НЕГЕ ҰМТЫЛ, НЕДЕН САҚТАН?
Жұмыссыздық
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиеваның айтуынша, аймақта дабыл қағарлық жағдай қалыптаспаған. Әлемдік нарықта «қара алтын» құнының әбден әлсіреуі бұл салада жоспарланған жұмыстардың кейінге шегерілуіне соқтырғаны рас. Соның салдарынан мұнай-газ компанияларына сервистік қызмет көрсететін мердігер ұйымдарда біраз қысқарту болды. Әзірге оған алты жүздің үстінде адам ұшыраған екен. Жергілікті атқарушы билік солардың бәрін қызметпен қамту бағытында шұғыл шаралар алуда. Кейбірі қазірдің өзінде жұмысқа орналасты, арнайы курстарға жіберілді.
Жалпы, жұмыссыздықты жоюдың бір жолы – әркімнің өз кәсібін табуы. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру мақсатында 328 адамды бизнес негіздеріне оқыту жоспарланған. Оған барлығы 8 млрд. 607 млн. теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, 163 тұлғаға 487,7 млн. теңге шағын несие беру межеленген. Қазір бұл бағыттағы шаралар жүйелі жүзеге асуда. Алда да жалғастыру мүмкіндігі бар.
Елбасы айтқанындай, жұмысшы мамандығының мәртебесін көтерудің маңызы зор. Осы орайда азаматтарды қайта оқытуға үлкен көңіл бөлінуде. Мәселен, жыл басынан бері 1234 адам кәсіби оқуға жіберілді. Сайып келгенде, жоғары кәсіби шеберлігі бар дәнекерлеуші, құбыр құрастырушы, электр монтері, бақылау және өлшеу құралдарының мамандары қажет-ақ. Ендеше, жастардың осы мамандықтарды меңгергені абзал. Тіпті, сайып келгенде, оның қыр-сырын әбден біліп алған соң жеке ісін ашуға да болмас па? Міне, осы орайда кәсіби қайта дайындауға, әлеуметтік жұмысқа және жастар тәжірибесіне барлығы 289,9 млрд. теңге бөлінді.
Жалпы, биылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша, жұмыспен қамту орындарына 14865 адам хабарласып, солардың 68,6 пайызы қызметпен қамтылған. Тіпті де жаман көрсеткіш емес. Жыл басынан бері кәсіби оқуға 1234 адам жіберілді. Сайып келгенде, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қайта жаңғырту жұмыстарына, Теңіз кенішін одан әрі игеруге байланысты іргелі жобаларға кәсіби білігі жоғары, тәжірибесі толымды мамандар қажет-ақ. Мұнай-газ саласы құрылысшы, жобалаушы, механик, энергетик мамандықтары бойынша білікті инженерлерді күтеді.
Алаяқтық
Бүгінде қылмыстың осы түрі өрістеп отыр. Екінің бірі дерлік қолындағы ақшасын әлдекімге беріп, сан соғып жүр. Журналистермен жүздесуге келген облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеу-тексеру заңдылығын қадағалау басқармасының басшысы Ербол Қайранбаев пен Атырау қаласы прокурорының орынбасары Досбол Бағытжанов аймақтағы ахуалды баяндады.
Расында да, алаяқтық қайдан туындайды? Бұл күрделі сауалдың нақты жауабы да жеңіл еместігін еске алғанмен, адамдардың бөгде жандарға аса сенгіштігі таң қалдырады. Құқық қорғау орындары өкілдерінің айтуынша, арзан пәтер мен жер телімін, өзге де нәрселерді шапшаң алып беруге уәде бергендердің әрекетін әрбір сауатты жан салиқалы бағалауы қажет. Мәселен, 10 млн. теңге тұратын затты бір-екі миллионға саудалау мүмкін бе? Ал, алаяқтыққа құмарлар қарапайым адамдарға сондай баға ұсынады. Ақылға сыймайтын нәрсе болғанымен, соған сеніп қалушылар көп. Жалпы, өткен жылдың қорытындысымен облыста алаяқтыққа қатысты қылмыс 23,5 пайызға өсіпті.
Қазір қоғамда жұмыссыздық бар. Оның үстіне, кейбір адамдар жалақысы жоғары қызметті іздейді. Осындай алдауға тап болғандар саны қазір жүзге жуық. Тағы да жұмысқа орналастыруға қатысты алаяқтық кейбір кәсіпкерлердің жалған құжат толтыруына байланысты болып отыр. Бұлар жұмысқа орналастыруға уәде береді, алдын ала ақша төленгені жөнінде түбіртек те ұсынады. Бірақ, соңында зардап шегуші әрі ақшасыз, әрі қызметсіз қалады. Ал, әлгі делдал мекеме таптырмай кетеді.
Бүгінде жиі кездесетін тағы бір алаяқтық – телефон арқылы хабарласып, туысқанының қиын жағдайға тап болғандығын айтуға байланысты. Әркімнің де жанына жақын отбасы мен ұл-қызы бар. Түн ортасында қоңырау шалып, балаңыздың полиция қолына түскендігін хабарлап, іс насырға шаппауы үшін ақша беру керектігін айтса, қайтер едіңіз? Әрине, сұраған сомасын айтқан жерге жеткізуге ұмтылатын шығарсыз? Ал, турасында, балаңызға немесе оның достарына қоңырау шалып, хабардың рас-жалғандығын анықтауға болады емес пе? Міне, сонда алаяқтардың құрығына да ілінбес едіңіз. Қысқасы, құқық қорғау орындары барша азаматтарды сақтыққа шақырады. Әйтсе де, бұл – алдағы уақытта кеңірек талқылайтын тақырып.
М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.