ТШО: ӘЛЕУМЕТТІК ИНВЕСТИЦИЯЛАР БАҒДАРЛАМАСЫ

img 20220213 195548 Жаңалықтар

«Теңізшевройл» ЖШС 1993 жылдан бастап, өз қызметкерлері мен Атырау облысы тұрғындарына арналған әлеуметтік жобалармен бағдарламаларды қаржыландыруға 2,2 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салды». ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс тақырыбына қатысты өткізілген жиында осындай деректер келтірді. 

«ТШО-ның жергілікті қоғамдастыққа инвестициясы екі басты бағдарлама «Игілік» және Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы арқылы жүзеге асады» деді ол. 2010 жылдан бастап корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы қолға алынғанын атап, «Соңғы 12 жылда бағдарлама шеңберіндегі түрлі жобаларға шамамен 11,1 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды, 2010 жылдан 2021 жылға дейін 94 жоба іске асырылды» деді компания өкілі. 

«Аталған бағдарлама аясында ТШО-мен серіктес болу үшін қандай қадамдар жасау қажет, жоба қалай іріктеледі?» деген сауалдарға түсінік беріп, мақсаттары айқын, табысты жүзеге асыру әлеуеті бар бастамаларға басымдық берілетінін атады. Сондай-ақ, халықаралық стандарттарға сай жасақталған 10 талапқа сәйкестікті арнайы жасақталған кеңестің құпия мүшелері анықтайтынын да жеткізді. «Ұсынылған бастама бір тармақ бойынша сәйкес келмесе-ақ, ол қарастырылмайды» деді жиын төрағасы. 

Биыл 12 жобаны қаржылық қолдау қарастырылуда. Олардың қамтыған тақырыптары да сан алуан. Іріктелген жобалар қатарында білім, денсаулық, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу, ҮЕҰ жұмысын жандандыру, қоршаған ортаны оңалту, волонтерлік қозғалыстарды қолдауды көздейтін әлеуметтік бастамалар бар. Сонымен қатар, спорт, балалар ойын алаңдары сынды маңызды нысандар да жоба аясында көзделген.

Жиын барысында Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері өз жұмыстарын баяндап, жоспарларын таныстырды. Қатысқан БАҚ өкілдері де сауалдар қойып, тақырыпқа қатысты пікіралмасты. 

Өз тілшіміз 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз