10421e7aaee440d2ad232a942ad256e0

Мәжіліс депутаттары Атырауды аралап жүр

Жаңалықтар Саясат

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты жұмыс сапарымен кеше Атырауға келді.

10421e7aaee440d2ad232a942ad256e0

    «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытгүл Хаменова, Жанат Жарасов және Ерсұлтан Бектұрғанов  партия филиалы аппараты қызметкерлерімен, партия ардагерлерімен, қалалық, облыстық мәслихаттардың депутаттарымен, жастар ұйымдарының жетекшілерімен кездесті.

   «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев кездесуді ашып, Мәжілісмендерді таныстырған соң сөз алған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерсұлтан Бектұрғановтың айтуынша,  алтыншы шақырылған Мәжілістің Парламент қабырғасында осы уақытқа дейін 83 заң жобасы талқыланып, 50 заң Сенат қарауына жолданған, Елбасы қол қойған 40 жаңа заң өмірге жолдама алды.

  • Қазір Елбасының тапсырмасына сәйкес халықтың әлеуметтік жағдайына ерекше назар аударылуда. Осы мақсатқа бюджеттен 15 трлн.700 млрд. теңге бөлініп отыр. Халықты баспанамен қамту,  білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту салаларын, инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешуде ауқымды жұмыстар атқарылмақшы. Еліміздің экономикасында өнеркәсіп локомотивіне айналған Атырау аймағына табан тіреп, аудандарын аралап, әлеуметтік-экономикалық  ахуалымен танысуды, жұртшылықпен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін білуді мақсат еткенбіз, – деді Мәжілісмен Ерсұлтан Өтеғұлұлы.

   Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, депутат Жанат Жарасов елдегі тұрақтылықты сақтау, қорғаныс қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызына тоқтала келіп, елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, оны болдырмау мен алдын алу жөніндегі ойларымен бөлісті.

   Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменованың айтуынша, жұмыс сапары барысында «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы қарсаңында Елбасының тапсырмасынан туындайтын міндеттердің жергілікті жерде орындалуы, «Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заң жобасының талқылануы, биылғы Жастар жылында өңірде қолға алынбақшы жобалармен танысуы да көзделіп отырған көрінеді.

    Мәжілісмен Б.Хаменова бұдан соң қаладағы №10,№24,№27 және №34 орта мектептердің мұғалімдерімен  дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның акт залында кездесіп, денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында периналтальдық орталықтың жұмысымен танысты.

   Депутаттар Ж.Жарасов пен Е.Бектұрғанов «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Атырау филиалында тәрбиеленушілерімен кездесу өткізді. Ал, ертең шекара қызметінің №1 және №3 жағалау шекара отрядының жеке құрамдарымен кездесіп, әскерилердің тыныс-тіршілігімен танысатын болады.

                                                        Бақытжан ХАМИТҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған