

– Кешенді жоспар – Атырау өңірінде халық көтеріп жүрген маңызды мәселелерді шешу бағытында жасалған құжат. 22 сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиналыс өткізіп, Атырау өңірінің дамуы бағытында осындай жоспар жасақтауды тапсырған болатын. Оны орындауға 21-ші мамырға дейін бір ай уақыт берді. Құжат дайын болған соң Үкімет қаулысымен бекітілді. Оның ішіне көптеген жобалар мен іс-шаралар енгізілді. Жоспарды құрастырғанда алдымен өндіріс саласын қамтып, оның даму мүмкіндіктері қарастырылды. Одан басқа, әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым, тұрғын үй салу, жол төсеу, ауыз сумен қамту, экологияны оңалту мәселелерін шешудің жолдары туралы жобалар қамтылды. Кәсіпкерлікті дамыту, туризм, медицина, білім беру салаларындағы өзекті мәселелер де ескерілді. Қамтылған 15 бағыт, 198 іс-шара,  297 жобаға барлығы 9,6 триллион теңге жұмсалуы тиіс. Оның 90 пайызы – жеке инвестиция.

Облыстық маңызы бар автокөлік жолдары – жақсы және қанағаттаналарлық жағдайда. Биыл 66 пайызға, 2025 жылы 95 пайызға жеткізу жоспарланған.

Білім саласында 48 мектеп салу қарастырылған. Өйткені, өңірде жыл сайын мектептер салынғанымен, мектеп жасындағы балалар саны жылы сайын 3-4 мыңға көбейіп отыр. Бұл – демографиялық тұрғыдан өте жақсы көрсеткіш. Қазір апатты жағдайдағы 4 мектеп бар. Биыл тағы бір апатты мектеп жаңа нысанға көшірілді. Апатты жағдайдағы басқа мектептер мәселесін 2023 жылға дейін шешуіміз керек. Облыста үш ауысымдағы 11 мектептің мәселесін 2025 жылға дейін шешуді көздеп отырмыз.

Жасыратыны жоқ, білім сапасы жөнінен республика деңгейіндегі рейтингтің төменгі қатарындамыз. Биыл білім сапасын арттыру мақсатында Назарбаев зияткерлік мектебімен бірігіп, арнайы үш жылдық жол картасы жасақталды. Ол аудан, қала мектептері деп бөлмей өңірдегі 200 мектептің барлығын кезең-кезеңмен қамтитын болады. Қазір бірінші кезектегі 50 мектепте жұмыс басталды. Білім сапасын арттыруда қай жерде қандай кемшіліктер барын анықтап алу мақсатында арнайы мамандар келіп, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Бір топ жергілікті мұғалім Назарбаев зияткерлік мектебі қызметкерлерінен тәжірибе алып, қалған мектептерге де зерделеу жұмыстарын жүргізуге дайындалуда. Көптеген мамандар түрлі курстардан өтіп, Назарбаев зияткерлік мектебі методикалық көмек көрсетуде. Бұл үш жылдық жол картасы болғанымен, уақытпен шектелмей, әрі қарай да жалғасын табады. Экологиялық мәселелерді шешу де кешенді жоспарда қарастырылған.

Жайықтың сол жағалауында кәріздік тазарту ғимараты іске қосылды. Қазір оны «Атырау Су арнасы» кәсіпорнына сенімгерлікке беру үшін құжаттар жасақталып жатыр. Сонымен қатар, «Тухлая балка» алаңын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Оны 1-2 жылда аяқтауымыз керек. Бұдан бөлек, Атырау мұнай өңдеу зауытында «Тазалық» атты бағдарлама іске асырылуда. Осы бағытта өзге де мекемелермен жұмыс істеп жатырмыз.

Жайықтың оң жақ бөлігіндегі кәріздік тазарту ғимаратының құрылысы басталды. Келесі жылы «Квадрат» сарқынды сулардың булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары басталады.

