НАУҚАНҒА – ТИЯНАҚТЫ ДАЙЫНДЫҚ
Семинар жұмысына облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, облыстық мекемелер мен ұйымдардың басшылары, аудандық әкімдіктердің жауапты қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Н.Ыбырашев семинарға қатысушыларды науқанды ұйымдастыру қызметі және өткізуге байланысты негізгі мәселелермен таныстырды.
– Атырау облысы бойынша қазір 9 аумақтық сайлау комиссиялары құрылды және 232 сайлау учаскелері белгіленді, — деді Асау Ниязұлы. — Облыс бойынша сайлау учаскелерінің 136-ы мектептерде, 13-і мекемелерде, 14-і ауруханаларда, 3-і әскери бөлімшелерде, 9-ы колледждерде, 47-і мәдениет үйлерінде, 10-ы балабақшалар мен оқу орындарында орналасқан…
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Т.Аман-Турлина учаскелік сайлау комиссияларының Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі қызметінің негізгі бағыттары, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері, учаскелердегі дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беру пунктін жарақтандыру жөнінде және сайлаушылардың жеке басын куәландыратын құжаттар жайлы слайдтар арқылы баяндады.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы мүшесі Ә.Қыстаубаева сайлаушылар тізімін жасақтау, сайлау бюллетеньдерін алу және дауыс беру тәртібі, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері бойынша дауыс беру, бюллетеньдер бүлінген жағдайда не істеу керектігі, дауыс беруге арналған орыннан тыс жерде дауыс беруді ұйымдастыру және басқа мәселелер туралы айтты. Сондай-ақ, ол Каспий теңізіндегі жасанды аралдағылар, «Болашақ» зауытындағы (Қарабатандағы) және басқа жерлердегі сайлау учаскелерінің дайындығы мәселелерін де тиянақты түсіндірді.
Қазір Атырауда Call-Орталық құрылуда. Онда сайлау өту барысы туралы байқаушыларға шұғыл мәліметтер алуға мүмкіндік жасалатыны да айтылды.
Ермек БИҒАЛИЕВ