– Маржан Аманқосқызы, соңғы жылдары сирек дауысты әнші, жерлесіміз Ерік Құрманғалиев туралы қалам тербеп келесіз. «Ерік Құрманғалиев» кітап-альбомыңыз жарық көрді. Ерік тақырыбына қалай келдіңіз?
– 2010 жылы болатын. Тапсырыспен материал жазғым келді, себебі ақша керек болды. Содан «Астана» журналының бас редакторы Мақсат Тәж-Мұратқа бардым. «Қандай тақырып болса да жазам, тек қаламақысы жақсы болса» дедім. Ол маған «Ерік Құрманғалиев туралы жазсаң жақсы болар еді» деп тапсырма берді. Мен музыка зерттеушісі емеспін, ақынмын ғой. Еріктің өмірі мен өнерін түсініп, оның жан дүниесіне кіру оңай болмады. Сондай қиналып, жаза алмаймын-ау деп жүргенімде, Ерік Құрманғалиевтың түсіме кіргені, «менің өмірім қиын болды ғой» деген дауысы мені ұйқымнан шошытып оятты. Ерік туралы қалам тербеуге осы себеп болды. Оның өнерін құрметтеу мен аруағын сыйлаудан туған құдіретті сезім және «тыныш ұйықтап, жаным тынышталса» деген өзіндік пендеуи тілегім де бұл кітаптың жазылуына себеп деп айтуға болады, біраз материалдар жинадым. Халқымыздың сүйікті әншісі Бибігүл Төлегенова апамыздың да айтқан кеңестері болды.
– Ерік Құрманғалиевтың аты мәшһүр болғанымен, оның өмірбаяны көпшілікке таныс емес. Осы туралы толығырақ айта кетсеңіз…
– Ерік Құрманғалиев – 1959 жылы 31 желтоқсанда Атырау облысының Жылыой ауданы, Құлсары қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келіп, ғажайып даусымен төрткүл дүниеге танылған қазақ әншісі, Қазақстанның Халық әртісі. Әкесі Сәлім Құрманғалиев – хирург, анасы – Меруерт Сауықова – бала дәрігері. Олар Алматы медициналық институтын тәмамдағаннан кейін жолдамамен Құлсары аудандық ауруханасына жұмысқа келген. Сәлім мен Меруерттің үш ұлы болды: Серік, Ерік, Берік. Құрманғалиевтар отбасы Құлсарыда көп уақыт тұрмаған. Ерік Құлсарыда туды, бірақ Атырау қаласындағы №17 (бұрынғы Киров атындағы) мектепте оқыған.
Жазғы каникул кездерінде Махамбет ауданының орталығында тұратын нағашы ата-әжесіне қонаққа барып тұрған. Еріктің нағашы атасы Зинеш Сауықов ел ішінде беделді адам болыпты. Махамбет ауданында колхоз, совхоз басқарған. Ерік кішкентайында қой бағып, қоңырау тағып, сиыр бағып, сидаң қағып, түйе бағып, түйме таққан малсақ бала болмаған. Әйтсе де, қаймағы бұзылмаған ауыл тірлігі оны қызықтырды. Қазақ тілінде жетік сөйлеуіне әсер етті.
Әлемге әйгілі әнші Құлсары топырағында өмірге келгендіктен, ол – құлсарылық. Ерік Құрманғалиевтың өзі де сұхбаттарында Құлсарыда туғанын, туған жерін мақтан тұтатынын айтқан.
Ерік Құрманғалиевтың ата-бабалары Ақтөбе облысының Мұғаджар ауданы аймағын қоныс еткен. Әлімнің Шекті деген тарауынан тарайды. «Талант сүйекке бітеді» дейді халық даналығы. Еріктің ата-бабалары сөзге шешен, би адамдар болған екен. Құрманғалиевтар әулетінің қан туыстығы жағынан тіл білімі саласындағы тұңғыш қазақ профессоры, түркітанушы-ғалым Құдайберген Жұбанов, қазақ жерінде тұңғыш рет оркестр құрып, дирижерлік еткен белгілі композитор, академик, музыка зерттеушісі Ахмет Жұбановтармен жақын туыстығы бар. Еріктің кәрі нағашы жұрты – әйгілі Жұбановтар әулеті.
– Әйгілі әншінің өнер жолы қалай басталған?