Жыл сайын қаладан 110 мың тонна шамасында тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылады. Оны сұрыптау үшін қазір полигон жанында салынып жатқан зауыт келесі жылдың басында іске қосылады. Ол 15 мың тонна қалдықты сұрыптауға арналған. Жайықтың сол жақ бөлігінде қуаты 75 мың тонналық өндірістік қалдықтарды өңдеуге арналған зауыт салу үшін «Промэкология» ЖШС дайындық жұмыстарын жүргізуде. Мұның бәрі экология мәселесіне оң серпін беретін болады. Сол арқылы ауа ластаушы заттар 12 пайызға төмендейді.

Аталған жоспарда «Астрахан-Маңғышлақ» магистральдық су құбырын жаңғырту жұмыстары қаралды. Ол да шамамен 120 млрд. теңгедей қаражат қажет ететін жеке инвестиция. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы үш жылда аяқталуы керек. Сексенінші жылдары тартылған ескі құбыр әбден тозған, қатты қысымды көтере алмайды. Ол құбыр арқылы Исатай, Жылыой аудандары толығымен, Құрманғазы ауданының кейбір ауылдары ауыз су тұтынады. «Теңізшевройл», «Қарабатан» секілді ірі өндіріс ошақтары да суды сол құбырдан алып отыр.

Қалада №1 су тазарту станциясындағы 4 сүзгінің екеуі ескіріп, тозығы жеткен. Олардың әрқайсысы тәулігіне 30 мың текше метр су жіберу керек. Сондықтан, екі құрылғының орнына тәулігіне 60 мың текше метр су беретін жаңа сүзгі станциясын орнату жоспарланды. Одан басқа, «Береке» шағынауданындағы тәулігіне 50 мың текше метр ауыз су беруі тиіс №5 су тазарту станциясын да жөндеу жоспарланған. Егер осының барлығы іске асса, қалаға тәулігіне 120 мың текше метр ауыз су беріледі. Уақыт өткен сайын қала, халық саны артып келе жатқанын ұмытпауымыз керек. Сол мәселе ескеріле отырып жасалған кешенді жоспар басқа да маңызды салаларды қамтиды. Тек өндірісті дамытумен шектелмей, 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып (оның 20 мыңға жуығы – тұрақты жұмыс орны), тұрғындардың күнкөрісіне оң әсер етеді. Бұл маңызды жоспарды іске асыру – алда тұрған ең үлкен міндет.

Виктор СУТЯГИН, «Казинформ» агенттігі: 

– Жаяу жүргіншілер көпірінен Балықшыға дейін Жайық өзені жағалауындағы жер телімдеріне коттедждер көп салынып жатыр. Әлі де шамамен бір гектардай жер телімі бар. Бұрынғы әкім ол аумақта саябақ салуға уәде берген еді. Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаевтың айтуынша, жердің мейрамхана салу үшін сатылғанын айтты. Сайттарда аталған аумақтағы үйлерді сату туралы хабарландырулар да жарияланды. Жерді мемлекетке қайтарып, сол жерде саябақ салуға бола ма? Бұл қаншалықты заңды?

d6dc03ca a8fa 4f94 a522 2cbf1aba84bd

– Тұрғындар қалашығы, Балықшы шағынаудандары – өте қолайлы аумақ, онда бос телімдер бары да рас. Бұл туралы қала әкімі маған айтты. Менің білуімше, бұл жер 2013 жылы сатылған, қолдан қолға өткені туралы ақпарат та бар. Ал, ол жерде тұрғын үй құрылысы жоспарланбаған.

Алдағы уақытта мемлекеттік қажеттіліктер үшін қайтарып алуға болады. Бірақ саябақ салу үшін емес. Өйткені, жақын маңда Тұрғындар қалашығындағы және Ретросаябақ бар. Барлық демалыс орындарын Тұрғындар қалашығына шоғырландыру дұрыс емес. Өйткені, қаланың басқа аудандарынан қатынайтын тұрғындар үшін тиімсіз.

Жайық өзенінің жағалауындағы «Жастар» саябағы былтыр пайдалануға берілді. Болашақта Тутұғыр орналасқан алаңда саябақ жасау жоспарланған. Қазір келіссөздер жүргізілуде.

Әрине, қалада саябақтардың көп болғаны дұрыс. Бірақ арасы жақын болмағаны жөн. Бір сөзбен айтқанда, аталған аумақта тұрғын үй салуға рұқсат жоқ.

Тәуірбек БОЗЕКЕНОВ, «КТК» телеарнасы: 

– Махамбет Жолдасқалиұлы, қазір облыста газ-химиялық кешеннің құрылысы салынуда, болашақта Ресеймен біріккен полиэтилен зауытының құрылысы салынады. Осыларға жергілікті азаматтардың қатысу үлесі қандай? Сырттан келген кадрлар, шынында біздің аймақтың онсыз да кері кетіп жатқан экологиялық ахуалына жаны ашымайтыны мәлім. Олар осы жерге тек еңбек ету үшін келеді. Тұрақты тұруға келетіндер көп емес. Оған қоса, 2024 жылы Теңіз кенішінде 60 мыңға жуық адам қысқартылады екен. Осы мәселеге де өз пікіріңізді, ойыңызды айтып өтсеңіз?

– Қазір салынып жатқан полиэтилен шығаратын «KPI» зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс кезінде жұмыс жасаған 4400-ден астам адамның тең жартысы – қазақстандық азаматтар. Қытай елінен жеткізілген заманауи құрылғылардың технологиялық мәселелерге жауапты қытайлық, Еуропа елдерінен келген арнайы мамандар да бар.

Ал, енді салынатын полэтилен шығаратын зауыттың жылдық қуаты – 1 миллион 250 мың тонна. Құрылыс кезінде 8 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Зауыт құрылысы 2027 жылы аяқталған соң, жергілікті азаматтарды жұмысқа алу жөнінде талап қойып отырмыз.

Зауыт іске қосылғаннан кейін қазақстандық 500-ден астам адам жұмыс істейді. Қазір 270 адамды арнайы оқу курстарынан өткізуде.

Теңіз кенішінде қазір 60 мыңға жуық адам «Келешек кеңейту жобасы» аясында жұмыс жасайды. Әрине, құрылыс аяқталған соң олар жұмыстан босайды. 39 мың адам жұмыстан қысқартылды деген болжам бар. Олардың жартысынан астамы – еліміздің өзге өңірлерінен. ТШО компаниясының жоспарымен ай сайын танысып отырмыз, бұл жөнінде нақты шешімдер қабылданады.

Әрине, пандемияның да біраз әсері болды. Мысалы, биыл 15 мыңдай адам қысқаруы тиіс еді. Бірақ қысқарғаны – 2 мыңнан астам ғана. Оның 900-ден астамы – атыраулықтар. Олардың көпшілігі жұмысқа орналасты. Тек 150 адам жұмысқа орналаса алмағандықтан, әлеуметтік көмек алып отыр.

Келесі жылы қысқаруы тиіс 39 000 адамның 2200-ге жуығы бірінші тоқсанға жоспарланған. Егер эпидемиологиялық ахуал өзгерсе, бұл жоспар да өзгеруі мүмкін. Бұл мәселеге бейжай қарамай, тоқсан сайын жоспарды анықтап, ай сайын кездесулер өткізудеміз. Энергетика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, облыс әкімдігі және «Теңізшевройл» компаниясы бұл бағыттағы бірлескен жұмысты бастап кетті. Мәселе үнемі бақылауда.

Айта кеткен жөн, облыс бойынша жыл сайын түрлі бағдарламалар аясында 12 000 адам жұмысқа орналасады.

Нәсіп ШАЛАБАЕВА, «Прикаспийская коммуна» газеті: 

8176d968 6c03 495c 936d 4ec475fdb75f

– «Теңізшевройл» компаниясының жаңа жобасы аяқталуда. Соған байланысты 39 мың адам жұмыстан босатылады. Ал, 2022 жылға жоспарланған инвестициялық бағдарламалар тұрғындарды жұмысқа орналастыру жоспарын ойдағыдай жүзеге асыра ала ма?

