
Мемлекеттік қызмет: тәртіп пен жауапкершілік
Атырау қаласы әкімдігі мемлекеттік қызмет жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша, қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік қызметшілердің штат саны 232-ні құрап отыр.
Бүгінде нақты жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер саны – 211 адам. Оның ішінде 80-і – ер азаматтар, ал 138-і – әйелдер. Сонымен қатар 29 жасқа дейінгі жас мемлекеттік қызметшілердің саны — 39.
Мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру үшін білікті кадрларды даярлау маңызды рөл атқарады. Бүгінде қала әкімдігіндегі жеті қызметкер магистратураны аяқтаған. Олардың екеуі – дербес бөлім басшылары болса, қалған бесеуі – бас маман ретінде қызмет етуде. Сондай-ақ Мемлекеттік басқару академиясында қала әкімдігінен бір қызметкер магистратурада білімін жетілдіріп шықты, ал қазір тағы екі қызметші оқуда.
Кадр тұрақтылығы – жүйелі жұмыстың көрсеткіші
Мемлекеттік қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Қала әкімдігі бойынша мемлекеттік қызметшілердің 79 пайызының еңбек өтілі үш жылдан жоғары. Бұл көрсеткіш мемлекеттік қызметке деген тұрақты қызығушылық пен сенімнің барын көрсетеді. 2023 жылы әкімдікте кадр ауысымдылығы бойынша 10 қызметкер қызметтен кетсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 3 адамға дейін төмендеген. Яғни, таза ауысымдылық деңгейі 1,5 есеге азайды.
2024 жылы қала әкімдігіне 70 адам мемлекеттік қызметке тағайындалды, олардың 26-сы алғаш рет мемлекеттік қызметке кіргендер. Бұл – жас мамандардың мемлекеттік қызметке деген ынтасының артып келе жатқанын білдіреді.
Шектеулер мен міндеттер: заң талаптарын қатаң сақтау қажет
Мемлекеттік қызмет – тек жоғары жауапкершілік қана емес, сонымен қатар белгілі бір шектеулерді сақтауды талап ететін сала. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 13-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметші:
— Өкілді органның депутаты бола алмайды;
— Кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды;
— Коммерциялық ұйымдарды басқаруға қатысуға құқығы жоқ;
— Тікелей бағынысты мемлекеттік органда үшінші тұлғалардың мүдделерін қорғауға құқығы жоқ;
— Қызметтік мүлік пен ақпаратты жеке мақсатта пайдалануға тыйым салынады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші заң бойынша өзіне тиесілі акциялар мен коммерциялық ұйымдардағы үлестерін сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Бұл талап қызметке кіріскен күннен бастап 30 күн ішінде орындалуы тиіс. Егер сенімгерлік басқару шарты бұзылса, ол қайтадан рәсімделуі керек.
Мемлекеттік қызметшінің әдебі – халыққа қызмет көрсетудің айнасы
Мемлекеттік қызметшінің бойында адалдық, қарапайымдылық, әділдік сияқты қасиеттер болуы тиіс. «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде» көрсетілгендей, мемлекеттік қызметкер қоғамда жалпыға ортақ моральдық-этикалық нормаларды сақтап, халықпен қарым-қатынаста әдептілік танытуы қажет.
Сонымен қатар. қызметтік міндетін орындау барысында шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратпау, заңсыз уәделер бермеу талап етіледі. Мемлекеттік қызметші тек заң талаптарын ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы этикалық қағидаларды да берік ұстануға тиіс.
Халық сенімін ақтау – басты міндет
Мемлекеттік қызмет – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімі мемлекеттік қызметшінің әдебі мен кәсібилігіне тікелей байланысты. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын қатаң сақтауы қажет.
Айбек ҚАДЫРӘЛИЕВ,
Атырау қаласы әкімдігі аппаратының басшысы
Сурет: gov.kz