– Ерік Подольск хореография училищесінде бір жарым жыл оқиды. Бір күні Еріктің салған әнін естіген бір ұстазы қайран қалады. Ол ұстазы – әлемдік музыка саласында үлкен беделі бар әйгілі музыка маманы, еврей ұлтынан шыққан профессор әйел Н.Л.Дорлиактың шәкірті екен. Сол ұстазы: «Мұнда ғажайып дауысты қазақ баласы оқып жүр» деп Дорлиакка айтады. Құбылыс таланттарды көргенде жүрегі елжірейтін атақты Дорлиак Гнесиндер институтына Ерік Құрманғалиевты оқуға қабылдау жөнінде өтініш-хат жазады. Осылайша Ерікті қанатының астына алып, Дорлиактың арқасында Ерік Құрманғалиевтың таланты төрткүл әлемге жайылған еді!
Еріктің жеке тұлға болып қалыптасуына ұстазы көп еңбек сіңірді. Н.Дорлиак жетектеп апарған алғашқы конкурста Ерік 1987 жылы Хертогенбошеде (Нидерландия) өткен жас орындаушылардың халықаралық конкурсында топ жарып, лауреат атанады. 1988 жылы Бостонда өткен халықаралық музыка фестивалінде «Феномен» деп танылып, атағы әлемге жайылды. Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс ретінде Гиннесс кітабына енеді және оны аты аңызға айналған итальяндық әнші әйел Федора Барбьиеримен қатар қойып дәріптейді. –
Аты аңызға айналған әншінің өмірі ғана емес, қазасы, жерленуі туралы да алып-қашпа сөз көп. Осы туралы не айтасыз?
– Ерік Құрманғалиев өмірінің, өнерінің жұлдызды шақтарын елінен жырақта, Мәскеуде өткізді. Мәскеу оның талантына, болашағына жарқын жол сілтеген қасиетті мекен болды. Мәскеуде жүріп есімдері елге белгілі мықты мамандардан білім алды, тәрбие мектебін көрді. Арасында Қазақстанға концертпен келгенде де, қазақтың белгілі опера жұлдыздарымен етене жақын араласа қоймағаны айқын. Мүмкін, уақыты болмаған шығар. КСРО Халық әртісі, атақты әнші Роза Жаманова апамызбен өмірінің соңғы кездерінде кездесіп, Ерік жайлы естелік айтуын сұрағанымда, ол кісі сырқаттанып жүргенін тілге тиек етіп: – «Ерік Құрманғалиев – ғажап талант!» деді бір ауыз сөзбен жайлап қана. «Ерік туралы айтыңыздар, жазыңыздар, бұл өте дұрыс!» — дегеннен артық ештеңе айтпады. Еріктің өнерін өмірде өте жоғары құрметтеген атақты кутюрье Пьер Карден ол өлгенде де азаматтық танытты. Парижден Мәскеуге ұшып келіп, Ерікті жерлеу туралы мәселемен мэр Лужковқа шығады. Ресейдің атақты адамдары жатқан Мәскеудегі Ваганьков зиратында орын болмайды, жерлер алдын ала сатылып қойылған екен. Содан Пьер Карден мәскеулік эмигранттарға іздеу салып, Нечаева деген атақты актрисаның Швейцарияда тұратын миллиардер ұлын табады. Ол Карденге «маған Парижден молама орын берсең, айырбас жасаймын» деп келісім-шарт жасасып, келісіпті. Бұл жерде адам мүрдесін өртеп, күлін қояды екен. Ерік те солай қойылды. Ерікті жерлеуге екі қазақ қатысты. Алматыдан Еріктің апасы Раисаның қызы Марияш Жұрынбаева, Италияда тұратын тағы бір жақын қарындасы Гауһар Жұрынбаева келіп, басына топырақ салды. Марияш пен Гауһар Ерік Құрманғалиевтың Мәскеуде жеті, қырық күндік қаделерін ұйымдастырып, «Тар қолтықтан оқ тисе, сүйеп қалар қарындас» екенін танытты…
Біраз жыл бұрын «Московский комсомолец» газетінде Ресейдегі жоқтаушысыз қалған белгілі өнер тұлғаларының зираттары туралы мақала жарияланды. Қараусыз қалған сондай зираттың бірі – Ерік Құрманғалиевтың зираты деген пікір айтады. Бұл біздің жүрегімізді қозғайды. «Атақты әншіге деген құрметімізді әлі де білдіре алмай келеміз-ау» деген көптің көкейінде жүрген ойымен үндесетін шығар деймін. Сәлім мен Меруерт дүниеден өткен соң, үш ұлы да бірінен соң бірі бақилық болды. Үлкен ұлы Серік ауырып қаза тапты. Серіктен соң, Ерік бақилыққа аттанды. Араға көп уақыт салмай, әулеттегі үшінші ұлы Берік машина апатынан қайтыс болды. Бүгінде Беріктің Әлім, Ілияс атты ұлдары Атырауда тұрады.