– Қазір KPI жобасының құрылысы аяқталды. Жобаға жетекшілік ететін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басшылығымен кездесіп, бұл мәселе бойынша келісімге келдік. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында полиэтилен өндірісін іске қосу жоспарланған, зауытта 506 адам жұмыс жасайды.

Бұдан басқа да аз ауқымды жобалар іске асырылуда. Кірпіш шығаратын, бетон бұйымдары зауыттары, агроөнеркәсіп саласында жылыжайлар, ет және құс етін өндіру сияқты 20-ға жуық жоба жоспарланып отыр. Бұл жобаларда 800-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.

Инвестициялық бағдарламалардан басқа бағыттағы бағдарламалар негізінде көптеген жұмыс орындары ашылмақ.

Біз облыстағы жұмыс нарығына қанша адамның қандай мамандықтар бойынша қажет екенін, олардың біліктілігін зерттеп көрдік. Әрине, 39 мың адамның барлығы Атырау облысының тұрғындары емес. Олардың біраз бөлігі Қазақстанның өзге өңірлерінен келгендер. Сондықтан, бұл мәселеге республика Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика министрліктерімен бірлесіп, Жол картасы жасалды.

Надежда ТУЛИНА, «Время» газеті: – 

Пандемия халықаралық теміржол қатынасын тоқтатты. Соған қарамастан, Сіз «Атырау-Құрманғазы» бағытындағы пойыздың жүруіне зор ықпал еттіңіз. Алдағы уақытта басқа бағыттарда теміржол қатынасы ашыла ма?

– Қазір «Атырау-Астрахан» тасжолының құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары келесі жылдың соңына қарай аяқталуы тиіс. Осы жағдайды және тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, біз «Атырау-Құрманғазы» бағытындағы жолаушылар пойызын шілде айында іске қостық. Алдымен үш вагон, кейін тағы бір вагон қосылды. Екеуі плацкарт, қалған екеуі ортақ қолданыстағы вагондар.

Көлік қатынасының белсенділігіне байланысты облыста жаңа бағыттар ашу жоспарда жоқ. Өйткені, Сағызға дейінгі жолды қайта жаңғырту құрылысы аяқталды және тұрғындар көлікпен жүруді қалайды. Құлсары бағытында да автокөлік қатынасы жақсы жолға қойылған.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» газеті: 

– Құрманғазы ауданының бірнеше елді мекені Ресейдің Астрахан өңірімен шекараға тым жақын орналасқан. Оны өзіңіз іссапармен барып көрдіңіз. Сол елді мекендерде жол, электр қуатымен қамту мәселелері бар. Осыған байланысты Атырау облысының әкімдігі шекарадағы елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға байланысты қандай нақты іс-шара қабылдап  отыр?

– Шекараға жақын орналасқан аудандардың жағдайын жақсарту – бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Өздеріңізге белгілі, Құрманғазы ауданы – Жылыойдан кейінгі үлкен аудан. Іске асуы тиіс мәселелер бұл ауданда да бар.

Әсіресе, шалғай жатқан Азғыр өңірінде жол жағдайы өте қиын. Өзім де сол жолмен жүріп көрдім. Қазір жол жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Котяевка, Ақкөлден шығатын жолдар да қолға алынды. Одан басқа 5-6 елді мекенге ауыз су тартылып, су тазарту станциялары қондырылып жатыр. Тозығы жеткен электр желілері жаңартыла бастады.

Құрманғазы ауданы бойынша барлығы 25 миллиард теңге қарастырылып, 20-ға жуық жоба іске асырылуда. Жұмыс әлі де жалғасады. Шора өзенінен жаяу жүргіншілер көпірі, Бұзаусыланнан өтетін көпір салынуда.

Светлана НОВАК, «Караван» газеті: – Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті жуырда Атырау облысында 1,2 миллиард теңге бюджет қаржысының игерілмегені жөнінде хабарлады. Оның себебін облыс бюджетінің сапасыз жоспарланғанымен түсіндірді. Бюджетті нақты жоспарлау жөнінде қандай шаралар алынды?

– Иә, Есеп комитеті жуырда тексеру қорытындысын жариялады. Соған сәйкес біз де оны жан-жақты талқыладық. Қаржыны мақсатты игеру – маңызды мәселе. Қорытындыда 1,2 миллиард теңге деп көрсетілген. Шынында, 500 миллион теңге үнемделген, қалғаны игерілмеген.

Ескеретін мәселе – қаржыны үнемдеу мен игермеудің ара жігін ажыратып алған жөн. Қаржыны үнемдеу шығындарды ықшамдау, бағаны арзандату арқылы конкурстық процедура бойынша жұмыспен қамтудың жол картасына қаралған шығындарды азайту негізінде жүзеге асты. Ал, бюджеттің игерілмеуі жергілікті бюджет қаржысынан болды. Әрине, қаржыны игермеудің де объективті және субъективті себептеріне көңіл бөлген жөн.

Негізінде, өткен жылы жергілікті бюджет 99,7% игерілді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Неге толық игерілмеді? Мысалы, пандемия кезінде шетелден келуі тиіс импорттық тауарлар мен қондырғылар уақытында келмей қалды. Құрылыс жұмыстары кешеуілдеді, мемлекеттік сатып алу бойынша жүзеге асуы тиіс процедуралар ұзаққа созылып кетті. Мұндай жағдайда «бюджет қаржысы игерілмей қалды» деген орынсыздау болар, бәлкім.

Биыл бөлінген қаражат толық игерілді, басталған немесе былтыр уақытынан кешіккен жұмыстар толық аяқталды.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы: 

– Махамбет Жолдасқалиұлы, Мақат ауданында апатты үйлердің проблемасы әлі күнге дейін өткір тұр. Құлаудың аз-ақ алдында тұрған баспаналар саны мұнда 100-ден асып жығылады. Аудан басшылары апатты 18 үйдің тұрғындарын көшіру үшін жыл басында облыс бюджетіне жіберілген сұраныстың қанағаттандырылмағанын айтады. Ескене станциясында да тұрғындар 3 зауыттың құрсауында қалып отыр. Жылдар бойы қордаланып келе жатқан бұл проблема қашан шешіледі?

– Рас, тозығы жеткен үй аз емес. Ондай үйлер облыс орталығында да бар. Салынып жатқан үй көп болса да, мәселені бірден шешу қиын. Тек қана қалада мұндай 22 үй бар. Үйге мұқтаж – тек апатты үй тұрғындары емес, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты жандар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, жетім балалар.

Апаттық жағдайдағы үй тұрғындарын баспанамен қамту бағытында қалада көптеген жұмыстар атқарылуда. Жылыой ауданында 3 апатты үй бар еді, екеуінің тұрғындары Құлсарыдағы теміржол вокзалы маңынан салынған бес қабатты үйге қоныстанды. Қалған бір үй тұрғындарын келесі жылы көшіру жос-парланып отыр.

2020 жылы Доссор кентінде 4-5 отбасы көшірілді. Келер жылы Мақаттағы 15 отбасын көшіру жоспарда бар. Кезекте тұрған баспанасы апатты жағдайдағы 30-ға жуық отбасыға демеушілікпен тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Шынында, бұл – күрделі мәселе. Өйткені, үй заңды жолымен, әлеуметтік санатына қарай беріледі. Ал, апатты жағдайда тұратындар жалға берілетін үйді алғысы келмей, жекеменшігінде болғанын қалайды. Ол заңда қарастырылмаған.

Ескеретін жайт – қала мен ауданды салыстыруға болмайды. Қалада баспанаға сұраныс жоғары. Құрылыс салушылар да көп. Ал, ауылдық жерге олар бармайды. Мүмкіндігіне қарай мәселені оң шешуге жұмыстанамыз. Бірақ, «бірден көшіріледі» деп ешкім де уәде бере алмайды.

