Мемлекеттік қызметші болу мүмкіндігі туды
Атырау облысы бойынша Өңірлік кадрлық резервіне өтініш қабылдау басталды. Осыған орай облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Марат Әбуов әкімдікте жұмыс істейтін жас мамандарға жас басқарушылардың өңірлік пулын құрудың маңызы туралы түсіндірме жұмысын жүргізді.
Қазіргі уақытта облыстық әкімдікте үш жылдан көп еңбек өтілі бар, 35 жасқа толмаған 100-ден астам жас қызметкер еңбек етуде. Жиында М.Әбуов кадрлық резервте болудың маңызын айтып, қатысу шарттарына тоқталды.
– Кадрлық резерв еліміздегі әр өңірді дамыту үшін талантты жастарды тарту, дайындау мақсатында құрылды. Мәселен, мемлекеттік басқару академиясында екі жыл оқып келген соң, түлектер бірден «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына жұмысқа орналасады. Резервке іріктеу бес бағыттан тұрады. Әркімнің оған қатысуға күші мен потенциалы жетеді. Сондықтан жастар бағын сынап көрген жөн, – деді Марат Әбуов.
Іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру бағытында өтеді. Оған 35 жасқа толмаған, үшжылдық еңбек өтілі бар маман қатысады.
Сонымен қатар, салалық бағыттары мен резервшілердің нақты санын өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, Өңірлік кадр комиссиялары айқындайды.