Талғайраң мектебінің ғимаратында орналасқан №77 сайлау учаскесіне ертемен келіп өз таңдауын жасаған алғашқы сайлаушының бірі — Талғайраң ауылының тұрғыны Сапарбай Досжанов.
- Бұл сайлау бұрынғыдан өзгеше өтуде. Сол үшін учаскеге ерте келіп, дауыс бердім. Себебі халық таңдаған әкімін өзі сайлай алады. Демек, әкімге артылар салмақтың да жүгі ауыр болады деген сөз. Мұны науқандық бастама ретінде ғана қарауға болмайды, үлкен жауапкершілік, мыңдаған халықтың сеніміне селкеу түспеуі керек. Әр партия өздері ұсынған үміткердің партияның ғана емес, елдің аманатын арқалайтындығын жіті назарда ұстауын ескеруі керек. Сайланған әкім қабілет-қарымының жеткенінше жұмыс жасап, елмен бірге қызмет қылғаны дұрыс. Оның үстіне ауылдың тынысы ашылып, өз бюджетіне өздері иелік ете алатын кезде мұның бәрін естен шығармаулары керек. Өзін-өзі ұсынған үміткер де үлкен қадамға аяқ басқандығын, ел басқару аса ықтияттылықты талап ететінін сезіне білу маңызды. Бәріміз де өз таңдауымызды жасап, елдің көсегесін көгертемін деген үміткерге дауыс беріп барамыз,- деді ол.
Сайлау учаскесінде 2 байқаушы, 1 сенімді өкіл қатысып, сайлау үдерісін назарға алып отыр.
Алмас ҚАБДОЛОВ