Қызметке алғаш кіріскенде, ең алдымен Ескене, Таскескен ауылдарына бардым. Шынында жағдай қиын. Заңдылыққа сәйкес олар тек аудан елді мекендеріне көшуі тиіс. Бірақ Мақат пен Доссорға барғысы келмейді. «Бізге қала жақын. Балаларымыз қалада. Өзіміз де қалада тұрғымыз келеді» дейді. Оларды қалаға көшіру тек демеушілердің көмегімен ғана жүзеге асуы тиіс.

Ескененің өзінде кеңес дәуірінде салынған 50 үй бар. Одан бері тағы да 50 үй салынған. Таскескенде 16-18 үй бар. Сонда 120 үйді көшіру – үлкен мәселе. Ол үшін қомақты қаражат қажет. Демеуші табу да оңай емес, сол бағытта жұмыстанып отырмыз.

Серік ҚАБДОЛОВ, «Казахстанская правда» газеті: 

– Биыл Атырауда халықаралық маңызы бар «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Онда отандық және шетелдік ғалымдар Алтын Орда тарихына қатысты теңдессіз тың мәліметтерді айтты. Әрине, бұл бағытта біршама терең зерттеуді қажет ететін дүниелер әлі де бар. Конференцияда көне Сарайшықты туристік орталыққа айналдыру жөнінде де айтылды. Сіздің ойыңызша, бұл нысанның маңызы қандай болмақ? Конференцияның қорытынды қарарында бұдан басқа қандай маңызды ұсыныстар бар?

– Шынында да, пандемия жағдайында жұмыс жасай жүріп, руханият, тарих пен салт-дәстүр бағытындағы тәрбиелік мәні зор тақырыптар да естен шыққан жоқ. Алтын Орда тарихын зерделеуге арналған ауқымды шара – осы сөзіміздің дәлелі. Бұл тек бүгінгі ұрпақ үшін емес, келешек үшін де маңызы бар, мемлекеттіліктің қайнар бастауына жетелейтін іс-шара болды.

Әрине, Алтын Орда ұлысы ерекше зерттеуді қажет етеді. Бұл жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та сәуір айында арнайы тапсырма берген болатын. Соған байланысты ұйымдастырылған конференцияға халықаралық ғалымдар, зерттеушілер шақырылып, әлемнің назарын Атырауға аударды. Конференцияның пленарлық сессиясында рес-публика Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағындағы «Сарайшық» кешенін сол дәуірдегі қаланы бейнелейтін жекелеген элементтерді келтіріп, ұлт тарихымен таныстыратын ерекше кешен жасауды ұсындық.

Биыл «Сапар орталығының» құрылысы басталды. Ол аса үлкен емес, ғалым-зерттеушілер үшін пікір алмасып, мәжіліс құру мүмкіндігі бар шағын болады. Екінші залда туристер мен мектеп оқушылары тек музей жәдігерлерімен танысып қоймай, заманға сай технологияның көмегімен тарихи құндылықтарды экраннан да көре алады. Біз осы кешеннің құрамында озық үлгідегі жаңа музей салуды ұсынып отырмыз. Ол үшін қажетті құжаттар жасақталып жатыр.

Конференция қарарында Алтын Орда тарихына қатысты көптеген мәселелерді жүзеге асыру қамтылған. Білім және ғылым министрлігіне тарих, археология, музей ісі тәрізді кәсіби мамандарды дайындау және сол бағытта квота бөлу үшін ұсыныстарды жібердік. Өйткені, бізде аталған мамандарға да тапшылық туындап отыр.

Тек Сарайшықта емес, облыс аумағындағы Алтын Орда дәуіріне жататын бірнеше қалаға толыққанды қазба жұмыстарын жүргізу керек. Қасым ханның ескерткіші де соның негізінде орнатылады. Сонда ғана біз Сарайшық кешенін дамытудың жан-жақты бағытын жүзеге асыра аламыз. Мұның барлығы конференция қарарында қамтылған.