– Ерікпен етене араласып, дос болған отандық өнер шеберлерінің пікірлері қандай екен?
– «Ерік Құрманғалиевты кімдер таниды, кімдер жақсы араласқан?» деген сұрау салуым да, мені кері қарай итергендей болды. Әншімен қазақ ішінде жақын араласып, дос-сырлас болған өнер адамдары да жоқ екен. Ол Мәскеуде, шет елде жүрді ғой көбіне. Мүмкін, аралас-құралас жүруге уақыты болмаған шығар. Әйтсе де, танымал өнер иелерінің Ерік Құрманғалиевке деген ықыластары оң көрінді. Ардақты әншілеріміз Бибігүл апай, Майра Мұхаммедқызы жақсы естеліктер айтты.
– Биыл атақты жерлесіміздің 60 жылдығы. Осыған байланысты қандай жұмыстарды қолға алып жатырсың?
– Облыс басшылығына Еріктің балалық шағы өткен Азаттық даңғылындағы үйге ескерткіш тақта қою жөнінде хат жаздым. «Комиссия отырысында хатыңыз қаралды, ескерткіш тақта орнату жөнінде шешім шықты» деген мәдениет басқармасынан хабар келді. Алматыда туыстарында Еріктің тұтынған заттары сақтаулы.Облыстық тарихи өлкетану музейінде Ерікке арналған бір бұрыштан осы жәдігерлер орын тапса деп ойлаймын. Атырауда Ерік Құрманғалиевтың мерейтойына орай бір шара өткізілсе жақсы болар еді. Бұл тілекті маған Бибігүл Төлегенова апамыз да айтқан еді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан:
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА
*Апасы Раиса Құрманғалиева айтады: «Өзі кейде бала сияқты еді. 90-жылдардың басында Алматыға, бір концертке келгенінде қонақ үйге тоқтамай үйге келді. «Ет жеп, сөйлесіп көңілді отырайықшы, сендерді сағындым» деді. Қасында бір достары да болған. Жақсы отырыс сияқты еді. Бір кезде дастархан басында Ерік бірнәрсеге ренжіді. Эмоциясы жылдам болатын. Орнынан ұшып тұрды да, жүре берді.Оны ешкім де тоқтата алмады. Күтіп отырмыз. Қазір келеді деп. Түн ортасы ауды. Қарасақ, Ерік үйден шыққанда қолына ештеңе алмаған. Қалтасында не құжаты, не ақшасы жоқ. «Ойпырмай, аман болса жарар еді» деп, мазаланып ұйқысыз таң атырдық. Таңертең тоқтаған қонақ үйіне іздеп барсақ, Ерік қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр.
– Қалай жеттің? Мұның не? — деп амандығын көргесін ұрсып жатырмыз.
– Бекерге әуре бопсыңдар, — деген сонда Ерік күліп. – Мен Ерік Құрманғалиевпын ғой! Кеше ашуланып сыртқа шықтым. Шықсам, Алматының түні әдемі болып тұр екен.Сондай тамаша ауа райы. Жақсы көріп кеттім. Жаяу жүре беріппін. Біраз жүріппін. Бір кезде жаныма такси тоқтады.
– Қайда барасыз? Ой, Сіз Ерік Құрманғалиев емессіз бе! — дейді таксист бауырым.
– Иә, мен – Ерік Құрманғалиевпін — дедім! Айып етпесеңіз, қонақ үйге жеткізіп саласыз ба? Бірақ, менің қалтамда бір тиын жоқ дедім!.. Таксист бауырым:
– Ол не дегеніңіз, сізден бір тиын да алмаймын, — деп мені қонақ үйге әкеліп тастады деген еді».
Маржан Ершудың «Ерік Құрманғалиев» кітабынан үзінді.