«НҰРЛЫ ЖОЛ» – МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ БАСТАУЫ
Жиында арнаулы және жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студенттері, кітапхана, басқа да мекеме, ұйым қызметкерлері өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Алғашқы болып сөз алған философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан «Мәңгілік Ел» идеясының ұлтжандылық тәрбиедегі мән-маңызына тоқталды.
— Президент ұсынған Ұлт жоспарының 85-қадамында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі жобасын әзірлеу міндеті қойылды. Биыл күзде Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толады. Мұны той тойлап, сайран салатын емес, мемлекетіміздің іргесі қаланған тарихи сәтті ұрпаққа ұғындырар шара деп қабылдаған жөн. Түркі халықтарының тарихын зерттеген орыс ғалымы Лев Гумилев «Мәңгілік Ел» идеясын о баста-ақ ежелгі түркілердің ұстанғанын дәлелдеді. Мәңгілік Ел болудың басты шарттарының бірі – көршілес және алыс аймақтағы мемлекеттермен тығыз байланыс орнату, айналамен терезе теңестіру, — деді ол.
— Алдыңғы қатарлы елдердің іс-тәжірибесін алып, мемлекетімізді өркендетуіміз керек, — дейді Атырау мұнай және газ институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Кәрім Өтелбаев. -Атырауда бірқатар ірі мұнай компаниялары түрлі ел өкілдерін бір еңбек ұжымына жұмылдыруда. Демек, қара жұмыс қазанында көзге көрінбейтін «жаһандану» үрдісі қызу қайнап жатыр. Мұның оң әсері – экономикалық, мемлекетаралық, кеденаралық одақтар құрылып, өзара тәжірибе алмасу алаңдары ашылуда.
Атырау мұнай және газ институтының доценті Болат Нығметов мамыражай тірлікті ту етіп, ешкімге соқтығыспай жай жатқан Қазақ елі әуелден сауда-саттық арқылы ел ырысын еселеуді мұрат тұтқанын айтады. «Осы ретте, бұрынғы Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту бағытында, халықаралық маңызы бар жолдарды көбейтіп, жол қатынасын жақсартуға «Нұрлы жол» деп аталған Жолдауда көп көңіл бөлінді» дейді ол.
Әлеуметтік пәндер кафедрасының аға оқытушысы Айдын Лұқпанов Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы жаңа көзқарасты қажет ететінін алға тартты. — Еңбек адамзатты өсуге, өркендеуге, темірдей тәртіпке, тұрақтылық пен тыныштыққа шақырады. Бұл орайда, қарапайым жұмыс иесі де өз еңбегінің лайықты бағасын білуі қажет. Шын мәнінде, жұмысшылар ақ адал еңбегінің ақысын алып жүр ме, осыны ескерген жөн, — деді ол.
«Жаңа Жолдау – жаңа бастама» тақырыбында баяндама жасаған ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағимов алдымен «Мәңгілік Ел» болу не үшін керек, соған тоқталды. Жолдауда 2017 жылы үш ауысыммен оқуды түгелдей жойып, екі ауысымға көшу және орта білім беру жүйесінің зияткерлік деңгейін көтеру міндеттері қойылды. Биылғы 1 шілдеден бастап жұмысшылардың жалақысын отыз пайызға, ал 2020 жылға қарай студенттердің шәкіртақысын көбейту жоспарлануда. Ұлт жоспарының 100 нақты қадамында көрсетілгендей, елімізде жаңадан үздік он университет құрылмақ. Тіпті, қазақстандықтардың өмір сүру жасын 80 жасқа дейін ұлғайту мәселесі де қарастырылды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайы да назардан тыс қалмай келеді, — деді Шахман Нағимұлы.
Жолдаудың геосаяси маңыздылығын атап өткен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, шараны жүргізуші Абат Кенжеғали бізде тіршілік көзі болып табылатын су қорының өте аздығын, сондықтан бұлақ бастауында тұрған елдермен есептесуге тура келетінін айтады. — Құдайға тәуба, әлемді дүр сілкіндірген экономикалық дағдарыстар мен түрлі қоғамдық қақтығыстар бейбіт елімізді айналып өтуде. Бұл – ебін тауып ел болуды ойлаған Елбасымыз жүргізіп отырған сарабдал саясаттың нәтижесі. Жолдауда коммуникация, инфрақұрылым, жол қатынастары мәселелерін шешу жолында алдағы үш жылда 14 млрд. теңге қаражат бөлу қарастырылды. Сөйтіп, көп ұзамай жол үстінде кететін уақыт мөлшері үш есеге азаймақ. Сондай-ақ, арзан электр жүйесі іске қосылса, артық шығындар азая түсетіні анық, — деп түйіндеді әңгімесін ол. Конференция жұмысын қорытындылаған оны ұйымдастырушы
«Аяз би» ауыл мәдениетін қолдау қорының жетекшісі Жеңіс Аронов әріптестерінің белсенділігіне ризашылығын білдірді.
Амандық АБДОЛ.