Сарайшықтың маңызы ерекше. Біздің ойымыз – бұл жерде тек облыс тұрғындары емес, бүкіл отандастарымыз, тіпті шетелдік туристер келетіндей мүмкіндік жасау. Мұнда ішкі туризм өте жақсы дамиды деп ойлаймын. Сол арқылы жастардың бойында отансүйгіштік сезім қалыптасып, елді сүю жөнінде саналы түсінік қалыптасар еді. Сондықтан, Сарайшықты тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту керек.

Сапар орталығы – соның алғышарты. Келесі жылы республикалық бюджет арқылы қосымша қаражат бөлініп, құрылыс жыл соңында аяқталуы тиіс.

Қазбек КЕРТАЕВ, «Caspian news» телеарнасы:

 – Атырау облысының әкімі болып тағайындалғаныңызға екі жылдан асты. Содан бергі жасалған жұмыстарға ризасыз ба? Алдағы екі жылда әлеуметтік мәселелер, мемлекеттік бағдарламалардан басқа өңірдің дамуына не әсер етуі мүмкін?

– Бұл екі жыл кім-кімге де оңай болған жоқ. Пандемия үлкен ауыртпалық әкелді. Соған қарамастан, облыста әлеуеті зор, ірі жобалар жүзеге асуда. Біздің міндеттеріміздің бірі – эпидемиологиялық қауіпсіздікті, яғни облыс тұрғындарының денсаулығын қамтамасыз ету.

Жасалған жұмыстар аз емес. Аз ғана уақытта қосымша 2 аурухана, инфекциялық аурухана салынып, пайдалануға берілді. Құлсары қаласында 75 орындық аудандық аурухананың құрылысы басталды. Бірақ эпидемиологиялық жағдай ушыққан кезде, 80 мыңнан астам халқы бар ауданның ерекшелігін ескерген «Теңізшевройл» компаниясы аурухана салуды ұсынды. Біз бұл ғимаратты арнайы инфекциялық емес, аудандық ауруханаға қосымша модуль ретінде салуды ұйғардық. Пандемия кезінде оны жұқпалы ауруларды емдеу мақсатына пайдаланамыз, кейін аудандық аурухананың қосымша ғимараты болып қалады. Сөйтіп, аудандық аурухана 250-275 орынға дейін науқас қабылдай алатын болды. Мұны дәрігерлер дұрыс шешім деп қабылдады.

Тек ауруханаларда ғана емес, дәрігерлер үшін құрал-жабдық, өкпені жасанды желдету, ПТР, ЖҚҚ, кейбір аудандарда қорғаныс құралдары да тапшылық туғызды. Соның барлығын барынша жедел әрі қажетті мөлшерде қамтамасыз еттік.

Пандемия кезінде Үкімет тарапынан да, кәсіпорындар тарапынан да зор қолдау болды. Бірақ, елдің негізгі индустриялық өңірі болғандықтан, ірі жобалар мен ТШО-ның Келешек даму жобасын тоқтатпау міндеті тұрды. Былтырғы сәуірден бастап, ТШО жобасынан 40 мыңға жуық адам демобилизация жасалып, уақытша шығарылды, бұл ұшақтар ұшпаған, пойыздар жүрмеген кезде оңай болған жоқ. Жағдай тұрақталған соң барлығы жұмысқа қайтадан орналастырылды. Сол кезеңде штаб тәулік бойы жұмыс істеді.

Қандай жағдайда да Теңіз кенішіндегі негізгі өндіріс зардап шеккен жоқ. Мұнай өндірудің жоспарлы көлемі орындалды. Негізгі жобалардағы жұмыс кестесі өзгертілгенмен, жұмысқа кеселі тимеді.

NCOC компаниясының өндірістік кешендеріндегі қауіпсіздік те сақталды. Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Ембімұнайгаз» өндірістік құрылымдары да қиындыққа шыдады және жалпы Атырау облысында өндіріс көлемі төмендеген жоқ.

Ал, Атыраудың бағалы балығы мұнай өндіру басталғанға дейін-ақ танымал болды. Бүгінде балық өсіруді 7 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Балық өсірудің жаңа саласы игерілуде, бұл экспортты да, ішкі нарықты да қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс дамуының негізгі мәселелері кешенді жоспарға енгізілген. Әрине, жаңа міндеттер тұрғаны рас. Мысалы, медицина саласында радиологиялық кешен, 2 емхана, жедел медициналық көмек көрсету ғимаратын салу қажет.

Динара БАҒЫТОВА, «Атамекен Бизнес» телеарнасы: 

– Осыдан 3 жыл бұрын Талқайраң ауылынан жаңа шағынауданның құрылысы басталды. Бірақ құрылыстың қарқыны баяу. Себебі неде?

– Ия, қазір көпқабатты 24 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ол мәселе маған жақсы таныс. Бірақ, жол, жарық, газ, ауыз су мен кәріздік желі сияқты инженерлік инфрақұрылымдар тартылмаған, кейбір нысандардың жобалау-сметалық құжаттары жоқ. Сол себепті, құрылысты тоқтатуға мәжбүр болдық. Өйткені, ол тек бірнеше тұрғын үй емес, жаңа шағынаудан. Ол жерге мектеп, балабақша, дүкендер мен аурухана салу керек. Жүйелі түрде салынып біткен соң ғана пайдалануға беріледі.

Назарбек ҚОСШИЕВ, «Atyraý» газеті: 

8170ec35 6893 44a2 9921 72c38d288fff

– Атырау облысындағы үлкен күрделі мәселелердің бірі – дәрігерлердің тапшылығы және медициналық қызметтің нашарлығы. Бұл пандемияның кезінде анық көрінді. Жуырда Атырауға Израиль елінің мықты мамандарын жергілікті мамандармен тәжірибе алмасуға шақырттыңыз. Сол жолы журналистерге берген сұхбатыңызда «денсаулық сақтау саласына қатысты жол картасын жасаймын» дедіңіз. Ол қай уақытта жүзеге асады?

– Әрине, денсаулық сақтау саласы – өте маңызды сала. Бізде дәрігер тапшы, оны шешуге жұмыстанып жатырмыз. Қазір облысқа 70-тен астам маман келді. Медицина мамандарымен қамтамасыз ету үшін Атырау медицина колледжінің жанынан М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің филиалын аштық. Енді студенттер резидентурадан Атыраудағы емдек-сауықтыру мекемелерінен өтеді. Демек олар – ертеңгі дайын маман.

Қазір облыс бойынша 201 медицина маманы керек. Жас мамандарды ауылға жіберіп, оларға баспана, әлеуметтік жеңілдіктер беріліп отыр.

Дүние жүзі бойынша білікті дәрігерлерді шақыртып, жергілікті мамандарға тәжірибесін үйретті, конференция, шеберлік сағаттарын өткізді. Болашақта да осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырамыз. Қазір жол картасы әзірленіп жатыр. Онда атыраулық дәрігерлерді дамыған медицина орталықтарына жіберіп оқыту, сол орталықтардың мамандарын Атырауға шақырып үйрету және телемедицина арқылы кеңесу қарастырылған.

Әрине, Атырауда да жақсы дәрігерлер бар. Медициналық қондырғылар мен құрал-жабдықтар жеткілікті. Тек мамандардың біліктіліктерін тұрақты арттырып отыру керек.

Журналистермен кездесу барысында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовке «31 канал» телеарнасы, «Ақ Жайық» газетінің тілшілері Жанат Молдашева, Зүлфия Исқалиева «істі» болған облыс әкімінің орынбасарлары мен жекелеген басқарма басшыларына қатысты сұрақтар қойды. Махамбет Жолдасқалиұлы бұл мәселелердің барлығы да заң жолымен жасалғанын, тиісті талаптар негізінде жүзеге асып жатқанын айтып түсіндірді.

Дайындағандар: Назарбек ҚОСШИЕВ, Мәлике ҚУАНЫШЕВА,

Рита ӨТЕУҒАЛИ, Жан-Ерке ХАЛИУЛЛИНА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button